Мемлекет басшысы Премьер-министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді.
«Тұрақтылық бар жерде ғана даму, өркендеу болады. Ел бірлігі – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі. Сондықтан ырысты ынтымақпен білек сыбана жұмыс істеуіміз қажет», деп атап өтті Президент.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға бағытталған жұмыс болашақта да жалғасын табатынын айтты.
«Осы орайда мен бірқатар тың бастамаларды ойластырып жатырмын. Оны сайлаудан кейін жария етемін», деді Мемлекет басшысы.
«Жан-жақты жаңғыру үдерісін бастадық. Оның бағыт-бағдарын былтыр наурыз айындағы Жолдауда айқындап алдық. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бір жылдың ішінде ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Билік жүйесін жаңа талапқа сай жаңғырту үшін бірнеше саяси науқан өткіздік. Маңызды мәселелерді талқылау үшін Ұлттық құрылтайды құрдық. Мемлекеттігіміздің тұғырын және ел бірлігін нығайтатын жаңа идеологиялық тұжырымдар ұсындық. Наурыз мейрамын жаңаша атап өте бастадық. Республика күнін қайта жаңғырту тарихи қадам болды», деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі түбегейлі өзгерістер жайлы ел ішінде ғана емес, алыс шетелде де айтылып жатыр.
«Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру қажет», деп нақтылады Қасым-Жомарт Кемелұлы.
akorda.kz