Мамандыққа деген сүйіспеншілік әркімде әр түрлі пайда болады. Көбінесе балалық шақта, ата-анасының құндылықтарымен сусындаған бала әке-шешесін үлгі тұтып, барлық жағынан оларға ұқсауды армандайды. Жақын адамы ең басты ұстазы болғанда бір кәсіптің тұтқасын ұстаған бүтін бір әулеттер өмірге келеді.
Суджата Сарғасқаева – педагогикалық династияның жалғастырушысы. Жоғары санатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Ұстаздық еңбек жолын Абай атындағы педагогикалық университеттің филология факультетін тәмамдағаннан кейін орыс тілі және әдебиеті мұғалімі болып бастады. Білім беру саласында 38 жылдан бері еңбек етіп келеді, ал соңғы 21 жылдан бері мектеп директоры: №24 Степной орта мектебінің, №47 ОМ, №51, №4 және №1 мектеп-гимназиясында.
…Оның сөзінше, мамандық таңдауы ерте кезде-ақ белгілі болған. Бала кезінде өзін сынып алдында әдемі әрі байсалды қалпында тұрғанын, балақайлардың әрбір қимылын бақылап, сөзін мұқият тыңдап тұрғанын көз алдына елестететін. «Ұстаздық – маған тағдыр жазған мамандық деп білемін. Бұл үшін ата-анама алғысым шексіз. Олардан дарыған қасиеттерім жетерлік: әкемнен – мінез, ұстамдылық, ұйымдастырушылық қасиеттер, әр нәрсені ойластырып, талдап, шешім қабылдау, ал анамнан — сұлулық сезімі, поэзияға деген сүйіспеншілік, романтика», — деп есептейді Суджата Саятқызы.
Ол әр уақытта өзінің әжесіне ұқсауға тырысатын. Әжесі Жамал Төлендіқызы Сарғасқаева 40 жыл бойы бастауыш сынып оқытушысы болып еңбек еткен.
Әжесі шәкірттер жанында әлі күнге дейін қатал әрі принципшіл, сонымен қатар мейірімді де дана ұстаз ретінде сақталып қалғаны ғажап-ақ. Олардың естеліктеріне сәйкес Жамал Төлендіқызы өшпес әсер қалдырған. Красногор ауылында ол жинақы пиджак пен өкшелі туфли киген алғашқы ұстаз болатын. Ол заманда балалар қазақтың дәстүрлі шапанын, мәсісі мен галошын киіп жүретін ұстаздарға көздері үйреніп қалған еді. Бір ғажабы – өмірінің соңына дейін ол өз киімдерін өз қолымен ескі «Зингер» машинкасымен ұнаған қалпында тігіп алып киетін.
Атасы Келдібай Сарғасқаев мектеп директоры болған, Меркіде қазақ мектебінің директоры қызметінде жүргенде Ұлы Отан соғысына кетіп, қайта оралмады. Соғыста қаза болып кетті. Үйінде жас келіншегі мен кішкентай ұлы Саят қалды…
Әкесі Сарғасқаев Саят Келдібайұлы да мамандығы бойынша тарих мұғалімі, Қордай ауданының Құрметті азаматы, ауданымызда бірқатар ауылшаруашылығы құрылымдарын басқарған, облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылым депутаты болған, көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Анасы Любовь Жұматаевна да педагог, жаны нәзік, лирикаға жақын жан болатын, аз-кем өлең жазып, аудандық газетке шығып тұратын, он саусағынан өнері тамған шебер еді, сурет те салатын… Халықтың жадында жаны әдемі тамаша адам ретінде сақталып қалған. Тіпті, қызына да ерекше есім берген екен. «Неприкасаемые» атты үнді фильмін көргеннен соң ерекше әсерге берілген нәзік жан жұбайымен ақылдаса келе, сол киноның басты кейіпкерінің есімін таңдаймыз деп шешті. Суджата – «Бақытты» деген мағынаны білдіреді.
Суджата Саятқызы өзін шын мәнінде бақытты адаммын деп есептейді. Тұлға ретінде қалыптасты. Тамаша отбасы, сүйікті жұмысы бар. Жұмысы жайлы еске алып, ойланып әңгімелеуден шаршаған емес… Тараздағы ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесі өтіп жатқан. Облыстық білім басқармасының басшысы өз сөзінде инновация қолдануда үздік деп танылған екі білім ошағы жайлы ерекше айтып өтті, олар №45 гимназия (Тараз қ.) және қордайлық №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы. Тоғыз жылдан бері №1 Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы Жамбыл облысы бойынша мектептер рейтингісін көш басындағылар қатарында келеді. Рейтингтің бағалау критерийлерінің тізімі өте әсерлі. Оған балаларды тәрбиелеу мен оқыту деңгейі, оқушылардың түрлі жарыстарға, олимпиадаларға қатысуы, ата-аналардың оқу-тәрбие процесінің әдістері мен нәтижелеріне қанағаттануы кіреді.
Мектеп-гимназияда бүгінде 1458 бала білім алуда, оның 567 тегін ыстық тамақпен қамтылған.
2017 жылы гимназия «Табысты мектеп» номинациясын жеңіп алып, Жамбыл облысы әкімінің қолынан 500 000 теңгеге сертификат алды, 2019 жылы инновациялық режимде табысты жұмысы үшін аудандық білім бөлімінен 250 000 теңгеге сертификатты иеленсе, 2020 жылы мектеп ең тиімді мектеп ретінде аудан әкімінен бір миллион теңгелік сертификатпен марапатталды.
