СЕРГЕКТІКТІ СЕРІК ЕТКЕН

0

Осы аптада ол сексен үшке қарады. Жасы егде тартса да, бойы еңкіш тарпаған сұңғақ бойлы бұл қарияны Қордай көшелерінде жиі кездестіруге болады. Жұма сайын мешітте  намазға тұрғандардың  маңдай алдынан бір көрсеңіз, басқа да діни рәсімдер мен ақсақалдар бас қосқан алқалы жиындардың төрінде уағыз айтып, жастармен кездесулерде тәлімдік сөзін арнап жатқанын да жиі байқауға болады. Ислам қағидаларын терең білетіндігі сонша, шариғат жайында кез-келген сұрағыңызға тұщымды жауабы әр кезде дайын тұрады. Бұған қарап  бар ғұмырын дін қызметіне арнаған  тақуа кісі ме деп ойлауыңыз кәміл.  Ал, тоқсандыққа аяқ басқанда  ақ сақалы желмен желбіреп көшеде … велосипедпен жүргенін көрсеңіз ше? Енді бірде жеңіл көлігін құйындатып бара жатады.

 

Бойын тік ұстап, білегінің күші мен қолының қарымы қайта қоймағаны Нұрғали Өмірзақов  қарияның жас кезінен салауатты өмір салты мен спортты серік етуінен деп біліңіз. Қазақ волейболының атасы –  Октябрь Жарылғаповтың  өзінен  тәлім алып, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары алматылық атақты «Буревестниктің»  жастар құрамында Жәнібек Сауранбаев, Валерий Кравченко, Касин, Иманғалиев, Сұлтановтармен қатар ойнағаны оның спорттық өмірінің жарқын беттері болып саналады. Нұрғали аға 1941 жылы 19 маусымда Самсыда өмірге келіпті. Содан екі күн өте жарты әлемді өрт шарпыған сұрапыл соғыс басталды. Күзге салым шиеттей балаларын әйелі  Өзипаға қалдырып, Өмірзақ та көппен бірге қан майданға аттанды. Бір жылдан соң артынан хат орнына қаралы қағазы келді. Сөйтіп,  аға-әкпелері тәрізді жетімдіктің тауқыметін тартумен бірде аш, бірде тоқ жүріп, ол ержетті. Алтыншы класты Самсыда бітіріп, Алматыдағы  18 мектеп-интернатқа ауысты. Одан кейін кәсіптік-техникалық училищеде механизация мамандығына оқыды. Оның бала шақтан жаны сүйген спорттық қабілеті  осы кезде бар қырынан ашылып,  училище қабырғасында жүріп-ақ волейболдан республикалық құрамаға алынады.  Түрлі  жарыстарға да қатысады. Тіпті, жастар арасындағы республика чемпионы атанып та үлгереді.

1960 жылдардың басында  елдің ең түстік және ыстық нүктесі Кушкада әскери қызметін өтеп жүріп те спорттан қол үзбеді. Алғаш дивизияның, одан кейін Орта Азия әскери округінің  волейболдан   құрама командасында Ашхабадта, Бұхарада, Ташкентте ойнады. Әскерге бұдан бір жыл кейін келген қаракемерлік Әнуар Әбдірахмановты да волейболға тартты. 1963 жылы Түркмен ССР-нің 5-ші спартакиадасында екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Әскерден кейін Октябрь Жарылғаповтың назарына ілігіп, соның ақылымен 1964 жылы қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтына қабылданды.

