ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІККЕ ЕРЕКШЕ ЕКПІН БЕРІЛДІ

0

Өткен аптада Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының Қордай аудандық комитеті филиалының VІ пленумы өтті.

Қордайдағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте өткен келелі жиынға кәсіподақтың облыстық ұйымы төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық кәсіподақ төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Анар Қожабергенова және білім саласы қызметкерлері қатысты.
Кәсіподақтың Қордай аудандық Комитетінің құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізу, сала өкілдерінің ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңы, әлеуметтік әріптестік актілерімен көзделген жеңілдіктер және кепілдіктермен қамтылу жағдайы, аудандық білім қызметкерлерінің барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарында есеп беру-сайлауын өткізу, аудандық кәсіподақ комитетінің 2023 жылға арналған қаржылық кіріс-шығын сметасы туралы сұрақтар қаралды. Бірінші сұрақ бойынша жалпы жиынға қатысушылардың толықтай мақұлдауымен өзгерістер енгізілген соң, екінші сұрақ бойынша аудандық білім білім бөлімі басшысының орынбасары Анар Қожабергенова баяндама жасады. Содан кейін сөз кезегі аудандық филиал төрайымына берілді.
«Кәсіподақ пен жұмыс берушілердің әлеуметтік әріптестік аясындағы нәтижелі әрі өзара ұтымды қарым-қатынасы, сондай-ақ, сала өкілдерінің еңбек және заңды құқықтарының жан-жақты қорғалуын қамтамасыз етуші құқықтық қызметтің қалыптасуы негізінде біз бүгінде саладағы кәсіподақ қызметінің тиімді дамуы мен ілгерілеуін нақты көріп отырмыз. Қазіргі таңда аудандық кәсіподақ мүшелігінде 5834 сала өкілі есепке алынған, — деп сөзін бастады баяндамашы.
«Ерекше басымдыққа ие бағыттың бірі ретінде – Әлеуметтік әріптестікке ерекше екпін берілді. Жалпы 2022 жылы аудандық Әлеуметтік әріптестік комиссиясының 3 отырысы өткізіліп, онда 6 сұрақ талқыланған болса, жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі Келісу комиссиясының 1 отырысы өтіп, онда 1 сұрақ қаралып, шешімін тапты, — деді Қарлығаш Қанатбекқызы. Сондай-ақ, баяндамада 2022 жылы 2021-2023 жылдарға жасалған Әлеуметтік әріптестік жөніндегі екіжақты Келісімге сала өкілдерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерін арттыра түсуге бағытталған кезекті өзгерістер мен толықтырулар қабылданғаны, аталған құжатты басшылыққа алып аудандық деңгейде Ұжымдық шарттарға қосымша келісім шарттар жасалғаны туралы айтылды. Сонымен қатар, негізгі жарғылық міндет – сала өкілдерін құқықтық қорғау жұмыстарында біраз жұмыстар атқарылған. Осыған да төрайым тоқталып өтті.
«Құқықтық қызмет тарапынан 2022 жылдың қаңтар-қараша айы, яғни 11 ай ішінде ауданымыздың білім беру мекемелерінде еңбек заңдылығының орындалуы бойынша 72 тексеру жүргізілген. Оның ішінде 66 жоспарлы, ал 6 жоспардан тыс, яғни өтініштер мен арыз-шағымдар аясында жүргізілген. Өткізілген тексерулер барысында еңбек заңдылығын бұзудың 207 жағдайы анықталған. Аталған мерзімде 352 құқықтық қызмет көрсетілген, оның 20 жазбаша берілген жауаптар мен түсіндірмелер. Ауызша кеңестер саны — 332, оның ішінде жеке қабылдауда — 121, телефон арқылы –169, электрондық пошта, интернет және БАҚ арқылы 38 қызмет көрсетілді,- деді Қ.Қыпшақбаева.
Сала еңбеккерлері, қаржы мүмкіншілігі аясында отандық шипажайлар мен сауықтыруға жіберу бойынша шығындар туралы есеп те баяндама барысында берілді.
Осындан кейін жарыссөзге бірқатар ұстаздар шығып, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Қаралған сұрақтар бойынша қаулы жобалары қабылданып, 2023 жылға арналған қаржылық сметамен аудандық кәсіподақтың есепші-маманы Сания Акишпаева таныстырып өтті.
Жиын соңында бірқатар педагогтарға, кәсіподақ мүшелеріне марапаттау жүргізілді.
Дайындаған Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.