«ALENSIA» – сапа мен жайлылықтың белгісі

0

Қордай өңірінде арнайы киім-кешек, төсек-орын, матрац, ұлттық тұрмыстық бұйымдарды шығарумен айналысатын бірқатар кәсіпорындардың өнеркәсіптің өркендеуіне қосқан үлесі зор.

Солардың ішінде балаларға арналған отандық киімдерді шығаратын «ALENSIA» ЖШС-ін ерекше атап өткен жөн. Жоғары сапалы өнім шығарып,  оны сән трендтерімен үйлестіре білген «ALENSIA» тұтынушылар арасында кең танылуда.

2009 жылдан бері балалар киімінің өндірісімен айналысады. Ол нарықта заманауи талаптарды сақтап,  мектеп киімін тігіп шығарумен қатар ішкі нарыққа сатып жүрген толықтай тәуелсіз компания.

 

Мектеп формасы жайлы

 

Кәсіпорын басшысы Александр Радушкиннің айтуынша, серіктестіктің негізгі бағыты – мектеп формасы, ал негізгі тұтынушылары – балалар. Барлық өнімдер жоғары бағаланады, бұл жерде ең бастысы — сенімді жоғалтпау. Компания өз қызметінде сапаны бірінші орынға қояды.

Өнімдер сертификатталған. Кәсіпорында сапа менеджменті жүйесі енгізілген (тігін бұйымдарын өндіру мен өткізуде ҚР СТ ИСО 9001-2009 (ISO 9001:2008) «Сапа менеджменті жүйелері» талаптарын қатаң ұстанады). Сонымен қатар, өндірілген өнімдер ыңғайлы және сәнді болуы керек.

Компанияның ішкі маркетингтік зерттеулеріне, тұтынушылар арасында жүргізілген сауалнамаларға сәйкес, мектеп формасының ең сапалы әрі сәнді түрлері жасалды. Мектеп формасының мыжылып қалмауы, ыңғайлы болуы өте маңызды, оқу жылының соңында ол байырғы қалпын сақтауы керек, сонымен бірге ауа өткізетін болуы тиіс. Нәтижесінде әртүрлі маталарды талдап, ең жақсысын іріктеп, технологтардың тынымсыз ізденісі барысында, тұтынушылар мақұлдаған өнім үлгілері жасалды. Өндірісте қолданылатын соңғы технологиялардың арқасында «ALENSIA» ЖШС киімдері іс жүзінде мыжылып қалмайды, жуғаннан кейін олар ұзақ және мұқият үтіктеуді қажет етпейді, бұл ата-аналар үшін маңызды. Өнімдер Жапония, Германия және Қытайдан әкелінген жетекші өндірушілердің инновациялық жабдықтарында шығарылады. Киім өндірісінде заманауи және сапалы фурнитура, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Түркия және Қытайдан әкелінген маталар қолданылады. Тұтынушы сенімі үшін «күресте» компания ең үздік деп танылған жеткізушілерден тек жоғары сапалы шикізатты таңдайды.

«Біз тек сенімді серіктестермен жұмыс істейміз. Балалар киімі нарығында бәсекелестік өте жоғары, сондықтан біздің киімдерімізге арналған фурнитура мен маталар барлық сапа стандарттарына сай болуы керек. Біздің мамандар тігін өндірісі үшін технологиялар мен шикізат көрмелеріне жиі қатысады, сондықтан бізде ең жақсы өндірушілерді таңдау мүмкіндігі бар. Бұл тәсіл делдалсыз, өндірушілермен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді, ал ол, өз кезегінде, өніміміздің сапасы мен құнына оң әсер етеді. Бұл бізге бөлшек және көтерме тұтынушыларға тамаша сапамен қолжетімді бағада ұсынуға мүмкіндік береді», — дейді Александр Радушкин.

 

Қызметкерлерді үйретуде тәлімгерлік қолданылады

 

Мұнда бәрі жоғары деңгейге қойылған, және соны ұстануға тырысады. Серіктестік аумағында өнім өндірудің технологиялық кезеңдері – жобалау, кесуден бастап дайын өнімді жөнелтуге дейін рет-ретімен ұйымдастырылған.

Директор серіктестік командасына ерекше мән береді. Өйткені, түпкілікті нәтиже ұжымның біртұтастығына, үйлескен әрекеттеріне байланысты. Кәсіпорын ұжымы кәсіби біліктілігі жоғары мамандардан құралған – олар тігіншілер, технологтар, сапа техникасының бақылаушылары, модельерлер мен құрастырушылар.

