ҚАЗАҚ КЕЛІСІ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

0

Келі – қазақ халқының дәнді дақылдар — бидай, тары, арпа, бұршақтарды қауызынан арылтып, ақтап қызылдайтын, тарыны қаралайтын, науат тағы басқа да қатты заттарды түйгіштеп, түйіп ұнтақтайтын тұрмыстық дәнді-дақылдарға қолданатын, өз қолдарымен жасап алған ыдыс, құралы.

Қазақ шеберлері келіні-қарағай, қайың, самырсын, қарағаш сынды қатты ағаштардан, тас, темір, шойын материалдардан жасайды. Келінің іші қуыс болады, дәнді түюге арналады.
Қазақ шеберлері ағаш келіні — қатты ағаштың жуан діңінің ортасын отыз да отыз бес сантиметр тереңдікте ұңғуырмен ойып қашап жасаған. Екі не бір киле дән дақылы сиятындай мөлшермен есептеп ояды.
Қазақ келінің жасалу пішініне қарай: шұңғыл келі, тақта келі, нар келі, қыз келі, орта келі, ою келі, бала келі, балапан келі, қынама бел келі, сүйір келі, қатын келі, орама келі, табақ келі, астау келі, құрама келі т.б. түрлерге бөледі.
Шұңғыл келіні — тарыны қаралауға, бидайды ақтауға пайдаланады. Тақта келіні — бидайды жармалап, ұнтақтауға қолданады. Сондықтан тақта келінің түбі тегіс келеді де, келсап дәл тиіп, тары, бидай, жүгері, бұршақтарды майдалауға, ұнтақтауға қолайлы етіп жасайды.
Келінің түйгіш ағашы болады, оны қазақ «Келсап» деп атайды. Келсаптың келіні түйетін басын салмақты етіп, жұмырлап жасайды. Қолға ұстауға қолайлы қос тұтқа шығарады.
Келсаптың ұзындығы 1,2 – 1,3 метр шамасында болады. Ал қыз балаларға арналған келі мен келсап кішілеу келеді. Оны балалардың болашақта келі түю шебері етіп дайындау үшін арнайы жасап дайындайды. Оны қазақ «Бала келі» немесе «Қыз келі» деп атайды.
Белі қынамаланып жасалған келіні — « Қынама бел келі» деп атайды.
Бойын сүйірлеу етіп жасаған келіні — « сүйір келі» дейді.
Жалпақ табаққа не астауға ұқсаған түрін- «Табақ келі» не «Астау келі» деп те жатады.
Қазақ шеберлері жасаған — Нар келіні — «үлкен келі» немесе «Түйе келі» деп те атайды. Оның бйктігі 80 — 85 см-ге дейін, ішкі қуысы 40-45 см-ге дейін кең ойылады. Оны көбінде той- томалақтарда әйелдердің келі түю шеберлік жарысын өткізген кезде қолданады. Екі келіншек бір нар келінің екі жағында тұрып, екеуі қолдарына екі келсап алып, дүйім жұрт ортасында келіге тары салып, кезек — кезек, бірінен соң бірі түйіп, жарысқа түседі. Кейде екі келіні қатар қойып, екі жақта қатар тұрып, келі түйіп те жарысқа түседі. Ерлер мен әйелдер де келіні түйе береді.
Бұл үлкен сынақ жарыс. Бір жағынан шеберлікті, екінші жағынан ептілікті, үшінші жағынан мергендікті, төртінші жағынан шыдамдылық пен табандылықты, бесінші жағынан әл, қуатты, алтыншы жағынан ар-намысты, жетінші жағынан дене шынықтыруды нақ майданда көрсетеді. Тары ақталып болғанша екі келіншек тоқтамай түйе береді. Келінің ернеуіне келсапты тйгізіп алмай түю шарт. Келіні құлатпай түю керек. Осы шартты орындай алмай, тез шаршап тоқтап қалса, сол жеңіледі. Шартты толық орындағаны жеңеді де келі мен келсапты сыйға алады. Мұны қазақ «Келі жарысы» немесе «қос түю», «Келін сынақ» деп те атайды.
Баяғы замандарда ата-бабаларымыз жерді ойып, жерден де келі жасаған. Ойған жердің ішіне ақ дастархан немесе мықты мата салып, оған дәнді дақыл төгіп, оны сопақ тас құралдармен келсап етіп түйіп бидай, тарыны ақтап алатын болған. Бәлкім сол замандағы «жер келі» осы күнгі «Ағаш» және « Темір келі» мен «Шойын келінің» бастауы болуы ғажап емес.
Қазақ қоныстанған барлық өңірлерінде келінің өлшемі мен пішіні біркелкі етіп жасалған. Ертіс бойын мекендеген қазақтардың келісі мен келсабы сәл биіктеу, шұңғылы тереңдеу келеді. Басқа өңірлерде құрама келілер жиі кездеседі.