-Суджата Саятқызы талапшыл, сезімтал, байсалды, ең бастысы білікті басшы… Оның бейнесі мен әрекеттері үшін көптеген эпитеттерді таңдауға болады. Менің ойымша, оның басты ерекшелігі – қамқор, өте ізденімпаз директор. Әр оқушының жеке ерекшеліктеріне қарай дамуын қадағалайды, бақылау қабілеттерін дамытады, өз бетімен жұмыс істеу қабілетін дамытады, — дейді ата-аналар комитетінің мүшесі Станислав Аманбаев.
Суджата Саятқызы керемет ұстаз, оның әрбір сабағы балаларға жаңалық ашқандай. Оқушылар пайымдауға, ойлауға, өз көзқарасын қорғауға, сұлулықты сезінуге үйренеді. Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынаста ерекше сенім атмосферасы қалыптасқан.
Суджата Саятқызы Красногор мектебінде жұмыс істеп жүрген кезіндегі кейінгі өміріне шешуші тәжірибе қалдырған ең алғашқы ашық сабағын еске алды. Ұстаздық еңбек жолында бірге жұмыс істеген, әріптес-ұстаздарын жылы әрі алғыс сезіммен айтып отырады: Л.И.Непианиди, Г.И.Багирова, Н.О.Бегалиева, Қ.Ж.Райымқұлов, Б.Т.Жамангозов және т.б. Оның өзі де талай балаға өмір жолына жолдама берген, директордың қолынан диплом алған мыңдаған түлектері дүниенің төрт бұрышына тарап кетсе де, сүйікті мектебін алғыспен еске алады.
Бірқатар мектептерде директорлық қызмет атқарған жылдар естеліктер қатарында ерекше орын алады, бұл қалыптасу, сынақ пен қателік, өрлеу мен құлдырау кезеңі болды. Ал №1 мектеп-гимназиясында Суджата Саятқызы өзін үлкен ұжымның көшбасшысы ретінде толық көрсете білді. Ұжымның көмегі мен қолдауының арқасында инновацияларды ендіру бойынша жобаларды жүзеге асыруда – жаңа кабинеттер, коворкинг-орталық ашылды, «Оқитын мектеп» жобасын енгізу үшін құрал-жабдықтар орнатылды, мектептегі психологиялық климатты жақсартуға жағдайлар жасалып, мектептің іші безендіріліп, көптеген басқа да шаралар тындырылуда. Мектептегі оңды өзгерістер жайлы сөз болғанда әр уақытта мектептің педагогикалық құрамы өте мықты, әлеуеті жоғары білікті ұстаздардан құралғанын айтып отырады.
Кәсіби мереке қарсаңында Суджата Саятқызы өз ісінің нағыз шеберлерін атап өтті, өкінішке орай, барлық 170 маманды тізіп айту мүмкін болмады: Л.Өнербаева, Ж.Тұрғанова, М.Аязбаева, А.Арынова, М.Серкебаева, А.Әбдібек, Т.Чарипбеков, Т.Кенжебаева, А.Амангельдиева, Ж.Шакирова, Ю.Солодовникова, В.Монастырская, О.Мұңайтпас, Е.Солодовникова, Ж.Айнаділова, О.Рахымжанова, И.Нұрғалықова, Ш.Қарабаева, А.Соколюк және т.б. тәжірибесі мол оқушыларының сүйікті ұстаздары.
Сіз үшін ұстаздық нені білдіреді деген сұраққа Суджата Саятқызы ұстаз болу – балаларды жақсы көру деп жауап қатты. Өз пәніңді жақсы көр, жақсы біл, өз бетімен үздіксіз жұмыс істе, ойлау қабілеті икемді, шыдамды, адал, талапшыл, ақкөңіл, адамгершілігі мол, өз сөзің мен ойын сауатты, анық тұжырымдай алатын әмбебап тұлға бол. Өйткені, шәкірт тәрбиелеу, білім беру, тұлға ретінде дамытудағы ең үлкен міндет ұстаздың мойнына жүктеледі. Оның тәрбиеленушілерінің болашақта қоғамда өзін қалай көрсететіні ұстазға байланысты. Отбасы тәрбиесінің рөлі мен әсерін де бағаламауға болмайды. Мектептің мақсаты әрқашан үйлесімді тұлғаны дамыту болуы керек.
Біздің кейіпкеріміз үлкен жетістіктермен қатар тұлға ретінде қалыптаса алдым деп есептейді, жан қалауы бойынша өз мамандығын таңдаған, саналы әрі жауапты өз елінің азаматы, үш баланың анасы, сүйікті немерелерінің сүйікті әжесі.
Директор – мектептің бағыт-бағдарын айқындап, бүкіл ұжымды береке-бірлікке бастайтын басты тұлға десек қателеспейміз. Әрине, педагогтердің табысты еңбектенуі үшін техникалық жағынан да, материалдық жағынан да қамтамасыз етуді міндеттейтін әкімшілік қызметі бір төбе. Дегенмен директор-педагог ретіндегі өзінің үлгі болуы да маңызды рөл атқарады. Өз мамандығына деген сүйіспеншілігімен ол ұстаздар қауымын шығармашылықтың жаңа белестеріне бастап келеді, сондай-ақ, ең негізгі орынға оқушыны қоя отырып, мұғаліміне сенім артқан кішкентай тұлғалардың тәрбиесіне ерекше мән береді.
Ләйлім Досембекова