«Тігін өндірісінде қызметкерлердің жаңа технологияларды білуі және меңгеруі, инновациялық құрал-жабдықтармен жұмыс істей білуі және үнемі білімі мен біліктілігін арттырып отыруы өте маңызды. Біз балалар киімі сән әлемі сұранысына сәйкес соңғы әлемдік тенденцияларды ескере отырып, нағыз эксклюзивті үлгілерді жасаймыз. Нәтижесінде біздің киімдер мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарының алуан-түрлі талаптарын қанағаттандыра алатындығымен сұранысқа ие. Әркім ыңғайлы әрі жайлы, сәнді киімдерді таңдай алады», – дейді цех бастығы Надежда Булавина.

Надежда цехта 12 жылдан бері жұмыс істейді. Серіктестіктің алғашқы құрылған жылдарында шебер бір мезгілде бірнеше жұмысты атқарған – әрі дизайнер, әрі конструктор, әрі технолог, әрі тігінші болды.

-Балаларға киім тігу ересектерге қарағанда қиын деп айтуға болмайды. Бірақ ерекшеліктері бар: мысалы, өлшеу кезінде балалар айналшықтап, бір орында тұрмайды – бұл жерде шыдамдылық қажет. Айтпақшы, біз киімді өлшеп-пішу кезінде өзіміздің немесе таныстардың балаларына кигізіп, өлшейміз, — деп жалғастырды Надежда Булавина.

Көптеген қызметкерлер компанияда он жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Ольга Федорова, Олег Гетман, Динара Орынбаева, Жанара Попытай, Елена Щепкина, Валентина Иванова, Гүлсім Қалабаева, Айгүл Мұрамбаева, Рано Хамитова — өз тәжірибесінің арқасында сапалы жұмыс істей білетін білікті мамандар. Салада кәсіби мамандар тапшылығына байланысты бұл жерде тәлімгерлік әдісі құпталады. Яғни, тігін саласы бойынша жас мамандарды өздері дайындайды.

 

Экспорт

 

Қазіргі уақытта кәдімгі бастауыш мектеп формасының түрлері сан-алуан — мектеп формасының 50-ден астам түрі бар, мәселен қыздарға арналған — алжапқышы бар көйлектен іскерлік шалбарлы костюмге дейін тігіп шығарады. Маңыздысы, қыздарға арналған мектеп топтамалары ата-аналардың қалауы бойынша жеке элементтерді біріктіре алатындай етіп тігіледі, нәтижесінде олар стандартты болып көрінетін, бірақ сонымен қатар эксклюзивті мектеп киімін алады. Бұл ұл балаларға арналған мектеп формасына да қатысты — олар стильді күртешелер мен кеудешелерді таңдай алады.

Бұл серіктестік өнімдері экспортқа шығарылатын және шетелде танымал Қазақстандағы санаулы тігін өндірістерінің бірі. Мектеп формасының коллекциялары Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталады. Егер 2015 жылы кәсіпорынның жалпы өніміндегі экспорттық үлесі небәрі 3,5% құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш бірнеше есеге өсті. Компания өнімдерін қуатты киім өнеркәсібі бар елдердің көтерме сауда компаниялары сатып алатындығын атап өту керек, яғни «ALENSIA» киімдері сапасы жағынан да, бағасы жағынан да бәсекеге қабілетті.

 

Мінсіз сапа

 

Компанияның ұраны — «Мінсіз сапа», көптеген сауда компаниялары, көтерме сатып алушылар мұны растай алады. Бұған дәлел әртүрлі көрмелер мен байқауларда алған наградалары, мәселен, «За неоценимый вклад в проведение 1-ой Международной выставки продукции для детей в Казахстане» дипломы, 2013 жылы Минскіде алған «За высокое качество представленной продукции» дипломы, «Қазақстанның үздік тауары — 2017» аймақтық байқауындағы бірінші жүлде және ҚР Президенті байқауының аясында өткен «Алтын сапа-2017» байқауынан алған «Іскер» премиясы.

 

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі

 

Кез-келген бизнес, оның қай бағытта жұмыс істейтіндігіне қарамастан, әлеуметтік тұрғыда жауапкершілікті болуы тиіс. Компания тарапынан тыл және еңбек ардагерлеріне, жетім балаларға демеушілік көмек көрсетіліп тұрады. Жыл сайын өтетін «Мектепке жол» акциясы аясында, мерекелерде ондаған балақайлар мектеп формасымен, жылы киімдермен, кеңсе тауарларымен қамтылады.

Кәсіби мереке – Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің күні қарсаңында  кәсіпкер қазақстандықтар тұтынатын жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің 70-80% отандық өнім болса ғой деген арманымен бөлісті.

 

Ләйлім Досембекова

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.