Қыс мезгілі келісімен көлік жүргізушілерінің әбігерге түсетіні белгілі. Бұл уақытта барыс-келіс қиындап, жол көлік оқиғаларының саны артады. Әрбір осындай оқиғаның астарында адам өмірі, жаныңдағы жақыныңның денсаулығы жатқанын естен шығармаған жөн. Барлығына себепкер – көктайғақ, дер кезінде ауыстырылмаған дөңгелек, қала берді жүргізушінің немқұрайдылығы.
Расында, қыс мезгілі темір тұлпарын тізгіндеп, жолға шыққан әрбір жүргізушіден асқан жауапкершілікті талап етеді. Өйткені салмағы бірнеше тонна, жылдамдығы жүздеген шақырымға жететін көлік құралы ашық қауіптің бірден бір көзі болып табылады. Сондықтан жүргізушілер қиын жағдайға тап болмауы үшін көлігінің техникалық жағдайымен қатар маусымға сай дөңгелегін де ауыстыруы тиіс. Тіпті, бұл мәселеге қатысты жуырда еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі қараша айының соңында біраз өңірде көктайғақ болатынын ескертіп, жазғы дөңгелектерді ауыстыруға кеңес берді. Осыған байланысты біз де маңызды ақпараттар топтамасын жинақтап, мұның аудан азаматтарының қауіпсіздігін сақтауға аз да болса септігін тигізеді деп сенеміз.
Мамандардың ортақ пікіріне сүйенсек, қысқа дайындық ең алдымен көліктің дөңгелектерін ауыстырудан басталады. Яғни, күн суысымен жеңіл киім жылы киімге ауыстырылатын сияқты, жазғы дөңгелек те қысқыға ауыстырылуы тиіс. Ал егер, ауданымыздың табиғи жағдайын, көпшілікке үрей салатын «Қордай» асуын, күннің күрт суып, демде қар аралас жаңбыр жауып, кешқұрым жолдың бетіне мұз қататынын ескерсек бұл үрдістің маңызы еселей артады. Оның үстіне елімізде қыстық дөңгелексіз жүрген жүргізушілерге қатысты қатаң заң қабылданған. Осыған байланысты қысқы дөңгелектің не үшін керектігін және қыста болатын көктайғақтың қаупін шама-шарқымыз жеткенше зерделеп көрсек.
Қысқы дөңгелек не үшін керек?
Жалпы, қысқы және жазғы дөңгелектердің айырмашылығы жалғыз оның «бедерінде» немесе «суретінде» ғана емес. Қысқы дөңгелек төмен температураға төзетін арнайы химиялық құрамнан жасалады. Егер жазғы шинамен аязға шықсаңыз, дөңгелек суықтан қатайып, көлік жүргізушінің басқаруына бағынбай қалады. Сондай-ақ, барлық мерзімге арналған әмбебап дөңгелектер (всесезонка) қысы қатты болатын аймақтарға жарамсыз екенін есте сақтаған жөн.
Дөңгелектерді қашан ауыстырған жөн?
Ауа температурасы бір апта бойы 5-7°С-тан көтерілмесе, дөңгелектерді алмастырудың қамына кірісу қажет. Әдетте, бұл қазан айының соңы мен қарашаның басына сәйкес келеді.
Қысқы дөңгелекті қалай таңдаймыз?
Дөңгелектің екі түрі бар: «тікенекті» және «жабысқақ» дөңгелектер. Соңғысы скандинавиялық және еуропалық түрлерге бөлінеді. Демек, жалпы алғанда, қысқы дөңгелектердің үш түрі бар және олардың өзара айырмашылығы өте көп. Мысалы: «тікенекті» дөңгелек қысы қатал, көктайғақ жиі болатын аймақтарға арналса, скандинавиялық «жабысқақ» дөңгелек қысы ұзақ болатын, қар қалың түсетін, температурасы төмен аймақтар үшін тиімді. Мұндай дөңгелектермен омбы қардан қорқудың қажеті жоқ, бірақ тайғақ жерде жылдамдықты бірқалыпты ұстап, бұрылыстарда абай болған абзал. Ал, ел арасында еуропалық саналатын «жабысқақ» дөңгелектер қысы ылғалды, сулы, қарлы, жаңбырлы болатын аймақтарға арналған. Мұндай шиналармен көлік қар үйінділерінен оңай өтеді, аязды күні құрғақ асфальтта да жеңіл жүреді, бірақ көктайғақта сақ болуды талап етеді. Көктайғақ демекші, осы тұста талай жүргізушіге «тосыннан» келетін табиғат құбылысына кеңірек тоқталып, мұндайда қалай жүру керектігі жайлы кеңестерді ұсынсақ.
