ҚОРДАЙ АУДАНЫНДАҒЫ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР

0

Ел бірлігін және қоғамда тұрақтылықты сақтау республиканың тұрақты дамуының маңызды факторы болып табылады. Бұл ретте тиісті мемлекеттік саясатқа этномәдени бірлестіктер өлшеусіз үлес қосып келеді.

Қордай ауданында 8 этномәдени бірлестік тіркелген, олар ата-бабаларының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, бейбітшілік пен бірлікті нығайту жолында жұмыс атқаруда.  Орталықтарда қайырымдылық, қарттарға құрмет көрсету, көпбалалы отбасыларын қолдау, еңбек әулеті дәстүрлерін насихаттау, этностардың мәдени күндері, жастармен тұрақты түрде кездесу ұйымдастыру өзгермес дәстүр болып қалыптасты.

Ауданда Славян, Әзірбайжан, Түрік, Күрді, Дүнген, Татар-Башқұрт, Шешен-Ингуш және Қазақ этномәдени орталықтары өзара тығыз қарым қатынаста жұмыс жүргізіп, өңірдегі көпұлтты қоғамның мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін үйлесімді өркендетуде бай тәжірибе жинақтаған. Олардың әрқайсысы жиырмадан елуге дейін адам қатысатын көркемөнерпаздар үйірмелері арқылы жыл сайын Алғыс айту күні, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Тәуелсіздік күні тәрізді баршаға ортақ мерекелерде өз ұлтының мәдениеті мен салт-дәстүрін жарқырата көрсететін мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырады.

Отыздан аса ұлттық этнос өкілдері тұратын Қордай өңірінде Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы сегіз этномәдени бірлестіктері арқылы жүргізіледі. Оның ішінде 1998 жылдан жұмыс істейтін «Вынхуа» дүнген мәдени орталығы қатысушыларының құрамы және жұмыс ауқымы жағынан ірілерден саналады. Олай болатыны бүгінде аудан халқының үштен бірін құрап отырған осы дүнгендер. Ауданның Құрметті азаматы Салима Вансинвин жетекшілік ететін этномәдени орталық Сортөбе ауылындағы №17 орта мектепте орналасқан. Орталықтың ұйытқы болуымен жылма-жыл дүнген тілін, мәдениетін, дәстүр-салтын насихаттап, жергілікті халықпен бауырластық байланысын нығайтудың сан салалы шаралары атқарылып келеді. Масанчи ауылында дүнген халқының тарихи жәдігерлері қойылған музей бар. Аймаққа танымал «Чун-Тянь» халықтық ансамблі бүкіл қордайлықтардың мақтанышына айналған.

Ал  ауданымызда «Отечество» славян этномәдени орталығы 2001 жылы құрылды. Бірлестік мүшелері 2021 жылы 20 жылдық мерейтойларын кең көлемде атап өтті. Бұл славян мәдениетін, этникалық ерекшеліктерін сақтап, дамыту мақсатында құрылған орталық. Ауданымызда ұлтаралық татулықты дәріптеуге «Азери» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің де орны ерек. Жамбыл облысының аумағында шамамен 14000 әзірбайжан тұрса, оның  шамамен 8000 жуығы  Қордай ауданының тұрғындары.

«Азери» аудандағы басқа этно-мәдени орталықтарымен өзара әрекет етуде. Мемлекеттік мерекелерді атап өтуге арналған іс-шараларда ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеп, ән мен билерін паш ететін этномәдени орталық, ауданды мекендейтін этностардың, олардың бірлігінің арқасында, барлық бастамаларында түсіністік пен қолдауды сезінеді.

Жамбыл өңірінде 1992 жылдан бастап жұмыс істейтін «Ахыска» түрік этномәдени орталығының» құрылғанына сәуір айында 30 жыл толыпты. Түріктердің бірлестігін соңғы 10 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстың белгілі азаматы, мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әркез дайын сыйлы меценат Давришев Махмұтжон Мирадинұлы ойдағыдай басқарып келеді. «Ахыска» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан 42 мың түрік ағайынның басын бір шаңырақтың астында айрандай ұйытып отыр. Сол арқылы елдегі этносаралық келісімді нығайтып, Қазақстан халқының этникалық мәдениетін жан-жақты өзара байытуға барынша атсалысып, өз дәстүрлерін, әдет-ғұрпы мен мәдениетін, тілін сақтау және дамыту, жастардың бойында қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи мәдени байланыстарды дамыту жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.