Қалашық жанындағы кәріз суын түсіреміз деп барып, тағы бір қызық жайдың куәсі болып қайттық.
Қызық емес шыжық. Қалашық маңында екі бірдей үлкен билборд тақтайшалары орнатылған. Оларда ілініп тұрған көрнекі ақпарат тек мағына жағынан ғана емес жалпы қолдану мерзімінен де өтіп кеткен. Жел мен судан әбден түсі кеткен билбордтың біреуіне ТЖ қызметінің ескертулері әрең көрінеді, ал екінші жағында әлі күнге Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы туралы айтып тұр. Ақынның торқалы тойы осыдан екі жыл бұрын өтіп кеткен. Ал, екінші билбордты оқып тіпті не күлерімізді не жыларымыз білмедік. Бергі бетінде әлі күнге Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауы туралы сыр шертіп тұрса, екінші бетінде жазушы Несіпбек Дәутаевтың суретімен берілген цитаталары оңып кеткеннен жағал-жағал болып қалған.
Бұл билбордтар ауылдың арғы шетінде, ел көзінен таса дейік, жауапты жандар көрмей, білмей, ұмытып қалған шығар. Ал, Алматыдан келіп Шуға бұрылатын жол қиылысында тұрған жағалай билбордтар тіпті ұят-ақ. Мәні де сәні де кетіп, ауыл ажарына сын болып тұрғаны.
Айтпағымыз, біреудің жұмысын сынап-мінеу емес, осыларға жиі мән берілсе деген тілек қана.
Жандос ОМАРОВ