Алдымен Гүлмәрия әпке хабарласты:
– Бауырым, осы Сағыныш қайда екен? Біз көріспегелі 53 жылдың жүзі болыпты, -деді.
Қазақ телевизиясының көрнекті өкілі Гүлмәрия Барманбекова өткен айда авторлық телехабар дайындаумен біраз уақыт Қордайда болған-ды. Шынын айтсам, есімі елге мәлім жерлесімізді сырттай жақсы білгеніммен, өзімен жүздесіп отырғаным осы жолы ғана. Ол еңбек жолын әу баста «Қордай шамшырағында» бастаған, руы біздің Шойғара, Күнбатыс ауылының тумасы. Әрі әріптес, әрі бауыр тез тіл табысып кетіп едік. «Сағынышты көрмегелі 53 жыл өтті» дегені қызық көрінді. Дереу екеуін кездестіруге кірістім.
Телефонмен білсем, Сағыныш тәте үйінде екен, «қазір бір шаруамен Сізге барамын, елу жыл көрмеген құрбыңызбен бірге» дедім. Бірақ атын айтпадым. «Келе ғой» деді ол кісі қашанғы мейірбан қалпында. Сосын Гүлмәрия әпкені Қордайдағы сіңлісінің үйінен алып, екеуміз Сағыныштікіне келдік.
Алғашқыда Сағыныш тәте табалдырықта тұрып “елу жыл бойы көрмей жүрген бұл кім болды екен?” дегендей қонағына тосырқай қарады. Артынша-ақ: – Оу, Гүлмәриямысың? – деп құшағын кеңінен ашты. Қолындағы гүлімен бұл да ұмтылды. Тарихи сәтті қалт жібермей суретке түсіріп-ақ жатырмын. Иә, екі тәтемнің бұл кездесуі шынында да тарихи еді. Үйге кіріп, дастарқан басындағы емен-жарқын әңгімелесу барысында талай сырларына қанықтым.
– Мен өзіңді теледидардан жиі көремін, содан да бірден таныдым, — дейді Сағыныш. Ал, Гүлмәрия оны сонау 1970 жылдан кейін көріп отырғанын айтады.
Сағыныш Медетбекова аудандық газеттің ардагері, ол кісімен жиырма жылға жуық бірге қызмет еткенмін. Өткен жылы ғана оның сексен жасқа толуына орай өмірбаяндық мақала жазғанмын. Ал, Гүлмәрия туралы кеңінен білудің сәті енді туып отыр.
“Қордай шамшырағының” 1969-70 жылғы тігінділерінен тілші Гүлмәрия Кемпірованың (қыз кезіндегі тегі) мақалаларын жиі көруге болады. Алдымен, Күнбатыс сегізжылдық мектебін бітірген 1965 жылы мектеп директоры Тәшкенбай Момбаев “сенен мықты мұғалім шығады” деп қолпаштап Тараздағы (ол кезде Жамбыл) Абай атындағы педагогикалық училищеге жібереді. Төрт жылда оны қызыл дипломмен бітіргенімен, бір күн де мұғалім болып істемеген. Бұл мамандықты жүрегі қаламаған. Жасынан ер балалармен жағаласып бұла өскен, спортқа бейім мінезді қыз училище қабырғасында да өткірлігімен көзге түсіп, ДОСААФ-тың мылтық атудан жарыстарына қатыса бастайды. Жай ғана қатысып қоймай, аз уақытта-ақ мергендігімен танылады. Қаланың, облыстың, одан республиканың үздіктері қатарынан көрінеді. Тіпті, 1968 жылы Орта Азия қыз-келіншектері олимпиадасында чемпион болып ғарышкер Валентина Терешкованың қолынан диплом алғаны ше! Сөйтіп, нысана көздеуден қазақ қыздарынан шыққан “құралайды көзге атқан” тұңғыш аталады.
Мұғалім болғысы келмегенмен оның жүрегі қалаған бір сала — жазу өнері еді. Ұйқастырып өлең құрап, қиыстырып новеллалар жазатын. Училищеде оқып жүргенде талай жазбаларын облыстық газетке апарып, оның біразы “Еңбек туында” жарияланған да. Білімін университетте жалғастыруға алғашқы жылы үлгермеді. “Қордай шамшырағынан” бір орын табылып еңбек жолын бастайтыны осы кез.
