«КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАС…»

0

Аграрлы аудан ретінде Қордайдың облыстағы орны бөлек. Өңделетін жер көлемі, алынатын өнім көрсеткіші және шаруалар саны бойынша да үнемі көш басында келеміз. Алайда, диқаншы қауымның шаруасын шалқытып, ісін дөңгелету үшін кедергі жасайтын мәселелер де шаш-етектен. Қордаланған жайлар аз емес, шешімін бүгін табу керек сұрақтар да тосыннан келіп отырған жоқ. Осының барлығын талдап, талқылап, ақылға салып, «келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағида бойынша келелі жиын сәрсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде өтті.
Аудан әкімі Бегзат Болатбеков ауыл шаруашылығы саласы өкілдерімен арнайы кездесу ұйымдастырып, оған осы салаға қатысы бар барлық қызмет өкілдері, шаруа қожалықтарының басшылары мен диқандар қатысты.
Алдымен Қордай ауданының 2022 жылы ауыл шаруашылығы бойынша қол жеткізген көрсеткіштері жайында аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақдәулет Садырбаев баяндама жасады. Дәнді дақылдарды жинаудан бастап, алынған өнім, бөлінген жанармай мен тыңайтқыштар турасында сөз қозғаған бөлім басшысы биылғы жылға көзделген жоспарлар жайында ақпарат беріп өтті. Баяндамадан білгеніміздей, 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім құны 99,4 млрд теңгені құрап, оның 65 млрд теңгесі егіншілік, 34,4 млрд теңгесі мал шаруашылығы еншісінде екен. 2021 жылмен салыстырғанда 39%-ға артық көрсеткіш екенін баса айтты баяндамашы. Осының ішінде егіншілікке тоқталсақ, дақылдардың орташа түсімі астықтан 17,1 ц/га, масақты дақылдан 16,9 ц/га, дәнді жүгеріден 73,7 ц/га, көкөністен 279,3 ц/га, картоп 255,6, бақшадан 300 ц/га, майлы дақылдардан 7 ц/га айналған. Биылғы жылға 22 500 гектар жерге күздік бидай себіліпті. Одан бөлек көктемде егілетін жаздық дақылдар: жаздық арпа 46 500 га, дәндік жүгері 8 000 га, майлы дақылдар 900 га, қант қызылшасы 500 га, картоп 3 800 га, көкөніс 6 500 га, бақша 600 га, мал азықтары 39 940 га, оның ішінде: сүрлемдік жүгері 900 га, бір жылдық шөп 15 200 га, көп жылдық шөп 23 840 га, сүр (пар) 10 204 га болады деген болжам бар.
-Ауданда ылғал үнемдеу технологиясын қолдану жылдан жылға артып отыр. Осы технологиямен ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру көлемі 14,4 мың гектарға жетіп, суармалы жер үлесінің 36,9 % құрап отыр. Аудан шаруашылығының драйвері саналатын инвестиция бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласында 2935,1 млн теңге инвестиция тартылды. Жамбыл облысының даму жос-парына сәйкес Қордай ауданы бойынша 2022-2025 жылдар аралығында іске асырылатын инвестициялық жобалардың 2022 жылдың қорытындысы бойынша 10 жоба іске қосылып, жобалар толығымен орындалды. Аудан шаруашылықтары егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға үкімет тарапынан 4974,1 млн теңге субсидия алуға қол жеткізді. 2022 жылға минералды тыңайтқыштарды қолдану жоспары 9 852,9 тонна болса, нақты 10 016,8 тонна минералды тыңайтқыштар алынды. Аммиак селитрасы мен аммофос тыңайтқыштарын алуға тапсырыстар «Қолдау-КЗ» веб-порталы арқылы берілді. Биыл 10200 тн минералды тыңайтқыш алу жоспарланып отыр, — деді Б.Садырбаев.
