19-23 тамыз аралығында Қостанай қаласында «GAMMA MMA» федерациясының ұйымдастыруымен аралас жауынгерлік өнер спортынан халықаралық турнир өтіп, оған Қазақстан, Ресей Федерациясы, Белоруссия, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен барлығы 350-ге жуық спортшы қатысты. Кіл мықтылар жұдырық түйістірген додаға Қордай ауданының жас палуандары да қатысып, олжамен оралды. Атап айтсақ, аталмыш турнирге «Қордай батыр» спорт клубының жеті тәрбиеленушісі қатысып, нәтижесінде жүлделі үшінші орынды Мақсет Қайсар, Сембай Нұрислам, Никулай Александр иеленсе, Бақберген Амир бірінші орынды қанжығасына байлап, чемпион атанды. Жерлестерімізді жүлделерімен құттықтай келе, намысты қолдан бермеген жас чемпиондарымыз жайлы толығырақ айтуды
жөн көріп отырмыз.
Жарыста үздік атанып, өзін көрсете білген аралас жекпе-жек жауынгерлерінің бірі – Мақсет Қайсар. 8 жасар палуанның «Қордай батыр» спорт клубында жаттығып жүргеніне үш жылға жуықтады. Атына заты сай қайсар жігіттің осы күнге дейінгі жетістіктері де аз емес. Ол панкратионнан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларының чемпионы. Қостанай қаласында өткен турнирде 30 келі салмақ дәрежесінде бағын сынап, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. «Менің бұл жарыстағы қарсыластарым Ресей Федерациясынан және Атырау қаласынан болды. Финалдық қарсыласым оңай болған жоқ. Барымды салып, жамбасқа лақтыру әдісімен жеңіске жеттім. ММА спорт түрінен алда тағы жарыстар келе жатыр. Енді соған дайындалып, чемпион атануды мақсат етіп отырмын»,-дейді спортшы.
Ал байрақты бәсекеде бабы мен бағы қатар жанған жас палуан Бақберген Амирдің «Қордай батыр» клубында жаттығып жүргеніне небәрі бір жыл болыпты. Қостанай қаласында өткен халықаралық турнирде бірінші орынды иеленген жас чемпион Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларының қоян-қолтық ұрыстан чемпионы, АРБ (әскери қоян-қолтық ұрыс) белбеуінің иегері. Ол бұл турнирге аса дайындықпен келгенін көрсетті. +37 келі салмақта Қостанай және Астана қалаларынан келген спортшылармен жекпе-жекке шыққан Амир қарсыластарын алып та, шалып та жығып, жеңісті жолдан жаңылмады.
Балалардың мұндай нәтижеге жетуінде жаттықтырушыларының да үлесі бары сөзсіз. Жамбыл облыстық «Жекпе жек» федерациясының президенті Қайрат Катчибаевтан тәлім алатын қос спортшы енді 27 қыркүйек-1 қазан аралығында Грецияда өтетін Әлем чемпионатына қатысып, бағын сынамақ.
«Мұндай турнирлер спортшылардың жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік береді. Тәрбиеленушілерімнің халықаралық жарыста көрсеткен өнері бұл жастағы балалар үшін үлкен жетістік. Күндіз-түні тынымсыз жаттығудың нәтиже бергеніне қуаныштымын. Балаларды жарысқа жақсылап дайындап, өздерінің шеберліктерін көрсетулері үшін арнайы Өзбекстаннан мықты деген жаттықтырушыларды, спорт шеберлерін шақырттым. Солардың бірі – Зафар Турдиев. Енді қыркүйек айында тағы үлкен чемпионат күтуде. Соған білек сыбана дайындаламыз. Осындай жалынды жастарымыздың әлемдік деңгейде танылуына үлес қосып, әрдайым демеушілік көрсетіп жүретін Қордай ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер А.Жұмабаевқа, балалардың ата-аналарына зор алғысымызды білдіреміз», -дейді Қ.Катчибаев. Ал біз қордайлық спортшыларға осымен тоқтамай, бұдан да биік межелерден көрінулеріне тілектестігімізді білдіреміз.
Сәуле Мұхадинқызы