… Екеуі жарты ғасырға (елу үш жыл) шегініс жасап, бір күліп, бір тебіреніп отырып талай жайларды еске түсірді. Газеттің редакторы Анатолий Андреев, орынбасары Жапар Көпбаев, бөлім бастығы Махан Боқаев ағалар, ол кездегі жап-жас тілшілер Бочков, Бондарева, Прохоровский және басқалары еске алынды. Өздері де қылшылдаған жас еді, Гүлмәрия тіпті он тоғызда ғана. Сағыныш тәте де жиырманы жаңа орталаған. Гүлмәрияның 1970 жылы көктемде Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай облыстық “Еңбек туы” газетінің конкурсына жазған мақаласы бірінші орын алып, ақшалай сыйлықпен марапатталыпты. Бұл да аудандық газеттің абыройын асқақтатқан оқиға болыпты. Бір күні редакцияның жастары дуылдап Күнбатысқа барып табиғат аясында сауық құрғандарын да еске алды. Қордайда жүріп те Гүлмәрия мылтық атудан республикалық құрама сапында талай жарыстарға қатысыпты. Ол кезде редакцияның сыртындағы стадионда мылтық ататын “тир” болған екен, қолы қалт еткенде сол жерден табылатын болған.
Аудандық газеттегі бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығып, Гүлмәрия “Еңбек туы” мен “Қордай шамшырағында” жарияланған мақалаларын қиып алып КазГУ-дің шығармашылық конкурсынан өтеді, өзі армандаған журналистика факультетіне оқуға қабылданады. Оның курстастарынан бүгінде аты мәлім Сауытбек Әбдірахманов, Ержұман Смайылов, Қуаныш Жиенбаев, Ербол Шәймерденов, Серік Байхонов, Сүлеймен Мәмет, Бақытгүл Әлішева сынды қарымды журналистер мен жазушылар шықты. Гүлмәрияның өзі де олардан кем түспейтін биіктерді бағындырды. Университетте оқи жүріп отау құрды — өзінің ауылдас сыныптасы, бала махаббатымен жүрегін баурап алған Кенжебек Барманбековпен шаңырақ көтеріп, күйеуінің тегіне ауысты. Гүлмәрия Барманбекова үшінші курстан бастап радио-тележурналистика саласына маманданып, оқу бітірген бойда Қазақ радиосының “Шалқар” бағдарламасында тілші қызметін атқарды. 1980 жылы Қазақ теледидарының спорт комментаторы болды. Сөйтіп, ол тағы бір тұңғыш — қазақ тілінде спорт тақырыбын эфирге алып шыққан алғашқы әйел спорт тележүргізушісі атанды.
Телевизияда қызмет ете жүріп, денсаулық, қоғамдық-саяси, әлеуметтік тақырыптарға хабарлар әзірледі. Айтулы оқиғалардан репортаждар жасап, белгілі тұлғалармен сұхбат жүргізді, есімдері әлемге әйгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері, өнер адамдары жайлы бейнероликтер, телефильм-дер жасады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІІ шақырылымында Қазақ теледидарының тілшісі қызметін атқарды. 1995 жылы “Сапа” деген авторлық бағдарламасын экранға шығарып, он жыл бойы көрермендердің көзайымына айналды. Бұл қазақ журналистикасы тарихында нарықтық тақырыпты қазақ телевизиясының тұжырымдамасына алғаш енгізген бағдарлама болды. Зейнетке шыққаннан кейін “Businesswomen kz” журналының қазақша нұсқасының бас редакторы, “Сұлтан” журналының редакторы болып шығармашылық қызметін жалғастырды.