Сондай-ақ, былтыр «Қордай» несие серіктестігі арқылы 89 шаруашылыққа 828,6 млн теңге, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша – 134,0 млн теңге, «Агробизнес» — 619,5 млн теңге, техника алу және су үнемдеу технологиясына -75,1 млн теңге, Тараз «Агрорлық кредиттік корпорациясы» Акционерлік Қоғамының филиалы арқылы 37 шаруашылыққа — 236,8 млн теңге несие беріліпті. 2022 жылы жазғы науқанда аудан бойынша суармалы су 262 млн текше метр беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Қырғызстанның мемлекетаралық келісімі бойынша ауданға 171,5 млн текше метр су көлемін алу қажет болған. Алайда, нақты кесте бойынша алынған су көлемі 78 млн текше метрді құраған. Бұл шауаларға қажетті судың тек 45,5 % ғана берілді деген сөз.
Бөлім басшысының баяндамасынан кейін жиналған шаруалар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қоюға көшті. Степнойлық ШҚ басшысы Мэлс Асанқұлов былтыр шаруаларға берілетін тыңайтқыштардың тым кеш келгенін айтып, сол бойынша шара қолдану қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, арзандатылған дизель отынын таратуды Қордай ауылында ұйымдастырса деген тілегін жеткізді.
-Аудан шаруаларымен бас қосып отырған басты мақсатымыз да осы. Қордаланған мәселелердің түйінін шешу, көктемгі дала жұмыстарына дайындықты пысықтау, сіздердің талап-тілектеріңізді тыңдау, — деген Бегзат Сейсенқұлұлы былтырғы жылы шын мәнінде тыңайтқыштарды облыстан жеткізу бойынша қиындықтар туындағанын айтып, биылғы жылға оның алдын алу жұмыстары бақылауда екенін айтты. Қазіргі таңда Шу ауданындағы қоймада 7 мың тонна тыңайтқыш сақталып тұр. Алам деушілер ауыл шаруашылығы бөліміне қазірден жолығып, тапсырыс беруге болады деген ақпарат айтылды.
Жиын барысында аудан әкіміне түскен сұрақтар қатарында суармалы су жайы да тыс қалмады. «Сұлтан Бейбарыс» ШҚ басшысы Біржан Құттықов каналдың екі тармағымен келетін суды бөлу барысында жыл сайын қиындықтар туындайтынын, қазір жол бойы каналға насостар қойылып, тіпті суаруға болмайтын орындарға су кетіп жатқанын айтып, осы мәселені қолға алуды сұрады. Аудан әкімі бұл сұраққа қатысты «Казсушардың» аудандық филиалының басшысы Асқанат Қадыров пен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысына мәселені зерделеп, карта арқылы қарап, заң жүзінде шара қолдану бойынша жұмыстар атқаруды тапсырды.
-Ауданымыз көрші елге суғарымдық суға тәуелді екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Каналдардың нашарлығынан ол су шаруалардың алқабына жеткенше 30 пайызын жоғалтады. Осыдан кейін, әрине, су тапшылығы орын алады, — деген аудан әкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл ауданымыздағы бірқатар су қоймалары кеңейтіліп, оған қоса жаңа су қоймалары салынатынын жеткізді. Яғни, суға тәуелділікті азайту мақсатында аудандағы су қоймалары жөндеуден өтетін болады. Оған қажетті қаржы да қарастырылған.
Су қоймасы төңірегінде шаруалар біраз ой-пікірлерін ортаға салып, тіпті сенімсіздік танытқандар қатары да көп болды. Ал, қызылсайлық шаруалар ауыл маңынан су қоймасын салу бойынша ұсыныстарымен шығып, ол мәселе облыс әкімінің назарында екенін, қазір зерделеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты Бегзат Болатбеков.
Кездесу барысында жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Көпешов шаруалар өздеріне жұмысшы алған жағдайда немесе қажетті маман иесін қабылдау барысында мемлекет тарапынан жалақысын субсидиялау бойынша қолға алынып жатқан жұмыстар жайында айтып, бұл бағдарламалардың шаруаға да, жұмысшыға да өте тиімді екенін жеткізді.
Жиын соңында көтерілген барлық мәселелер назарға алынып, кейбірі бойынша нақты жауаптар берілетін болып шешілді.
Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.