Қасиетті Қордай ауданының 95 жылдық терең тарихында Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің өзіндік ізі бар. Адамдарды білім нәрімен сусындатып, рухани байлық беретін бұл киелі мекеннің де тарихы тереңде.
Архив құжаттарына сүйенсек, Қордай ауданындағы алғашқы үйшік-кітапхана Георгиевка селосында 1927 жылы ұйымдастырылды. Оның меңгерушісі Д.А.Грачев болды. Кітапхананың кітап қоры жұрттан жинаған кітаптар негізінде топтасты. Бұл кітаптарды ауыл тұрғындарының кез-келгені пайдалана алды. Кітап оқырмандарының ең алғашқылары болған комсомол мүшелері кітаптар жинап, оқырмандар санын көбейтуге аянбай атсалысты. Көп ұзамай мұндай шағын кітапханалар Красногорда, Успеновкада, Блоговещенка мен Жаңатұрмыста да ашылды. Отызыншы жылдардың аяғында кітапхана қозғалысы жедел дамып, кітаптардың тиражы мен оқырмандар саны күрт өсе түсті.
Қордай ауылында алғашқы толыққанды кітапхана 1948 жылы аудандық атқару комитетінің шешіміне сәйкес ауылдық клубтың бір бұрышында «Қызыл бұрыш» болып ұйымдастырылған екен. Клуб орталық Первомайская (қазіргі Жібек – жолы) көшесіндегі полиция ғимаратының балалар бөлімшесінде орналасқан. Кітап қорында аздаған газет-журнал, 587 дана кітап болған. Кітапханаға аудандық атқару комитетінің бірінші хатшысының әйелі А.П.Ващенко кітапханашы болып тағайындалды.
Анна Петровна кітапхананың кітап қорын толықтыру мақсатымен ауыл тұрғындарынан кітап жинап, кітап қорын бір жыл ішінде 1900 данаға жеткізді. Елуінші жылдардың орта шенінде ауылдарда да кітапханалар ашылып, кітапханалар саны 16 жетеді. 1958 жылы барлық кітапханалар бір жүйеге келтіріліп, Аудандық орталық кітапхана ашылды.
1980 жылдың мамыр айынан бастап Қордай ауданының ауылдық кітапханалары Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне көшірілді. Уақыт өте келе, яғни 1991 жылы 2 аудандық, 3 балалар, 38 ауылдық, барлығы 43 кітапхана 382130 дана кітап қорымен оқырмандарға қызмет көрсетті. 1994 жылғы тоқырау кезеңдері 5 кітапхана қысқарып, 38 кітапхана 343036 кітап қоры сақталып қалды.
Оңтайландыру кезінде 43 ауылдық кітапхананың 19-ы ғана қалды. Алайда, осынша қысқарту болғанымен, кітап қоры мен мүліктер сақталды. Кітапханашылар жарты бірлікте, тіпті еңбекақысыз қызмет көрсетті.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында аудандық орталық кітапхана, балалар және жасөспірімдер кітапханасы, Әлжан ана, Сарыбұлақ, Қайнар, Аухатты, Сортөбе, Масанчи, Қаракемер, Алға, Қарасай батыр, Сұлутөр, Қарасу, Шарбақты ауылдық кітапханаларынан Цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылды. Оларда e.gov.kz порталы арқылы әр түрлі бағыттағы анықтамалар беру бойынша 21 қызмет түрі көрсетіледі.
Бүгінгі күнде аудан бойынша барлығы 37 кітапхана бар, оның ішінде аудандық орталық кітапхана мен Балалар және жасөспірімдер кітапханасы, 35 ауылдық филиалдар қызмет көрсетеді. Кітап қорының жалпы саны 349639 данаға өсті, оның 200872 данасы мемлекеттік тілде. Мерзімді басылымдар саны 407 дана. Кітапхана жүйесі 235 астам атаулы журнал және газетті жаздырып алады. Олардың ішінде қазақ және орыс тілдерінде құқық, мәдениеттану, философия, психология, техника, дін және т.б. бағыттағы басылымдар бар.
И.ИЗАЕВА, Қордай орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері