Қасиетті Рамазан айы игі істерді мейлінше көбірек жасап, көлкөсір сауапқа кенелетін ай. Дін өкілдерінің айтуынша, ізгі амалдар сауабының еселенуінің бір сыры оның орындалған уақытына байланысты. Сондықтан айлардың сұлтанында қайырымдылық шаралары көбірек ұйымдастырылып, мұсылман жамағаты жақсылық жасаудан жарысуға асығады.
Бұл айда Қордай ауданында да қолға алынған игі істер жоқ емес. Соның бірі сәрсенбі күні аудандық орталық мешітінде өтті. «Қызыл ай» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының атынан аудандағы 150 көпбалалы отбасыларға және асыраушысынан айырылған балаларға ауызашар жиынтығы таратылды.
Айта кетейік, «Қызыл Ай» қоғамдық бірлестігі 2005 жылдан бастап Біріккен Араб Әмірліктерінің «Қызыл Жарты Айымен» бірлесіп, Қазақстандағы жетім балаларды қаржылай қолдаудың арнайы бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бүгінгі күні Жамбыл облысы бойынша 560-қа жуық бала арнайы жәрдемақы алуда.
Қоғамдық бірлестіктің Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Оразкүл Тастемірованың айтуынша, ұйым биыл алғаш рет осындай ауқымды шара өткізуде: «Жыл сайын қайырымдылық шараларын облыс орталығында өткізетінбіз. Биыл Қордай ауданына арнайы келіп, ұйымдастырып жатырмыз. Бұл азық-түлік себеттері біздің ұйымның тізіміне енген балаларға ғана таратылғанын айта кеткен жөн. Ал бізге тіркелу үшін тиісті құжаттармен Тараз қаласындағы кеңсемізге келулеріңіз қажет. Алдағы уақытта Қордай ауданынан арнайы өкіл сайлап, бірлестіктің жұмысын одан әрі жандандырсақ деген ниетіміз бар»,-дейді Оразкүл Тойбекқызы.
Қысылғанға көмек, қиналғанға жәрдем көрсетіп келе жатқан «Қызыл ай» қоғамының қайырымын көріп отырған азаматтар шара барысында ризашылықтарын жеткізді. Солардың бірі Қордай ауылының тұрғыны Индира Елібаева: «Қызыл ай» бірлестігінен көмек алып келе жатқанымызға он жыл болды. Өзім көпбалалы анамын. Мынау азық-түлік жиынтығы кенже қызыма беріліп отыр. Аталмыш қайырымдылық қоры тек Рамазан айында емес, жаңа оқу жылының алдында балаларды киім-кешек, мектеп құралдарымен қамтуға да жәрдемдеседі. Сондықтан «Қызыл ай» қоғамдық бірлестігіне алғысымыз шексіз»,-дейді ата-ана.
Сәуле Мұхадинқызы