Қордай ауданы облыстағы түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері көп шоғырланған мекен. Жергілікті жұртшылықпен біте қайнасып, ел дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген ұлттардың атауы бөлек демесеңіз, барлығы бір үйдің баласындай болып кеткені жасырын емес. Сондай жандардың бірі – Шарбақты ауылының тұрғыны Ирина Турдахунова.
Бір қызығы, Ирина интернационалды отбасында дүниеге келіп, дәл сондай көпұлтты әулетке келін болып түскен. Оның әкесі – шешен болса, анасы – орыс ұлтының өкілі. Ал жары Рахаттың анасы – қазақ, әкесі – ұйғыр ұлтынан. Ұлттары бөлек болғанмен, бұл отбасының ұстанымы біреу. Ол қазақ халқының дәстүр-салтына адалдық және қазақ тіліне құрмет. Иә, Турдахуновтар отбасының жасы да, қарты да қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бірақ, орысша тәрбиеленген Иринаға мемлекеттік тілді үйрену қиынға соғыпты. Ата-енесі, жұбайы, тіпті көрші-қолаңға дейін оған қазақ тілін тез үйренуі үшін жәрдемдесіп, мүлдем орысша сөзді қоспай, таза қазақ тілінде сөйлепті: «Теледидарды да тек қазақша көреміз. Бір күні кешкі жаңалықтарды тыңдап отырып, онда не жайында айтылып жатқанын толық түсіндім. Өз-өзіме таңырқап, әрі қуандым десем де болады. Осылайша бірте-бірте қазақша сөйлеуді де үйреніп алдым», — дейді Ирина. Қазір ол нағыз қазақтың үлгілі келіні. Ата-енесіне сәлем салады, сиыр сауып, құрт-майын шайқайды, дастарханынан ұлттық тағамдарды үзбеуге тырысады. Балаларын да қазақ сыныбына берген. «Өзіміз тұратын мемлекеттің тілін, ғұрпын сыйлауымыз керек. Мен балаларыма қазақ тілін білуге, қазақ сыныбында білім алуға міндеттісіңдер, ал орыс тілін онсыз да үйреніп аласыңдар деп айтып жүремін. Өз туған жерін, елін сүйетін адам сол елдің тілін де сүюі қажет деп ойлаймын. Мен өз ауылымды жақсы көремін. Шарбақтының тұмса табиғатын, саф ауасын әлемнің ешбір жеріне айырбастамас ем», — дейді өзге ұлт өкілі.
Турдахуновтар әулеті – махаббаттың жасқа, ұлтқа, дінге, тілге қарамайтынының айқын дәлелі. Әртүрлі этностардан келген ерлі-зайыптылар шынайы сезім барда еш кедергі жоқ деп есептейді. Биыл шаңырақ көтергендеріне 18 жыл болғандарын айтқан Ирина жарының қалай алып қашқанын еске түсіріп, бір күліп алды: «Жұбайыммен қыз-жігіт болып кездесіп жүрдік. Жақын арада үйленеміз деген ой мүлдем болмады менде. Бір күні әдеттегідей көрісіп, болашақ жарым шұғыл үйге барып келуім қажет деді. Мені үйдің сыртында күте тұруымды сұрады. Сөйтіп өзі ішке кіріп кетіп, мен сыртта қалдым. Оның үлкен алабай иті болатын. Сол иті қасыма келіп, киімімнен тартқылап қоймай, есік алдына алып кірді. Сөйтсем, есік алдында үйдің үлкендері мені күтіп тұр екен. Басыма орамал салып, алып қалды. Болашақ жарым итіне мені алып кір деп жіберіп, бәрін алдын ала жоспарлап қойған екен ғой. Сол кезде иттің ақылдылығына таң қалдым. Қазір осы оқиғаны еске алып, мені үйге келін қылып түсірген сенің алабай итің деп күлеміз», — дейді.
Ирина бүгінде Шарбақты ауылдық клубының меңгерушісі. Ауылдағы өнерлі өрендерге өріс ашып, түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген маман. Өнер ордасында жүрген ол қазақша әндерді сүйіп тыңдайтынын айтады. Сұхбат барысында «Көк тудың желбірегені жаныма қуат береді…» деп ән де шырқап берді қазақшасы судай келіншек.
Иә, түрлі ұлт өкілдерінен құралып, ынтымағы жарасқан «шарбақтылық» шаңырақтың шаттығы көпке үлгі. Жүзі басқа болғанымен, жаны қазақ, тілегі бір осындай жанұялар барда мемлекетіміздің іргесі үгілмесі анық.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