ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕДІ

0

29 маусымда Астана қаласында «AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші Республикалық форумы өтті.

Оның басты мақсаты – Мемлекет басшысының саяси реформаларының нәтижесінде депутаттар мен мәслихаттар жұмысындағы өзгерістерге ықпал ету, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету үшін партия мүшелерінің іс-әрекетін біріктіру болды. Оның жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысты, оның 2,5 мыңы жергілікті өкілді органдардың «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттары немесе республикадағы барлық мәслихат депутаттарының 77 пайызға жуығы болды. Ауданымыздан Форумға аудандық мәслихаттың 10 депутаты, облыстық мәслихаттың 2 депутаты қатысты.

Халық қалаулылары өз аймағының өзекті мәселелерін тікелей министрлер алдында көтеріп, жан-жақты жауап алатын мұндай шара алғаш рет өткізілгендіктен, Қордай аудандық мәслихатының депутаттары бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана алды десе болады. «Қордай» орталық бақылау-өткізу бекетінде адамдардың кезегі мен көлік кептелісі көп болғандықтан, Әлібек Омар бақылау-өткізу бекетінде жеке куәліктерді бақылау үшін электронды терминалдар мен турникеттер орнату қажеттілігі туралы мәселені көтерді. Суармалы судың өткір тапшылығы және оны шешу жолдары – каналдарды бетондау үшін қаражат бөлу және Қырғыз Республикасынан су жеткізу кестесінің сақталуын қамтамасыз ету мәселесін Камиля Дургалова айтты. Қатира Увалиева аудан ауылдарындағы жолдарды жөндеу және электр бағаналары мен сымдарын ауыстыру туралы айтты.

Бүгінде «AMANAT» депутаттарының барлығын біртұтас жауапкершілік пен ортақ миссия – халыққа, елге қызмет ету біріктіреді. Ендеше, кез-келген мәслихат депутатының басты міндеті – сайлаушылардың аманатын орындап, халық артқан сенімін ақтау болып табылатын сайлау алдындағы уәделерін орындау екені даусыз.  Сонымен қатар,  форум депутаттарға серпін беріп,  келесі кезекте олар өз деңгейінде қызметін жандандыратын болады.

Нұрдин САДЫҚОВ, Қордай аудандық мәслихатының төрағасы, «АMANAT» партиясының депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.