ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫЗЫЛША ӨСІРУШІЛЕРІ ӨҢДЕУГЕ 280 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ ӨНІМ ТАПСЫРДЫ

0

Биыл елімізде 11,7 мың гектар жерге қант қызылшасы егілді. Республикада қызылша өсіретін негізгі өңірлер — Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстары. Себебі осы өңірлерде қант қызылшасын өңдейтін негізгі өндірістік кәсіпорындар орналасқан. Отандық қызылша өсірушілер биыл өңдеуге 281 мың тонна шикізат тапсырды.

Бүгінгі күні мемлекет осы күрделі дақылды өсіруге жұмсалатын шығындарды ішінара субсидиялайды, сондай-ақ зауыттарға тапсырылған өнімді субсидиялайды. 2021 жылы өңірлердегі қызылша өсірушілер шамамен 3 млрд теңге алды.
2022 жылы субсидиялау нормативі 3 мың теңгеге ұлғайып, өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының тоннасы үшін 15 мың теңгені құрады. Зауыттар шикізатты тоннасына 15 мың теңгеден сатып алады. Түптеп келгенде, шаруалардың өніміне 30 мың теңге төленеді.
2023 жылдан бастап субсидиялау нормативі 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады, соның арқасында қызылша өсірушілер өз өнімінің әр тоннасын 40 мың теңгеге сататын болады. Осылайша, қант қызылшасының рентабельділігі басқа дақылдардың деңгейіне жеткізіледі.
Бұдан бөлек, қант саласын дамытуды ынталандыру шеңберінде инвестициялық субсидиялау тізбесіне жаңа қант зауыттарының құрылысы енгізілмек, капитал салымдарының 25% мемлекет өтейтін болады.
Қызылша жинайтын комбайндар мен суару техникаларын сатып алуға өтемақы нормативін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Субсидиялаудың жаңа ережелері 2023 жылда бастап күшіне енеді деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында егістік алқаптарын 38 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА ЖАҢА ТӘСІЛДЕР ЕНГІЗІЛЕДІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елдің тұрақтандыру қорларының жұмысына жаңа тәсілдер енгізілетін болады. Атап айтқанда, фермерлерді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерді көктемгі егіс жұмыстарына форвардтық қаржыландыру, қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын бөлу, сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану көзделіп отыр. Бұл тәсілдер кезең-кезеңімен енгізілетін болады.

Бірінші кезең — фермерлерді көктемгі егіс жұмыстарына форвардтық қаржыландыру, содан кейін көкөністерді тұрақтандыру қорларына жеткізу. Қаржыландыру алдын ала бір жыл бұрын жүзеге асырылады. 2023 жылы қаражат ерте егін жинау үшін 10 қаңтарға дейін және 2023 жылдың күзгі егіні үшін 1 ақпанға дейін бөлінеді. Келесі жылдары ерте егін жинау үшін 1 тамызға дейін және сол жылдың күзгі егінінің 1 қыркүйегіне дейін бөлу көзделіп отыр. Бүгінде бұл механизм бекітілді.
Екінші кезең — шикізатты (қарақұмық, күріш, күнбағыс) сатып алу үшін өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын форвардтық қаржыландыру. Бұл құралды 2023 жылдың наурыз айынан бастап енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биылғы жылдың қазан айынан бастап осыған ұқсас схема бойынша қант зауыттарының айналым қаражатын қаржыландыру жүзеге асырылып келеді.
Үшінші кезең — субсидиялау бағдарламалары, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК АҚ арқылы арзандатылған астықты өткізу және басқалары сияқты мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктері пайдаланылатын болады. Атап айтқанда, бұл макарон, нан, сүт және сүт өнімдерін өндірушілерге қатысты, бұл механизмді 2023 жылдың маусымында енгізу жоспарланған.
Тұрақтандыру қорларының жұмысындағы жаңа тәсілдер ауыл шаруашылығының дамуына және жалпы азық-түлік қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, агробизнес Қазақстан экономикасын дамытудың тағы бір локомотивіне айналуы тиіс.

ТАБЫСТЫ ТӘЖІРИБЕ: АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ТАБЫСЫН
АРТТЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ЖОБА БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАН
БОЙЫНША ЕНГІЗІЛЕДІ

2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде қазақстандықтардың тиімді шарттармен шағын несие алу мүмкіндігі болады.

Ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындары бизнес ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге шағын несиелер ала алады.
Сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 2,5%, мерзімі 7 жылдан аспайтын, кепілмен қамтамасыз етілген. Несиенің ең жоғары сомасы — 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 млн теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 млн теңге. Несие қаражатын беру операторларын облыстардың жергілікті жерлердегі әкімдіктері мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы айқындайды.
Ұйымдастырушылық жұмысын ескере отырып, алғашқы микронесиелер 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында беріле бастайды деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында басталды. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл бағдарламаны бүкіл Қазақстан бойынша масштабтауды тапсырды.
2023 жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 11 мыңнан астам шағын қарыз беру жоспарымен 52,4 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.

АСА ҚАУІПТІ АУРУЛАРЫ БОЙЫНША СИМУЛЯЦИЯЛЫҚ ОҚУ ЖАТТЫҒУЛАРЫ ӨТТІ

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (бұдан әрі – ДЖДҰ) арасындағы қол қойылған келісімді іске асыру шеңберінде, сондай — ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы 2022-2023 жылдарға арналған жануарларға және құстарға тән аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және олардың таралуына жол бермеу жөніндегі жоспарды бекітті.