Қазақ ұсталары құрама келіні — екі, не үш, не төрт ағаш кесіндісін қиюластырып, түйе терісімен тартып, қаптап берік етіп жасайды. Бұл көрер көзге өте әдемі болады. Қапталған келіні қазақтың әшекейлі ою-өрнегімен әсемдеп мәнерлеп қояды. Бай, манаптар мұндай келіні әтуарлап, таған жағына алтын, күмістен қос шығырық салып қояды. Келінің аузын да күміспен күптеп, алтынмен саптап, ортан беліне де күміс шығырық салады. Ол бір жағы әсемдік болса, екінші жағы ұстауға, көтеріп алып жүруге қолайлы, үшінші — тіл-көзден халас болады деп үйғарады.
Ал келінің темірден жасалған түрін қазақ «темір келі» деп атайды. Қазақтың темір ұсталары қара темір не шойындардан да мықты келі соққан. Ол келі үзаққа шыдайды, жарылмайды, бөлініп түсіп қалмайды. Ондай келілер ауыр болғандықтан келінің екі жақтауына шынжыр тұтқа салып, болмаса ұстайтын сап жасайды. Ол келіні ары-бері жөткегенде қолайлы болады.
Ағаш келіні- көп жылға шыдауы үшін, тандыр пісіретін тонарды әбен қыздырып алып, оның ішіндегі ыстық қозға қақтайды, келінің іші-сыртына қойдың құйрық майын, не түйе өркешінің майын сіңіре жағады. Сосын келі жарылып кетпеуі үшін, оның иіні мен тағанын түйенің иленбеген шикі терісімен не жылқының, сиырдың бас терісімен қаптап тастайды. Шикі тері кепкен сайын келіні қатты қысып мықтап ұстап қалады. Мұндай терімен қапталған ағаш келінің ғұмыры үзаққа кетеді.
Ал кейбір өңірдің шеберлері ойылған келінің ішіне құм толтырып, жерге жеті күн уақытқа көміп тастайды. Келі ішіндегі, сыртындағы құрғақ құм ағаш бойындағы ылғал мен тұзды сорып алады да, құмнан алған соң, бірқалыпты температурада жылы жерде кептіреді. Бай, патшалар келінің сыртын күмістелген ою-өрнекпен әшекейлетіп, келсабының бас жағын күміспен әшекейлеп жасатады.
Келсаптың да екі тұтқасын, әдемілеп ұстағанда қолға батпайтындай етіп терімен қаптап қояды. Сабына ою-өрнек басады. Рауағаштың нілімен бояйды. Сонда келі ажарлы болып көздің жауын алып тұрады.
Қазақ келіні — киелі ыдыс-тар қатарына жатқызады. Сондықтан келіні аяққа баспайды, келі мен келсаптан аттамайды, құйрыққа қойып отырмайды. Киесі соғады. Кедейшілік басады. Аттаған адамның аяғы тартылады, кем болып қалады. Үйден ырызық тартылады. Жамандық басады. Дән сарқылады деп ырым етеді.
Келсаптың түйер басын жоғары қаратып қояды. Төмен қаратып қойса, іс ілгері баспайды, жұмыс мандымайды деп ұйғарады.
Келсапты сүйретпейді, түнде далаға қоймайды. Үйге қойғанда келі мен келсапқа ақ мата жауып қояды.
Келі мен келсапты қыз жасауына бермейді. Қайын енесі болса, оны келініне естелік мұра етіп қалдырады.
Келіні сатпайды қалау жолымен алады. Малға немесе басқа асыл затқа айрбастап алады. Келі сатса, бақ сатқан деп есептейді.
Қорыта айтқанда, келі бүгінгі таңда қолданыстан қалып қойған қазақтың көзіндей көне жәдігер деуге болады. Оны тек өлкетану музейлерінен ғана көріп жүрміз. Алыс шетелде тұратын, ауылды жерде көшпенді өмір сүріп жатқан қазақтарда, келі әлі де қолданыста бар бұйым. Базарларда сувенир ретінде сатылады.
«Келі түймеген келін, түк білмеген келін» деген сөз бар. «Жақсы жерге түскен келін — келін, жаман жерге түскен келін — келсап» деп бұрынғы ата-бабаларымыз айтып кеткен екен. «Келін келсап болмай, піспейді» деп тағы айтады.
Келі — түйген келіннің құрыс- тырысы жазылып, қолтығы созылып, жауырыны жабыспай денсаулығы мықты, екі білегі күшті болады. Келі әрекеті- үлкен дене шынықтырудың таптырмас әдісі еді. Амал қанша қазіргі келіндер келіден қол үзіп, көз жазып қалды…

Болат БОПАЙҰЛЫ,
этнограф жазушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.