Кимешек киген кешегі аналардың бейнесін бүгінгі күні қайта жаңғырту – қазақ аналарының қоғамдағы мәртебесін арттырары сөзсіз. Осыны мақсат еткен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық бірлестігі жуырда ауданымызда кимешек шеруін өткізгені белгілі. Осы шеруге қатысушылардың бірі Алға ауылының тұрғыны, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Жұмақыз Боранбаева болса кимешекті күнделікті киіп жүретін әже.
Бүгінде үлкен бір әулеттің анасы атанып отырған әжейдің кейінгі ұрпаққа үйретер ісі мен қалдырар өнегесі де зор екен. Қос қолынан өнері тамған кейуана кимешектен бөлек, ұлттық киімдерді өзі тігіп шығарады.
Жастайынан өнерге жақын болып өскен Жұмақыз Нұрдәулетқызы қазақи салт-дәстүрді ұстанып, қолөнерден қол үзген емес. Бойындағы өнерін өзінің немересі Балнұрға бар ынтасымен сіңіріп жүр. Еңбегі бағаланып, қолөнерден өткен байқауларға, мәдени шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, бірнеше рет марапатталған. Бүгінде Жұмақыз әже ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөберелерінің қызығын көріп отырған ұлағатты әже. Көз ашқалы бейнет көрген қария әжеміз бен алпыс жылдай отасқан отағасы екеуі бүгінде өз орындарын тапқан ұл мен қыздың, немере мен шөберенің ортасында бақытты да баянды ғұмыр кешіп келеді.
«Берік отбасы — қоғамның тірегі», демекші отағасы Ықылас ата да өнерден кенде емес екен. Киелі домбырасын серік еткен ақсақал ауылдықтар арасында үлкен құрметке ие. Сәні мен салтанаты жарасқан берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі.
Айтпақшы, тігін машинасының «құлағында ойнайтын» әжеміздің оюлы, құрақ көрпелері алыстан көз тартады. Төрт қызының жасауын толықтай өз қолымен жасап берген. Ұл-келін, немерелеріне арнап ұлттық киімдерді де өз қолымен тігіп әзірлеп қойған. Салтанатты күндері бүкіл отбасымен ұлттық киімдерін киіп жарқырап шығады. Одан бөлек, әжей бүгінде ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдардың дайындалу жолын сақтап келе жатқан жан. «Қарын бүрме», «жөргем» атты әженің өз қолымен пісірген тағамдары жоғарыда айтылған кимешек шеруіне байланысты жайылған дастарханның сәні болғаны рас.
Әңгіме барысында әжей ойындағы арманымен де бөлісті. Қойдың жүнін кәдеге жаратуды ойлап жүр. «Ата-бабаларымыз күнделікті тірлігінде төрт түлік малдың жүнін кеңінен қолданған. Бағып-баптаған жануарларының жүнін май мен шайырдан, шаң-тозаңнан тазартып жуу, оны сұрыптау, бояп өңдеу, иіріп жіп алу немесе одан бұйымдар дайындау нағыз бейнет пен төзімділікті талап етеді. Халқымыз баққан жануарының қылшығын ұқсатып, бұйым жасауды бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Одан бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қараша үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сынды ең қажетті мүліктер жасалған. Қазақтардың дәстүрлі шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға көп қолданылатыны түйе және қой жүндері, ешкі түбіті мен қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің шудасы. Халқымыз сан ғасырлар бойы ұлттық нақышта қолөнер бұйымдарын жасауды ұрпақтан ұрпаққа мирас ретінде үйретіп отырған. Қолдау танытып, қаражат бөліп өз ісін ашамын дейтін жастар табылып жатса, киіз басып, түңлік, ірге киіз, пима сынды дүниелерді жасау жолын үйретуге әзірмін», дейді өнерлі кейуана. Ұлт құндылықтарының ұйытқысы болып жүрген жанның бұл ойы іске асып жатса, әрине, құба-құп болар еді.
-Отбасы – кішкентай мемлекет. Әр отбасы мүшесін тәрбиелей отырып, бүтін бір мемлекеттің халқын тәрбиелейміз. Сол себепті біздің отбасында тәрбиеге аса мән беріледі. Бала-келіннің өз балаларына өздері алған тәрбиені берері анық. Сондықтан отағасы екеуміз балаларымыздың бойына барынша жақсы қасиеттерді сіңіріп, жаманнан жирентуге тырысып келеміз, — дейді әже.
Анжела ИЗАЕВА