Журналистік қызмет жолы Г.Барманбекованы төрткүл дүниеге шарлатты. Біріккен Араб әмірлігі, Англия, Франция, Испания, Бельгия, Голландия, Германия, Қытай, Тайланд, Үндістан, Түркияға барған іссапарлары мен саяхаттарынан алған әсерлерін “Ғажайып әлем” атты кітабында әсерлі баяндайды. Алдағы қазан айында Анталияда өтетін “Түркі әлемі әйелдерінің форумына” да шақырту алып отыр екен. Оның қаламынан “Рекордқа жол” очерктер жинағы (1985) және өз ғұмырынан сыр шертіп бастап өмірден түйген қуатты ой тамшыларынан тұратын “Өмірдің дәмі” (2013) атты кітаптары да жарық көрген. Ал, республикалық газет-журналдарда жарияланған заман ағысындағы айшықты оқиғаларға негізделген әңгімелері мен тұғыры биік тұлғалар турасындағы сұхбат-очерктері көзі қарақты қалың оқырманға мәлім болар. “Қазақ телевизиясының тарланы”, “Қазақстан журналистикасының майталманы” атанып, салалық министрліктің, телеарналардың көптеген төсбелгі-медальдерімен де марапатталған.
Ол отбасылық қуанышқа бөленіп, бақытты ана-әже атана да білді. Белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер одағының “Өнер” комбинатында суретші-монументалист, “Егемен Қазақстан”, “Жетісу” газеттерінде суретші-ретушер болып істеген жұбайы Кенжебек Барманбеков екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Алайда, өмір шіркін өкінішсіз болған ба? Көзінің ағы мен қарасындай қос құлыншағының бірі – қызы Рауана 2006 жылы жиырма сегіз жасында көлік апатына ұшырап, қасындағы тетелес екі сәбиімен бірге бақилық болды. Олардан кейін отағасы Кенжебек те өмірден озып кетті. Қайғыға қайғы жамаған қасіреттің зілмауыр салмағы Гүлмәрияның жүрегін езіп жібергендей еді. Алайда, жаратылысынан қайсар жан майысса да сынбады. Бойын қайта тіктеді. Әрбір таңын ұлы Арман мен келіні Әлиманның, немерелерінің мұңсыз өмірін тілеумен атырады. Немеренің үлкені Данайхан үш жылдан бері АҚШ-тың Аризона штатында жоғары білім алуда, биыл мектеп бітіріп жатқан Алуа да ағасының жолын қумақшы екен. Өзі де қарап жатпай бүкіл саналы өмірін арнаған сүйікті кәсібіне қайта оралғандай. Ара-тұра осылай ел аралап тарихи тұлғалар, ел дамуына айрықша үлес қосып жүрген бүгінгі күннің ерлері туралы деректі фильмдер түсірумен шұғылдануда. Туған жерге осы келгенінде Қордайда туып, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер болған Дәурен Әбіровтың 100 жылдығына арнап, атақты бишінің ізін жалғастырушы Зияш Жазықбаева мен оның қызы Махаббат Баденованың шығармашылығы туралы телефильм түсіруді мақсат етіпті. Өмірден ерте қайтқан белгілі журналист Бейбіт Құсанбек кезінде бұл кісі туралы: “Гүлмәрия апай қазақ телевизиясының еңлікгүлі” деген екен. Ал, еңлікгүл (эдельвейс) әркімнің аяғы жете бермес зәу биікте, шың басында өсетін гүл екенін ойласақ, бұл теңеудің астарында шынайы шындықтың жатқанына көзіміз жеткендей.
… Екеуі әлі әңгімелесіп отыр. Кішкентай немерелері бірінен кейін бірі жүгіріп келіп Сағыныш тәтенің мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп жатыр. Мұндайда әңгіме желісі үзіліп қалып, бүлдіршіндер мауқын басып болғасын қайта жалғасады. Бір кезде келіні Елена қазақшалап дастарқан жая бастады. Оның жөн-жосықты кейбір қазақ келіндерінен артық білетінін айтумен Сағыныш тәте қызыға түседі. Гүлмәрия оған қызыға құлақ түреді. Сон-а-ау жас күндерінде біраз уақыт бір ұжымда иықтаса қызмет атқарған екеуінің араға бақандай жарты ғасыр салып, егде шақтағы кездесуінің ғибратына бөленіп мен отырмын. Мұны тағдырлар тоғысуы десе болар.
Құрманбек Әлімжан, ардагер журналист.