Осыған байланысты, ағымдағы жылғы желтоқсанның 8-9 аралығында жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша, атап айтқанда қой мен ешкінің «күйіс қайыратын ұсақ малдардың обасы» вирустық ауруын жою бойынша симуляциялық жаттығулар өтуде.
Анықтама ретінде: күйіс қайыратын ұсақ малдардың обасы — қой мен ешкінің жоғары жұқпалы вирустық ауруы, негізінен өткір немесе субакуталық, қызбамен, ауыз және мұрын қуыстарының шырышты қабығының ойық жаралы зақымдануымен, конъюнктивитпен, геморрагиялық гастроэнтеритпен, лимфоидты жүйенің зақымдануымен және пневмонияның дамуымен сипатталады.
Аңыз бойынша, Жамбыл облысы Меркі ауданының аумағында ұсақ мал өлімі орын алды, құлаған ұсақ малдан патологиялық материалды зерттеу кезінде күйіс қайыратын ұсақ малдардың обасы вирусы анықталды.
Оқу-жаттығуларға ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, ғылыми-зерттеу институттарының, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарының, аумақтық инспекцияларының өкілдері, сондай-ақ Төтенше жағдайлар жөніндегі органдар, ішкі істер органдары, Жамбыл облысы Меркі ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, Денсаулық сақтау мекемелері жұмылдырылды.
Оқу-жаттығуға ветеринариялық қызметтің 65 қызметкері, 5 бірліктен астам автокөлік құралдары жұмылдырылды. Оқу-жаттығу барысында келесі сұрақтар пысықталды:
Төтенше жағдай (аса қауіпті ауру) туындаған кезде қызметтердің ведомствоаралық өзара іс-қимылы.
Күйіс қайыратын ұсақ малдардың обасы ауруының пайда болуы, диагностикасы, ақпараттандыру, оқшаулау, жою, алдын алу кезіндегі ұйымдастырушылық мәселелер.
Төтенше жағдай (аса қауіпті ауру) туындаған кезде Жамбыл облысының облыстық және аудандық ветеринариялық қызмет бөлімшелерінің дайындығын тексеру.
Күйіс қайыратын ұсақ малдардың обасы ошағын жою жұмыстарын өрістету және ұйымдастыру, қолайсыз пункттің шекарасын белгілеу және онда сауықтыру іс-шараларын жүргізу, сондай-ақ қауіп төнген аймақта профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде далалық жұмыс дағдылары игерілді.
Дезинфекция жұмыстарын жүргізу кезінде заманауи жеке қорғаныс құралдарын енгізу үшін заманауи аппараттармен және қондырғылармен жұмыс істеу дағдылары игерілді.
Осы іс-шараның қорытындысы бойынша күйіс қайыратын ұсақ малдардың обасы ошағы пайда болған жағдайға ден қою, ДЖДҰ ұсынымдарына сәйкес келу мақсатында ауруды бақылауға жауапты ұлттық ветеринариялық қызметтердің тиімділігін арттыру арқылы күйіс қайыратын ұсақ малдардың обасы ауруын бақылауды күшейту бойынша ветеринариялық қызметтің дайындығы расталды.

ФЕРМЕРЛЕР GOSAGRO.KZ САЙТЫНДА СУБСИДИЯЛАРДЫ ОНЛАЙН АЛА АЛАДЫ

«АӨК субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін» техникалық пысықтау аяқталуға жақын. Цифрлық платформа құру жөніндегі бастама ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиесілі. СБМАЖ толығымен автоматтандырылған және АӨК субсидиялау бойынша барлық мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта тегін көрсетуге мүмкіндік береді. Авто есептеулердің модулі өтінімді қабылдау кезеңінде де қолданыстағы нормаларға сәйкес, адамның қатысуысыз тиісті төлемді есептеуге мүмкіндік береді. Өтінімдерді берудің, субсидияларды өңдеудің және алудың бірыңғай нүктесі gosagro.kz сайтында болады.

Фермерлерге ыңғайлы болу үшін субсидия алудың орындылығын растау туралы қосымша анықтамалар беру қажеттілігі алынып тасталды, өйткені жүйе басқа мемлекеттік органдармен интеграцияланатын болады. Мысалы, СБМАЖ ауыл шаруашылығы министрлігінің жер учаскелері, ауыл шаруашылығы жануарлары, техника жөніндегі дерекқорларынан Қаржы министрлігінің электрондық шот-фактуралар, кооператив мүшелері туралы мәліметтерге, сондай-ақ Әділет министрлігі, Цифрлық даму министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің дерекқорларына қол жеткізе алады. Бұған қоса құрылыста мемлекеттік сараптама жүргізу туралы деректерді алу үшін «E-ЖСҚ» ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмыстары басталды.
Субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі бюджеттің болуына қарамастан өтінімге реттік нөмір бере отырып, «күту парағы» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Бюджет фермер тарапынан қосымша іс-қимылсыз «күту парағында» өтінімдердің кезектілігі бойынша ғана бөлінеді. Бұл тәсіл қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді және субсидияларды төлеу кезінде адами факторды болдырмайды. «Күту парағына» келіп түскен өтінім мақұлданған болып есептеледі және тек тиісті қаржыландыруды күтеді.
Аяқталатын техникалық жұмыстарды ескере отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтің СБМАЖ ақпараттық жүйесі айқындайтын барлық субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.
Нормативтік-құқықтық актінің жобасы тіркеу сатысында тұр. Осылайша, НҚА тіркелген сәттен бастап субсидиялау қызметтері «АӨК субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде» көрсетілетін болады.
Осының барлығы мемлекеттік қолдау жүйесін фермерлер үшін одан да қолжетімді және ыңғайлы етеді, сондай-ақ субсидиялар алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толығымен жояды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.