Артынан ерген інілеріне ізетін аямаған, ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауым елге бас-көз бола білген ауыл ақсақалдарының орны әрдайым ерекше. Сондықтан үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу халқымыздың қанына сіңген ерекше қасиеттердің бірі екені ертеден белгілі. Елімізде егде жастағы адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көптеп көңіл бөлініп келеді. Осы үрдісті ұстанған аудан әкімі Рүстем Дәулет кеше ауданымыздың ардагерлерімен кездесіп, әңгімелесіп қайтты.
Бейсенбі күні аудандық ардагерлер кеңесінің кеңсесіне ауданда талай жыл еңбек етіп, бүгінде немере-шөберелерінің арасында бейнетінің зейнетін көріп жүрген ардагерлер жиналды. Олардың арасында жасы тоқсаннан асқан қариялардан бас-тап, күні кеше еңбек демалысына шыққан азаматтарға дейін болды. Аудан ардагерлері зейнетке шықса да қоғамдық өмірде белсенділік танытып, ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз ету, жас қазақстандықтарға патриоттық тәрбие беру ісіне, тіптен қоғамдағы дау-дамайды шешуге араласып келеді.
Ардагерлердің жағдайын сұрастырған Рүстем Рысбайұлы аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
-Өздеріңіз куә болғандай, биыл ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Арасында ауыз толтырып айтарлық ең үлкені аудандағы жолдардың жөнделуі. Ағымдағы жылы автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына қыруар қаражат қарастырылды. Осының арқасында Ауқатты-Бәйтерек, Отар-Сұлутөр, Бетқайнар-Соғанды, Алға-Көгадыр, Қақпатас-Беріктас және Мұзбел ауылына кіреберіс жолдар асфальтталды. Жалпы, 4 аудандық жол, 268 ауылішілік көше жөнделді. Осы жұмыстарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» атты мемлекеттік бағдарламалар үлкен септігін тигізді, – деген аудан әкімі өзге де жұмыстарға тоқталды.
Аудандағы салынып жатқан және күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептер, көшелердің жарықтандырылуы, спорт және мәдениет нысандарының құрылысы, тұрғын үйлердің құрылысы іспеттес әр салаға кеңінен тоқталып өткен Рүстем Дәулет ардагерлердің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді.
Жиында әр округтен келген ардагерлер өз ауылына қатысты проблемаларды көтерді. Рүстем Рысбайұлы қариялардың қойған сұрақтарынан хабардар екенін айта келе, суармалы су мен жер мәселесі, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, медицина саласына байланысты сұрақтарға нақты жауабын беріп, алдағы ауқымды жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде аудан ардагерлері өздерінің ұлтаралық қатынас, ұлттар достығы, бірлік, татулық және жастар тәрбиесі бағытында үлкен істерді атқарып келгенін атап өтіп, бұл жұмысты әрі қарай жалғастыру қажеттігін жеткізді.
-Ардагерлердің алдында үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Оларды орындау үшін аудан ардагерлері бар мүмкіндікті пайдаланады деп сеніммен айта аламын, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет.
Аудан әкімімен сұхбат құрып, көкейінде жүрген сауалдарын алға тартқан ардагерлер аудан және облыс басшылығына, Президентке атқарып жатқан ілкімді істері үшін алғыстарын айтып, елімізге, жұртымызға ізгі тілектерін жеткізіп, батасын берді.
Еркін ҚАТБЕКОВ