Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеековтың тапсырмасы бойынша Қордайда көптеп күткен суарып-жуу машинасы пайда болды. Тазалықты сақтау – коммуналдық қызметке жүктелген негізгі міндеттердің бірі. Мұндағы маңыздысы – эстетика жағы ғана емес, денсаулық кепілі тазалық екендігінде. Тазалық жағдайында дені сау балалар өсіп, еңбек қабілеті артады. Сондықтан тазалықты сақтау – бірінші кезектегі мәселе болып табылады.
Естеріңізге сала кетсек, аудан әкімі Бегзат Болатбеков санитарлық нормалардың сақталуына ерекше назар аударуды ұсынды. Бұл ретте жұмыс сапарлары барысында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, орындау мерзімі бекітілген болатын.
Мәселен, 1 наурызда көктемгі абаттандыру екіайлығы бастау алды. Ауданның бюджеттік ұйымдары, мекемелері мен ауыл тұрғындары тазалық жұмыстарына кірісті. Қордайдың коммуналдық қызметінің аралас тазалағыш автокөлігін сатып алу көріктендіру науқанына көмек болды. «КО-829Б1» суару-жуу автокөлігі көлемі 12 текше метр болатын суару-жуу цистернасымен жабдықталған. Бұдан бөлек, көлік құралының 8 текше метрлік құмшашқыш бункері және аралық щеткасы бар.
-Мұндай көпфункциялы машина әмбебап болғандықтан көшелерді тазалауда кеңінен қолданылады. Кез-келген күрделі жұмыстарды оңай әрі жылдам атқаруға мүмкіндік береді, — дейді коммуналдық қызмет өкілдері.
Осы аптада Қордай ауылының көшелерін жууға кірісті. Суарып-жуу көлігінің техникалық мүмкіндіктерін ең бірінші болып Жібек жолы және Төле би көшелерінің тұрғындары көруге мүмкіндік алды. Коммуналдық қызмет өкілдерінің айтуынша көшелердің ылғалдандыру жұмстары тұрақты жүргізілмек.
Көшелерді жуудан бөлек елдімекендердегі көшелер мен әртүрлі аймақтардың жағдайын жақсартатын басқа да бірқатар жұмыстар атқарылуы тиіс.
Аталған құралдың тағы бір мүмкіндігі – жинау техникасын қолданғанда ресурстар үнемделеді. Көпфункциялы машинаны басқару қиын емес, арнайы дағдының болуы талап етілмейді.
Жаппай көктемгі тазалау жұмыстары мамыр мерекелері қарсаңында аяқталатынын еске саламыз.
Шолпан САБАНОВА