Осыдан шамамен 10 жылдай уақыт бұрын біздің елге ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру деген ұғым енді енгізіле бастаған болатын.
Ол шақта саланың толықтай сандық жүйеге өтуі өте тиімді болады дегенге ілеуде біреу болмаса, көбі сене бермеген. Тіпті, шаруасын әжептәуір деңгейде дөңгелетіп отырған фермерлер де цифрлы ауыл шаруашылығына қырын қарағаны жасырын емес.
«Ақылды ауыл шаруашылығы» деген ұғым ауанымызға еніп, тың жаңалықтың тым дендеп кеткені сонша солардың барлығын игеріп, қорытып, санамызға сіңіріп, шаруашылықтардың басында сынап жатқандар қанша?! «Дүниенің озығы да, тозығы да бар» демекші, кейбір жағдайда көрінгенді жаңашылдық деп қабылдап, алқаптарын оңдырмай бүлдіріп жатқандар да жоқ емес. Сондықтан мамандар бүгінгі таңда жаңашылдықпен бірге сандық үлгідегі технологияны қоса енгізу көп қателіктердің алдын алады деп отыр.
Уақыт өткен сайын ауыл шаруашылығына деген назар біздің елде де, әлемде де өзгерді. Тың жаңалықтың тез қарқында сіңіп бара жатқаны сонша шаруалардың кейбірі сандық үлгідегі технологиясыз болашағын болжай алмай қалатын жағдайға жетті. Әсіресе, дамыған елдерде солай.
Әлемде медицина, ауыл шаруашылығы және білім саласында цифрлық технология ерекше қарқынмен дамып келе жатқаны жасырын емес. Банк пен қорғаныс саласының жөні бөлек. Сарапшылар мен сала мамандары шаруашылықты сандық үлгіге өткізуді жақсылап тұрып қолға алмасақ, мүмкіндікті қолдан жіберіп алуымыз мүмкін екенін айтады.
«Біз, ең алдымен, мемлекеттік деңгейде кеңістік деректердің ұлттық инфрақұрылымын құруымыз керек. Осылайша, АӨК-тің барлық салаларындағы бытыраңқы мәліметтердің түрлі базаларын бір жүйеге келтіру қажет. Ол үшін министрлік пен Үкімет тарапынан қажетті ұйымдастыру, заңнамалық негіздерді жасау жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Екіншіден, ауылды елді мекендердің көбінде ұялы байланыс пен ғаламтор жүйесі тұрақты түрде жұмыс істемейді. Ал бұларсыз дәл егін шаруашылығы технологиялары мен сандық жүйені енгізу мүмкін емес. Себебі қолданылатын техника мен технологиялық жабдықтар жерсеріктік навигация арқылы ғана жұмыс істей алады.
Үшіншіден, өндірісті ауа райының нақты болжамымен қамтамасыз ету мәселесі болып отыр. Ауа райының нақты болжамынсыз, әсіресе бір айлық болжам мәліметтерінсіз, егіншілік технологияларынан ауқымды нәтиже күту мүмкін емес. «Қазгидромет» қызметінің қазіргі мүмкіндіктері 60 пайыз ғана ықтималдықпен болжам жасай алады. Ал дамыған елдерде, мәселен АҚШ, ЕО елдерінде, Қытайда метеоқызметтер 80 пайыз дәлдікпен ауа райын, ең бастысы, жауын-шашын мөлшерін болжап бере алады. Олар бұл жетістікке елдің ауқымды аумағын жергілікті метеостансалар желісімен қамту нәтижесінде қол жеткізген. Мысалы, Қытайда жергілікті метеостансалар елдің барлық аумағында әр 10 шақырым сайын орнатылған. Бізге де осындай гидрометқызмет жүйесін қалыптастыру қажет. Егер біз көктемгі және жазғы маусымдардағы жауын-шашындарды тиімді пайдалана білсек, республикадағы дәнді дақылдардың өнімділігін бірнеше есеге арттыруға болады.
Әлемдік экономиканың жаһандану үдерісінің белең алуы мен соның нәтижесінде әлемдік және ішкі азық-түлік нарығындағы бәсекелестіктің артуы бүгінгі күні бізден агроөнеркәсіптік кешендердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған пәрменді іс-шараларды жүзеге асыруымызды талап етеді. Осы жағдайда цифрлы технологиялар негізіндегі салалардың дамуына ден қойып, сол арқылы өндіріске жасанды интеллектіні енгізуге арналған негіз жасауымыз қажет. Бұл – біздің болашағымыз», – дейді «Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ басқарма төрағасы – ректоры Ақылбек Күрішбаев.
Ғалымдардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай барлық жүйеде сандық технология жұмыс істей бастайды. Бұл тұста қазіргі бар мамандықтардың арасынан 57-сі түбірімен жойылып, оның орнына 186 жаңа мамандық пайда болады. Ал Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтстің айтуынша, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың көпшілігі автоматты бағдарламалармен жабдықталатындықтан, біліктілігі төмен қызметкерлер бәсекеге ілесе алмай қалуы мүмкін. Жыл сайын өтетін әлемдік деңгейдегі «Давос» экономикалық форумында сарапшылар әлемде жасанды интеллект пен роботты техниканың дамуы нәтижесінде 2 млн жаңа жұмыс орны ашылатындығын сөз еткен. Бірақ технологиялық жетістіктер дәл осы мерзімде 7 миллионнан астам жұмыс орнын қысқартуға алып келетіндігі тағы да атап көрсетілді. Қазір мектеп қабырғасында жүрген оқушылардың болашақта 63 пайызы бүгін заты түгіл аты белгісіз мамандықтар бойынша жұмыс істейтіні рас. Қысқасы, біз орасан зор технологиялық өзгерістер дәуірінің табалдырығында тұрмыз деген сөз.
Осы қысқартылып кететін мамандардың қатарында ауыл шаруашылығы саласына қатыстысы бар екені шындық. Мысалы, қазір көп жағдайда механизатор, тракторшы, жүргізуші, таразы, тазалықшы, малшы деген ұғымдар оператор, пилоть, бағдарламашы және тағы басқа болып өзгеруде. Шындығына қарасақ, алып комбайнның кабинасында отырған адамға қарап құдды бір бағдарламашы деп қалуыңыз әбден мүмкін. Себебі мұндағы барлық басқару тетігі тек монитор арқылы жүзеге асырылып отырады. Монитордың тілін білмесең – механизатор да, тракторшы да емессің.
Осы сияқты өсімдік шаруашылығына да цифрлық технология дендеп енгені сонша қолына баяғыдай қобыратып қағаз бен қалам және сызғыш сынды өлшеуіш құралдарын ұстап жүрген аграном аз бүгінде. Көбі бір ғана планшетпен алқапта емес кеңседе отырып, егістіктегі бар жағдайды бақылауында ұстайды. Бір айтатыны, бұл жағдай асқан дәлдікте жүргізілетіні тағы бар.
Мал шаруашылығы саласында да дәл осындай жағдай болып жатыр. Сондықтан мамандардың кейбіреуі ескі тәсілдерін ауыстырып, жаңашылдықты меңгергені жөн болмақ.
Жерді цифрлық картаға енгізу қажет
«Ең алдымен, бізге сандық технологияны енгізуде жерді қашықтықтан зонттау тәсілін мықтап тұрып қолға алуымыз керек», – дейді С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ жанындағы Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, Технологиялық құзырет орталығының директоры Фараби Ермеков.
Алдымен, әр шаруа өз алқаптарын цифрлық картаға енгізгені жөн. Бұл аса бір қиын шаруа емес. Қазір бізде көбіне әкімшілік құрылымдар есеп берумен ғана шектелетіні жасырын емес. Айталық, жыл соңында ауыл әкімі аудан әкімшілігіне, аудан облысқа, облыстан республикалық деңгейге көтеріліп, жиналған мәліметтер негізінде есеп береді. Бұл есеп жолда біршама өзгерістерге ұшырап кетуі әбден мүмкін. Оған көзіміз нақты жетпейді. Сол себепті біз ғалымдар жерді қашықтықтан зонттау тәсілін ұсынамыз. Жерді қашықтықтан зонттау арқылы жер қыртысында не болып жатқанын түгелдей бақылауда ұстап тұра аламыз. Ауа райының жағдайы мен мал шаруашылығы, егін тіпті орман шаруашылығының жай-күйін де толық көріп отырамыз. Тағы бір айтатын дүние – агроөндіріс кешенін компьютерлік модельдеу тәсілі. Бүгінгі біздің қолға алып отырған жұмысымыз – осы. Бұл жерге АӨК-нің барлық мәліметін топтастырамыз. Әрине, ол үшін бізге жергілікті әкімшіліктер мен министрлік қолдау көрсетуі керек. Себебі біздегі ақпарат жеткіліксіз болуы ықтимал. Сондықтан министрлік тарапынан АӨК моделін жасап бір жүйеге келтірсек, онда біздегі бар проблемалардың көпшілігін алдын алуға болар еді», – дейді Фараби Ермеков.
