Бүгінде сиыр сауып, май шайқайтын, құрты мен қатығы әркез дастарханының төрінен табылатын отбасы кемде-кем. Көпшілігі дайын өнімді дүкеннен сатып ала салуды жөн көреді. Бұған бір жағынан қым-қуыт тіршілік, бір жағынан мал ұстаудың бейнеті көптігі себеп.
Дегенмен, ата кәсіпті жолға қойып, өзгелерге үлгі болып отырғандар да жоқ емес. Осындай жандардың бірі – Гүлім Есенбаева. Отар ауылының тұрғыны еңбектенген жан несібесіз қалмайтынына сенімді. 36 жасар келіншек өткен жылы «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында мемлекеттен 400 АЕК (1 225 200тг) көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болып, сол қаражатқа төрт бас сауынды сиыр алған. Таң қылаң бере бастаған шақта сиырын сауып, оның сүтінен май, айран, құрт секілді табиғи өнімдерді дайындап, ауылдастарына cатады. Қазір сүтті сиырлары буаз екен. Гүлім мал басының көбейіп, ырыс-несібелерінің артатынына қуанышты. «Қазір қолы қимылдағанның ғана аузы жыбырлайтын уақыт. Құдай көрсеткен балаларымның қажетін қамтып, болашағын ойлап, осындай қарекет қылудамыз. Сиыр – молшылық әкелетін жануар екеніне көзім жетуде. Сүт өнімдеріне деген халықтың сұранысы да жоғары. Өйткені, осы күні дүкендегі түрлі қоспадан дайындалатын сүттердің бағасы қолдың сүтінен қымбат. Халықтың қалтасы көтеретін бағада өнім өндіргеннің бір жақсысы – ақысын аласың әрі алғысқа бөленесің. Сиырларым төлдегеннен кейін, қолдың май-қаймағын сатуды қайта қолға алмақпын»,-дейді кәсіпкер.
Айтпақшы, Гүлім жеті баланың анасы. Перзенттерінің алды он жетіде болса, кенжесі небәрі бір жаста. Отағасы Данияр теміржолда жол жөндеуші болып жұмыс істейді. Үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп отырған отбасы осы уақытқа дейін бір бөлмелі қызметтік пәтерде тұрып келіпті. Былтыр жомарт жандардың ұйытқы болуымен «Асар» жобасы аясында оларға бес бөлмелі үйдің кілті табыс етілді. «2022 жыл біздің отбасы үшін берекелі жыл болды. Алдымен көптен күткен арманымызға жетіп, үйлі болдық. Одан кейін мемлекеттің қолдауымен кәсібімізді бастауға мүмкіндік туды. Мақсатымызға жету жолында қол ұшын созған барша жанашыр жандарға, жергілікті әкімдікке қолдаулары үшін алғысымыз шексіз»,-дейді алтын құрсақты ана.
Үй алған соң, есік алдына отағасы өзі мал қора салыпты. Әйел адамға мал шаруашылығымен айналысқан оңай емес. Сондықтан, жұмысынан тыс уақытта Данияр жарына көмектесіп, барлығының басы-қасында жүреді. Гүлім ұл-қыздарын да бұғанасы қатпай жатып, еңбекке баулып жүр. Үлкен қыздары Айдана анасына құрт-май шайқауға көмектессе, ұлдары Абдулхади малдың жем-шөбін беріп, көңін шығарып, ата-анасының қолғанатына айналған. Түтіні түзу шыққан бұл шаңырақтың балалары маңдай тердің адал наны қалай болатынын түсініп өсіп келеді.
Алдағы уақытта кәсібін дамытып, үлкен сұранысқа ие жеке брендке айналдыруға Гүлімнің ынта-ықыласы мен ұмтылысы жетеді. Екі қолға бір күрек тауып, талай жанға үлгі болып жүрген көпбалалы ананың бастамасына сәттілік тілейміз.
Сәуле Мұхадинқызы