Осыдан кейін-ақ Нұрекеңнің спорттық өмірбаяны бірінен бірі өткен жетістіктерге ұласты.  1965 жылы  студенттердің  бүкілқазақстандық жазғы ойындарының чемпионы атанса,  1967 жылы  Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналып Мәскеуде өткен КСРО халықтарының IV спартакиадасына Қазақстаннан қатысқан белсенді он студенттің қатарында марапатталды. 1968 жылы институтты доп ойындары (волейбол, футбол, баскетбол, қол добы т.б.) бойынша бітірген жас педагог-жаттықтырушы жолдамамен Красногор кеңшар-техникумына жіберіледі. Міне, осы бір орында табан аудармастан 2005 жылы зейнетке шыққанша еңбек етті. Қырық жылға таяу бұл аралықта Нұрғали Өмірзақұлы техникумның қатардағы мұғалімінен директордың дене тәрбиесі және әскери іс жөніндегі  орынбасарына дейін көтеріліп, қаншама буын спортқұмар жастарды тәрбиеледі десейші. 1969 жылы ауыл жастарының бүкіқазақстандық спартакиадасына  Жамбыл облыстық волейбол құрамасын жаттықтырып (Қордайдан төрт бала қатысқан), нәтижесінде жамбылдықтар астаналық облыстан кейінгі екінші орынды иеленді.   1973 жылы Қазақстандағы алпыстай техникумның арасында социалистік жарыстың жеңімпазы ретінде Красногор-кеңшар техникумының футболшыларын  Украинаның Симферополь қаласында өткен КСРО «Халықтар достығы»  футбол туниріне бастап баруы үлкен оқиға болған еді. Осындай биік жетістіктермен қордайлық оқу орнының абыройын сан мәрте көтерді, өзі де өсті, тұлғаланды. Суреті ұзақ жылдар бойы оқу орнының Құрмет тақтасында ілулі тұрды.  Спорт шеберлігіне кандидат атанды. 1995 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі», 2000 жылы «Жоғары санатты дене тәрбиесі мұғалімі» атағы берілді. 2018 жылы «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының Құрмет медалін» КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор  Хван Май Ундеевичтің өзі институтқа шақырып алып тапсыруы да  жәй ғана оқиға емес.  Кезінде Ырғайтыдағы техникумда білім алған мемлекет және қоғам қайраткері, Жамбыл облысының әкімі болған  Серік Үмбетовпен болған кездесудің төрінде отыруы да шәкірттің ұстазға деген құрметінің бір көрінісі болып еді.

Н.Өмірзақов Қордайға тоғызқұмалақты алғаш әкелуші де. 2000 жылдардың басында тоғызқұмалақтан спорт шебері және еңбек сіңірген жаттықтырушы, жеті дүркін Қазақстан жеңімпазы болған қаратаулық Әбілда Ақшораевтың қасында бірнеше күн жүріп таңсық ойынның қыр-сырын меңгеріп келіп, алдымен әйелі Бақытжамал Иманалиеваға үйретеді. Ол да спортшы, институтта бірге оқып, екеуі шаңырақ құрып жолдамамен техникумға  бірге келген еді. Кейіннен бұлардан  Мәди Шарап  үйреніп, ол бүгінде тоғызқұмалақтың облыстағы сайыпқырандарының біріне айналды. 2011  жылы  байырғы досы, атақты волейболшы   Жәнібек Сауранбаев Қордайға келіп атақты тілші ғалым, әкесі Нығымет Сауранбаевтың 100 жылдығын өткізгенде қасында бірер күн болған еді. Бір өкініш, сол досы да, зайыбы Бақытжамал да бақилық болған. Шүкір,  екі ұл, бір қызы лайықты білім алып, отбасын құрып қызметке араласты. Солардың тілеуін тілеп он бес жылдай салт жүрді де, кейіннен қайта бас құрады. Мәулітгүл екеуінің ендігі тілегі Нұрбек, Нұрислам, Нұрай, Әлім атты немере-шөберелерінің үстінде. Сау етіп бәрі келе қалған күн бұларға мереке.

Нұрекең 1998 жылдан мұсылмандыққа ден қойған. Елімізде білікті имамдардың қат кезінде  Қазақстан муфтиі Рәтбек қажының рұқсатымен аудандық мешітте наиб имам, Ноғайбай ауылындағы мешітте бес жылдай имам болғаны  бар. Екі мәрте қажылыққа да барып келді. Бүгінге дейін аудандық мешіттің тексеру комиссиясының мүшесі.

Әуелде айтқанымыздай, Нұрғали Өмірзақов қария әлі де спорттан қол үзген жоқ. Күніге бір-екі сағат жаяу жүру, велосипед тебу өмірлік дағдысына айналған. Тоғызқұмалақ, дойбы ойнайды. Тек, егде жасына байланысты шалт қимылдары көп волейболды қойды. Есесіне, спорт түрлерінен өтетін  жарыстардың  төрешілер құрамынан қалған емес. Аудандық ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі  ретінде мектептерде, жастар орталығында өтетін кездесулерде тәрбиелік мәнді ұлағат  айтудан жалықпайды.  Салауатты өмір салты мен имандылықты қатар алып жүрген ақсақалымыз қандай құрметке де лайық.

 

 Құрманбек Әлімжан,

                           ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.