АУДАННЫҢ КЕШЕНДІ ДАМУЫ ЖОЛЫНДА

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып, «ОтарБиофарм» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Бүгінде биофармацевтикалық зауыт құрылысының екінші кезеңі жүзеге асуда. Соған сәйкес, Биозауыттың өндірістік қуатын айына 500 мыңнан 2,0 млн. дозаға дейін арттыру мақсатында «Тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт базасында субстанциялар өндіру жөніндегі цех» (BSL-3) жобасының құрылысы жүруде.
Бүгінгі күнге, өндірістік кестеге сәйкес инженерлік желілер мен негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 85 пайызға орындалды. Ал, фармакологиялық жабдықтың 70 пайызы жеткізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Нысанның құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп жоспарланған десек, жоба желтоқсан айында толығымен іске қосылады деп көзделуде.
Аймақ басшысы зауыт базасында кеңес өткізіп, жауаптыларға жұмыстардың сапалы әрі тиісті мерзімде атқарылуын бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов биофармацевтикалық зауыт мамандарын өткен ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, «OtarBioPharm» ЖШС бас директоры Закир Ершебұловты “Облысқа сіңірген еңбегі үшін” белгісімен, бас директордың жалпы сұрақтар жөніндегі орынбасары Әнуар Сатыбалдиевті Алғыс хатпен марапаттады. Бұдаң соң аймақ басшысы “Кенен береке” ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысымен танысты.
“Ауыл аманаты” жобасы аясында өткен жылдың аяғында құрылған құрылым басшысы Алмас Әбдімәлік құны 56,0 млн. теңгені құрайтын 9 дана техника алғанын жеткізді. Жалпы жобаға Кенен ауылдық округіндегі 448 аула қатысады деп жоспарланған. Бүгінгі күнге жалпы 453 млн. 700 мың теңгеге 105 өтінім тапсырылды. Оның 80 адамы 415 млн. 290 мың теңгеге келісім шартқа отырған десек, 60 адам 330 млн.750 мың теңге қаржысын алып үлгерген.
Облыс әкімі жоба аясында тұрғындардың тұрмыстық табысын арттырып қана қоймай, өнім көлемін еселеу керектігіне де назар аудартты. Округтегі әлеуметтік мәселелерді де кешенді түрде шешу қажеттілігіне көңіл бөлді.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың тұрғындармен кездесулері жалғасуда. Бұл жолы аймақ басшысы Қордай ауданындағы Отар және Кенен ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысқан жиында ауылдықтар көптің көкейіндегі сауалдарын жолдап, жауаптар ала білді.
Округтегі 1386 аулада 11544 халық тұрады. 7 ауыл тұрғыны 1,2 млн. теңге қайтарымсыз грант алса, «Арыстан», «Мұзбел» шаруа қожалықтары мал шаруашылығы бойынша субсидияға қол жеткізген. Округке ауыз су тартылып, барлық аула қамтылған.
Өз кезегінде отарлықтар жедел жәрдем көлігіне қатысты, мектеп кабинеттерін жаңарту, жайылым тапшылығы және басқа да мәселелерді көтерді. Облыс әкімі барлық сұрақтарға облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып жауап берді.
Дәл осындай кездесу Кенен ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Мұндағы тұрғындар тарапынан дәрігерлік амбулаторияны кеңейту, жол жөндеу, қоқыс жинау, республикалық автожолға мал өткелін салу секілді бірқатар мәселелерді алға тартты.
— Ауылдық округте бірқатар жұмыстар атқарылып, көптеген мәселелер шешілген. Ауданның кешенді даму жоспарына сәйкес әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес. Дәрігерлік амбулаторияға қатысты мәселені шешу ағымдағы жылы қолға алынып, келер жылы толығымен аяқталады. Жалпы, 2023-2024 жылдары Жамбыл облысында 30 жаңа медициналық нысан бой көтереді. Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандар да назардан тыс қалмайды, — дей келе Нұржан Нұржігітов денсаулық сақтау саласындағы кейбір кемшіліктерді жедел реттеу бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, облыс әкімі тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімінің, ортақ жауапкершіліктің маңыздылығын баса айтты. Кездесу соңында аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.
Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына жұмыс сапары барысында №7 Бетқайнар колледжіне барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Өңір жастарына техникалық және кәсіптік білім беретін колледжде бүгінде 556 студент оқиды.
Мұнда «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» сынды мамандықтың төрт түрі оқытылады.
Аймақ басшысы ең алдымен ауыл шаруашылығы техникаларын көріп шықты. Оқу орнының директоры Гүлнәр Әлімбаева колледжде «John deere», «Енисей» комбайндары, «MTЗ-80», «deutz fahr» тракторлары, камаз, экскаватор, соқа, дән сепкіш сынды барлығы 20 техника, 3 виртуалды тренажер барын айтты.
Айта кетейік, білім ошағы “Жас маман” бағдарламасы аясында толықтай заманауи техникалармен, құрал-жабдықтармен қамтылған. Облыс әкімі колледж базасындағы дәнекерлеу және жүн түтетін цехтың жұмысымен танысып, шырынды лимон өсірілетін жылыжайды да көрді. 224 шаршы метрді құрайтын жылыжайда жылыту, сумен қамту жүйелері жүргізілген. Мұндағы 40-тан астам лимон түбі өткен жылы жарты тонна өнім берген. Алдағы бір-екі жылда жылдық өнім бір тоннадан асады деп күтілуде. Колледж әкімшілігі “Жылыжай ісі” мамандығын ашуға ниетті.
Сондай-ақ, қазіргі таңда 50 бала тұратын жатақхананы күрделі жөндеуден өткізуге қолдау білдіруді сұрады. Нәтижесінде, жатақхана сыйымдылығы 200 орынға дейін артпақ.
Келесі кезекте облыс әкімі студенттердің өз қолымен жасаған колөнер бұйымдарын, этно стильде тігілген киім үлгілерін тамашалап, жас шеберлердің жұмысын оң бағалады.
Білім алуға ынталы жастарға бұл жерде барлық жағдай жасалған. Нұржан Нұржігітов оған әр кабинетті аралау барысында толық көз жеткізді. Мәселен, комбайн және трактор тренажері кабинетінде студенттер виртуалды түрде техниканың тізгінінде отырып, жер жыртып, астық жинап, егін шаруашылығының қыр-сырын үйренеді. Ал ауыл шаруашылығын механикаландыру кабинетінде виртуалды тренажердің көмегімен трактор тораптарын дұрыс жинауды үйренсе, дәнекерлеу ісі кабинетіндегі тренажер-симулятор білімгерлерге дәнекерлеу процесінің дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі колледж басшылығының ұсыныстары мен көтерген мәселелерін шешу бойынша жан-жақсы жұмыстар жүргізілетінін атап өтіп, кәсіптік оқытудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта барынша қолдау болатынын жеткізді. Колледж түлектеріне өз кәсібін ашу үшін гранттар мен шағын несие беру мүмкіндіктерін қарастыру бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.