Ата-бабамыз «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, қашанда көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. Өйткені, дана халқымыз бір адамның тағдыры тұтас бір ұлттың тағдырымен тығыз байланысты екенін жете түсінген.
Атадан қалған осы сара жолдың ізімен жүрген жомарт азаматтардың қазір де ортамызда бары қуантады. Қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созуға дайын тұратын ақ ниетті, кең пейілді аудан тұрғындарының қайырымды бастамалары жайлы естіп-көріп жүрміз. Мәселен, жуырда ғана Жамбыл ауылының халқы үйсіз қалған отбасына баспана салып беріп, сауапты ісімен көпке үлгі болды.
Баспаналы болған Ешмұхановтар отбасы – алаңсыз, тату-тәтті өмір кешіп жатқан қарапайым жанұялардың бірі. Алайда, өткен жылы, Жаңа жыл қарсаңында ойламаған жерден үйлерінен өрт шығып, үлкен қайғыға душар болды. Айдың күннің аманында тұрғын үйі отқа оранса, кім-кімге де оңай соқпасы анық. Сондықтан, ауылдастары қол қусырып қарап отырмай, «тілсіз жау» барынан айырған жерлестеріне жәрдемдесуді жөн көрді. Жүрегі кең, қолы ашық жандар қызыл жалын шарпыған үйді толығымен күрделі жөндеуден өткізіп, оған қоса жиһаз жабдықтарын да алып берген.
Байырғы «асар» дәстүрімен бір қазақ отбасына қол ұшын созған ауыл тұрғындары «Көп түкірсе көл» дегендей, ақ-адал ниетпен іске кірісіп, пейілі кең, жаны жомарт ұлттың ұрпағы екендерін дәлелдеді.
Алғыс айту күні қарсаңында ауылдық округ әкімдігі, осынау сауапты істің басы-қасында жүрген қайырымды азаматтар, өзге де ауыл тұрғындары жиналып, Ешмұхановтар әулетіне үйлерінің кілтін салтанатты түрде табыс етіп, ауыл болып қуаныштарын тойлады. Үй иелері қиын сәтте көмектерін аямаған жерлестеріне шексіз алғыстарын айтып, ризашылығын білдірді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