БІЛІМ ОШАҒЫ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

0

Қордай аудандық қоғамдық кеңесінің ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жоспарына сәйкес аудандағы арнаулы білім беру мекемелерінің мемлекеттік бағдарламаларын орындау сапасы бойынша ішінара зерделеу жүргізілген болатын. Сол туралы кеңінен айтып өтер болсақ. «№7 Бетқайнар колледжі» өңірдегі сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру орындарының бірі. Қазіргі таңда колледжде 556 студент бар, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 292 студент, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға Еңбек мемлекеттік бағдарламасы» негізінде 264 студент білім алуда. І курста -189, ІІ курста -172, ІІІ курста -195 білімгер бар.
Колледжде оқу бюджеттік негізде, күндізгі түрде жүзеге асырылады. Оқыту мемлекеттік және орыс тілінде жүргізіледі. №7 Бетқайнар колледжінде оқу және тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған. 75 орындық жатақхана, 200 орындық асхана, оқу бөлмелері, спорт зал және спорттық алаң, оқу залы, кітапхана, лимон өсіретін жылыжай, колледждің учаскесінде жеміс ағаштары алма, алмұрт өсірілген саябақ, оқу полигоны, зертханалар, шеберханалар, техникаларды сақтайтын ангар жұмыс істейді.
Колледжде 32 оқытушы, 24 өндірістік оқыту шеберлері жұмыс жасайды. 2021-2022 жылдары жас маман жобасына қатысып «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша материалдық-техникалық база жаңартылды. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығына техникалар алынған. Оның ішінде студенттер «Дәнекерлеу ісі» мамандығына «TKR Welding» виртуалды дәнекерлеу симуляторын студенттер теориялық сабақта қолдана отырып алған білімдерін тәжірибе жүзінде жетілдіреді. 2022 жылдың наурыз айында «Оқуға құштар колледж» орталығы ашылған. Орталықта білім алушылар мен оқырмандар көркем шығармаларды QR код арқылы оқып және LED экраннан тамашалай алады.
Жалпы білім алуға ынталы жастарға бұл жерде барлық жағдай жасалған. Мәселен, комбайн және трактор тренажері кабинетінде студенттер виртуалды түрде техниканың тізгінінде отырып, жер жыртып, астық жинап, егін шаруашылығының қыр-сырын үйренеді. Ал ауыл шаруашылығын механикаландыру кабинетінде виртуалды тренажердің көмегімен трактор тораптарын дұрыс жинауды үйренсе, дәнекерлеу ісі кабинетінде тренажер-симулятор білімгерлерге дәнекерлеу процесінің дағдырларын меңгеруге мүмкіндік береді.
Коғамдық кеңес отырысы барысында колледж директоры Г.Алимбаеваға «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша тиісті іс-шаралар қабылдау ұсынылды. Сонымен қатар, дайын ішкі өнімдерді сату және оларға мемлекеттік тапсырыс қабылдау мәселелерін шешу үшін облыстық білім басқармасына, облыстық мәслихат депутаттарына ұсыныс беру туралы шешім қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.