«Интерактивті картаның тағы бір тиімді тұсы – электронды жүйе болғандықтан, белгілі дәрежеде адами факторды жояды және жер қатынастары саласындағы заңсыз мәмілелер деңгейін төмендетуге өзіндік септігін тигізеді», – деген еді Ауыл шаруашылығы экс-министрі цифрлық карталар турасында.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов ғарыштық мониторингті қолдана отырып, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізуді жалғастыру керек деген болатын. Бұл орайда ол JerInSpectr платформасын пайдалануды тілге тиек етті. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының мамандары әзірлеген, ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдалануына мониторинг жасайтын аталған жоба 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылған болатын. Платформа ғарыш түсірілімдерін, картографиялық материалдарды, кадастрлық деректер мен жер балансы ақпаратын бірыңғай электронды құжат айналымы ретінде түзеді. Соның нәтижесінде жер пайдаланудағы заңбұзушылықтарды анықтап, шаралар қабылдауға көмектеседі.
Дәл қазір Цифрлық даму министрлігі AGROSPACE деп аталатын тағы бір платформаны құрудың алғышарттарын қарастырып жатыр. Бұл жоба латифундистерді әшкере етіп, жердің әу бастағы негізгі міндеті саналған ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытына орай икемделмек. Бұл да өз кезегінде ақпараттар базасы ретінде орасан зор пайда әкелуі тиіс.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде жалпы аумағы 205,4 млн гектар болатын ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – республика аумағының (272,5 млн гектар) 75 пайызы. Цифрлы картада бәрі тоғысады – жол желісі, гидрография, инфрақұрылым нысандары, жемшөп саласы мен қорлардың аумағы туралы деректер тоғыстырылмақ. Цифрлы карта 2024 жылдың соңында дайын болады деген болжам бар.
Білгір маман бәрін өзгертеді
Уақыт өте келе көптеген компанияның менеджерлері телематика арқылы нақты уақыт мониторингін анықтап, GPS мониторингін бақылауда ұстап отыр. Бұл – жоғарыдағы сарапшы Фараби Ермековтың айтып отырған тағы бір үлкен сала. «GPS навигациясы, жабдықты бақылау, тасымалдаудан бастап кез келген техниканың барлық жай-күйін, оның тоқтаған жері мен жанармай деңгейін, тіпті ақау шыққан тетікті де кабинетте отырып бақылауға болады. Бұны қашықтықта отырып кешенді қадағалау деп ұққан дұрыс. GPS мониторингін енгізу туралы шешім адам факторының әсерін барынша азайтады және басқарушы диспетчер қашықтығы техниканың барлық мәселесін бір орында отырып шешеді. GPS бақылау жүйелері көліктер мен жабдықтарды бақылау және оларға техникалық қызмет көрсетудің ашық және ыңғайлы процесін қамтамасыз етеді», – дейді жас ғалым PhD Қазбек Ғалымтайұлы.
Дәл қазіргі кезеңде ауыл шаруашылығына цифрлы технологияны енгізуден басқа саланы дамытудың өзге жолы жоқ. 2018 жылдың соңында ел Үкіметі 2021 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласын цифрландыруды толықтай аяқтауды жоспарлаған болатын. Ал 2025 жылға қарай цифрландырудан күтілетін экономикалық пайда көлемі 40 млрд теңгеге дейін өседі деген болжам айтқан. Ең өкініштісі сол, бүгін 2023 жыл болса да, сала толықтай сандық үлгіге өтпей отыр. Оған түрлі әкімшілік жеке адам факторы да кері әсер етуде. Десе де, еліміздің ауыл шаруашылығы саласын цифрлы форматқа көшіру уақыт күттірмейтін мәселе екенін ескерген дұрыс. Сондықтан Үкімет те, министрлік те кедергілерді жоюмен қатар шаруа қожалықтарының өкілдерін жаппай қайта даярлаудан өткізіп, сандық технологияның мүмкіндігіне жол ашып берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Бердібек ХАБАЙ