КӘСІП ТҮБІ НӘСІП

0

Соңғы кездері «қосалқы шаруашылық» деген ұғым қордайлықтардың құлағына жатталып, көңіліне жаға бастаған. Аудан тұрғындары шын мәнінде мұның көл көсір табыс көзі екенін түсініп, іске білек сыбана кіріскен сыңайлы. Алысқа ұзамай алақандай ауладан ақша тауып, тіршілік жасаудың тәсіліне ден қойған жандардың қатарында Бұлар батыр ауылының тұрғыны Айдир Санчиз есімді жерлесіміз де бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауласындағы жиырма сотық жерге жүзім өсіруді қолға алған кейіпкеріміз бастапқыда тірлігін жемістің оншақты түрінен бастаған. Ал, қазір Айдир Сулеевичтің бақшасындағы 11 қатар алқапта 57 түрлі сұрыпты 400 түп жүзім, 1500 тал көшет бар. Арасында жұпар исі аңқыған украиндық «Лора», «Прима», «Эверест» жүзімдерімен қатар, жемісі көздің жауын алатын молдавиялық «Кодрянка», армяндық «Севан» және «Штурангур», италиялық «Сицилия», өзбекстандық «Ризамат» пен «Ишкимар», тіпті дәмі тіл үйіретін жапондық «Фуджиминори» сынды жүзімнің көптеген түрлері өседі. Шаруаның айтуынша, жемістің әр түріне өзінің таңдаушысы, алушысы бар. Мысалы, біздің өңірде сирек кездесетін «Лорано», «Гелиос», «Атика», «Флора» сынды сұрыптарға да жерлестерінің арасында сұраныс жоғары. Демек, өсірілген өнімді аудан нарығына өткізуде еш қиындық жоқ. Тіпті, айналадағы ағайын алдын ала тапсырыс беріп, өнімді өздері үйден алып кетеді екен. Осылайша, жүзім өсірудің қыр-сырын ағынан ақтарып, әр сұрыптың ерекшелігіне тоқталған кейіпкеріміз бұл іске қалай келгенін баяндап берді.

«Мемлекет басшысы өзі бас-тап, әлеуметтік өнімдердің импортын азайтып, оның орнын отандық азық-түлік, жеміс-жидекпен толтыру қажет деп, бар мүмкіндікті жасап отырғанда неге еңбек етпеске? Президентіміз тіпті ауылдағы кооперациялық тізбекті дамытып, өндіруші мен алушының арасын жақындататын «алқаптан сөреге дейін» жобасын ұсынды. Меніңше бұл біз секілді шаруалар үшін мол мүмкіндік. Жеке басым қол қусырып бос отырғанды жақтырмаймын. Сол себепті екі жыл бұрын ауладағы алақандай жерге жүзім өсіріп көруге бел байлап, қажетті құрал-жабдықтар мен жеміс көшеттерін Одессадағы В.Таиров атындағы жүзім өсіру институтынан алдырттым. Әрине, мамандығым агроном болғанына, тәжірибемнің молдығына қарамастан жүзім өсірудің қыр-сырын тереңірек меңгеруге, бұл саладағы біліктілігімді арттыруға тура келді. Әлі де ізденіс үстіндемін. Тәжірибелі мамандармен күнделікті кеңесіп, түрлі профессорлардан тәлім алып, білімімді жетілдіріп тұрамын. Біздің киелі Қордай өңіріндегі қара топыраққа не ексең де молынан шығады, табиғаты да, ауаның райы да өте қолайлы. Бүгінде жүзім өсіру, оны бағып-қағу менің сүйікті ісіме айналған. Қараңызшы, мынадай ортада жұмыс істеудің өзі бір ғанибет, шіркін…», — дейді айналаға тамсана қараған Айдир Санчиз.

Иә, расында жұпар иісі аңқыған жүзім алқабындағы жұмыс бір қарағанда оңай секілді. Алайда, әрбір түпке күтім жасау, оның артық сабақтарын кесу, күзде көміп, ерте көктемде ашудың өзі, оны құс пен жәндіктерден, түрлі аурулардан қорғап дәрілеу, суғару сынды жұмыстар талмас еңбекті талап ететіні анық. Абырой болғанда Айдир Сулеевичке жұбайы Зухра Буларова, Шарип және Анеля есімді кішкене немерелері мен келіні Ругиян көмектеседі екен. Атасы мен апасына қолғабыс болған немерелері артық арам шөптерді отап, өскен сабақтарды кесуге, жүзім шоқтарын жинауға жарап қалған.

Айта кетсек, еуропалық тәсілмен қос қатарлап егілген жүзім алқабы тамшылату әдісі арқылы суғарылады. Бақшаның аяғынан құдық қағылып, әр қатарға арнайы түтікшесі бар құбырлар жүргізілген. Осы түтікшелер арқылы өнімнің тамырына минералдық тыңайтқыштар да жеткізіледі. Жүзімнің маусымына бес, әрі кеткенде алты мәрте суғарылатынын ескерсек, заманауи тәсіл жұмысты айтарлықтай жеңілдетеді. Айта кетсек, аталмыш құрылғының барлығын шаруа өз қолымен жасаған. Сонымен қатар, шаруа жүзім қатарларының арасына маусымына төрт рет өнім беретін «Альбион» сұрыпты және қараша айына дейін өнім беретін «Черный принц» сұрыпты құлпынай еккен. Бұл дақыл түрі де тамшылату әдісі арқылы суғарылады.

«Жүзім өсіруді ауыр еңбектен гөрі күнделікті күтімді талап ететін «мәдени» еңбекпен теңер едім. Мұнда таң атқаннан кеш батқанша тепеңдеп жүрудің қажеті жоқ. Бар болғаны күнделікті күтім жасап, балаңдай бағып-қағып, дер кезінде агрономиялық шараларды қолданып тұрсаң болғаны. Оның үстіне, жүзім жүз жылдап өмір сүреді. Демек, мұнда жұмсалған күш бала-шағаңа несібе болады. Мысалы, биыл бір қатардан 500 килограммнан аса өнім алдым. Ал, жүзімдердің орташа ғана бір шоғы 4-5 килограмм, бір түбі жоқ дегенде 30-40 килограмм өнім беруі тиіс. Жемістің жұпар иісті, ірі, етті әрі дәмді болуы оның күтіміне байланысты. Мысалы, италиялық «Сицилия» жүзімінің бір дәні 30 граммға тартады. Бұл биылға мен үшін зор жетістік», — деген жерлесіміз алдағы уақытта жүзімнің тағы жаңа 20 сұрыбына тапсырыс бергенін, алдағы уақытта ісін кеңейту бойынша жоспары да бар екенін айтты.

Шын мәнінде алақандай ауладан алып отырған өнімнің көлемі жаман емес. Дейтұрғанымен, жүзімнің өнім беру мерзімі төртінші жылдан бастап молаятынын, жыл өте бұл көрсеткіш тек жоғарылайтынын ескерсек шаруаның алар асуы әлі алда.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.