Дәрігерлердің айтуынша соңғы кезде остеохондроз, сколиоз, бел омыртқасының ауруы тек үлкен кісілерде емес, жастарда да жиі кездесетін болған. Бұған, мойындауымыз керек, қимылдың аздығы, жұмыста таңнан кешке дейін компьютерге таңылып, кешке қолымыз босай қалса жата қап, телефон шұқылауымыз себеп. Осы аталған аурулардың белгілерін жеңілдетіп, жағдайды жақсартудың бірден бір жолы – массаж деп есептейді Гүлназира Құсаинова.
Қайнар ауылының тұрғыны Гүлназира Білісбекқызы 10 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі массажист. Массажистің қолынан шипа тапқан жерлестері көп. Ал осыдан бір жыл бұрын ол аппараттық массаж түрін меңгеріп, бүгінде ауылдастарына массаждың түр-түрін жасауда.
«Былтыр денсаулығым сыр беріп жүріп, бір күні денемнің оң жағы түгел салданып қалды. Содан дәрігерлерге де қаралдым, тиісті емін алдым. Сөйтіп жүргенімде жақындарым қалада ультрафонофорез аппаратымен жасалатын массаж түрінің көпшілікке көмегі тиіп жатқанын айтты. Қалаға барып, осы аппаратпен жасалатын массаждың курсын алып, сауығып кеттім. Өз көзіммен нәтижесін көргендіктен, ауыл адамдарына да көмегім тисін деп аппаратты сатып алдым»,-дейді кәсіпкер.
Осылайша мамандардан арнайы аппараттың көмегімен жасалатын массаждың қыр-сырын үйренген ол 250 000 теңгеге құрылғыны сатып алып, ауылдан кабинет ашады. Ашылғанына көп болмаса да, адамдар бір-бірінен естіп, келушілердің қатары біртіндеп көбеюде. Қазір күніне шамамен 5-6 адамды қабылдайды екен. Әңгіме барысында Гүлназира Құсаинова ультрафонофорез аппаратының ағзаға пайдасы жайлы кеңінен ақпарат берді.
«Құрылғы денеге ультрадыбыстық толқындар арқылы әсер етеді. Яғни, ультрадыбыстың көмегімен косметикалық немесе дәрілік препараттардың белсенді компоненттері терінің терең қабаттарына енеді. Осылайша ол косметикалық өнімдердің пайдалы әсерін арттырады және терінің регенерация процесін жеделдетеді. Ультрадыбыстық толқындар денеге жасағанда 28-30 см дейін, бетке массаж кезінде 5-6 см дейін енеді. Бұл аппараттың атауы қазақшаға аударғанда «ұзақ өмір сүру» деген мағынаны білдіреді. Ол қан айналымының жұмысын жақсартады, инсульт алған адамдарға да көмегі бар, варикоз, остеохондроз, грыжа, тізе, бел, буын ауруларын емдеуде қолданылады, лимфотүйіндерді кетіреді. Сондай-ақ, косметологиялық мақсатта да пайдасы зор. Мәселен, беттегі қара дақтарды кетіреді, бет терісін тегістейді»,— дейді массажист-косметолог.
Дегенмен бұл массаждың қарсы көрсетілімдері де бар екен. Дәлірек айтсақ, жүрек, қантамыр ауруларына шалдыққан адамдарға, денесінде қандай да бір темір болса, және жүктіліктің алғашқы апталарында жасауға мүлдем болмайды.
Аталмыш процедураның бағасы да қолжетімді. Денеге жасалатын массаж – 3000 теңге болса, бетке арналған түрі – 5000 теңге екен. Ал ұзақтығына келетін болсақ, дене массажы жарты сағат, бет массажы шамамен 40 минуттай созылады. Тиісті нәтижеге жету үшін 10 күндік курсты толық алған дұрыс екенін айтады Гүлназира ханым. «Жақында маған Луговой ауылынына денесін 55% күйік шалған бір қыз келді. Осы аппараттың көмегімен жиырылып қалған терісін тегістеп, жазып беруімді сұрады. Сол қыз массаждың толық курсын алып, міне, өзіңіз көріп тұрғандай денесінде кәдімгідей өзгеріс бар»,-деп әлгі пациентінің суретін көрсетті. Гүлназира Құсаинованың алдына келіп, аппараттық массаждың көмегімен дертіне дауа тапқан, бет-дидары одан әрі ажарлана түскен клиенттері аз емес. Ендеше, ауылдастарының алғысын арқалап жүрген кейіпкеріміздің жұмысына тек табыс тілейміз.
Сәуле Мұхадинқызы