Ауылына қарап азаматын таны

0

Баяғыда ауылдан қалаға көшіп кеткен бір танысым Қордайға қонаққа келгенде аудан орталығының адам танымастай көркейгенін көріп тамсанғаны әлі есімде. Басқа емес, білдей бас қаладан келген жанның ауылдағы өзгеріске осыншама таңдануы менің туған жеріме деген мақтаныш сезімімді еселей түсті. Әлгі танысым киелі Қордай жерінде биылғы жылы қолға алынған игі істерді көрсе, шіркін…

Расында, онсыз да қалаға бергісіз Қордайым соңғы жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен зор қарқынмен көркейді, гүлденді. Аудан орталығы бұрын-соңды болмаған құрылыс алаңына айналып, қыруар қаржы бөлінді. Асфальт төсемі жаңартылған орталық алаң түрлі-түсті гүлге оранып, заманауи жарық шамдары, сәнді орындықтар орнатылды. Жол жиектері ретке келтіріліп, субұрқақтар бой көтерді. Ауылдың орталығымен өтіп жатқан каналдың бойы абаттандырылып, демалыс орындары мен жаяу жүргіншілер жолағы пайда болды. Бір ғана Қордай ауылында жүздеген шақырым көшелер жөнделіп, еш уақытта тас төселмеген көшелерге асфальт төселді. Тіпті, ауылдың сырт жағындағы үлкенді-кішілі көшелердің жөнделгенін көргенде бойыңа еріксіз қуаныш сезімі ұялайды. Мысалы, аудан орталығындағы көшелерді қоспағандағы Цемзауытқа, Шөмішке, «Балауса» балаларды сауықтыру лагеріне дейін апаратын жолдың өзіне, ондағы майда көшелерге тақтайдай түзу асфальт төселген. Тіпті, мен тұратын Гагарин көшесінің өзі құдды бір қаланың көшесіндей құлпырып шыға келді. Бүгінде кешқұрым көшеге шыға қалсаң көшеде велосипед мініп, самокат тепкен балақайлардан көзің сүрінеді. Мұның өзі ауыл тұрғындары мен былдырлаған балақайлар үшін зор қуаныш. Түптеп келгенде, еліміз еңсесін түзеген сәтте халықтың жағдайының жақсаруы, әл-ауқатының артуы бірінші кезекте мемлекет басшылығының арқасы. Олай болса ел игілігі үшін атқарылған істердің қадірін біліп, туған жерімізді әрқашан құрметтеп жүрейік, ағайын.

 

А.Бражников, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.