Көктайғақ дегеніміз не?
Қыстағы сәл жылымықтан кейін суықтың қайта түсуінен жер бетінде қатқан мұзды көктайғақ дейді. Оның кесірінен көлік алған бағытынан тайып, жол жиегіне шығып кету қаупі артады. Мұның себебі мұзда көлік дөңгелектерінің жер бетімен жабысу қабілетінің төмендеуінде. Оның салдарынан тайғақта көліктің тоқтау қашықтығы үш-төрт есеге ұзарады. Өкінішке орай, мұндайда жүргізушілер жылдамдықты дұрыс таңдамай, көп жағдайда жол бетіндегі жалтыраған мұзға мән бермей қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Өйткені көпшілік жалпы сақтық шараларын теориялық тұрғыда білгенімен, өмірде қолдана бермейтіні жасырын емес. Осыған орай көктайғақта темір тұлпар тізгінін қалай туралау керектігі турасындағы мамандардың кеңесін назарларыңызға ұсынамыз.
Жолдың бетіндегі көктайғақты қалай анықтауға болады?
Жолға шыққанда дереу оның «тайғақтық» деңгейін анықтауға тырысыңыз. Мұны келесі жолмен тексеруге болады: көріп-байқау арқылы, жүріп келе жатып тежегішті басу арқылы немесе жылдамдықты дереу ұлғайту арқылы. Егер көлік сырғанаса онда жол өте тайғақ. Мұндай жағдайда келесіні есте сақтаған жөн: қозғалыс жылдамдығын асырмай, көліктің қауіпсіздік аймағын ұлғайтыңыз. Яғни, тайғақ жолда тоқтау үшін үлкен қашықтық сақтап, әрбір әрекетті ертерек жасаңыз. Сонымен қатар, көпірлер, көше қиылыстарының алды мен көлеңке жерлерде сақтық танытқан жөн. Мұндай учаскелерде көктайғақ ерте түсіп, кеш ериді. Және тежегішті қалт басу мен рульді қалт бұрудан аулақ болыңыз. Барлық іс-қимылыңыз салмақты да баяу болуы тиіс.
Көлікті көктайғақта қалай қауіпсіз тоқтатуға болады?
Тәжірибесі аз жүргізуші әдетінше мұндай сәтте тежегішті басып алады. Нәтижесінде темір тұлпардың дөңгелегі сестей қатып, мұз бетінде одан әрі сырғанауға мүмкіндік береді. Мұндайда рөлді бұрғаннан еш ишара жоқ, көлік сырғанаған күйі тіке кете береді. Демек, асып-сасып, көлікті жақсырақ тоқтатамын деп тежегіштің үстіне мініп алудың еш қажеттігі жоқ.
Тайғақ жолда көлікті нәтижелі тоқтатудың үш тәсілі бар: тежегіш пен «газды» кезек-кезек алмастыру арқылы, үзіп-үзіп немесе сатылы тоқтату.
Алғашқысы механикалық қорабы бар көлікті қозғалтқышпен тоқтату болса, келесі «үзіп-үзіп» тоқтату кезінде жүргізуші тежегішті барынша қатты басып, көлік «сырғанады-ау» деген сәтте жібере салады. Осы сәтте дөңгелек аз да болса жабысу қабілетіне ие болып, жылдамдығы бәсеңдейді. Ал, «сатылы» тоқтату әдісі тәжірибелі жүргізушілер үшін қолайлы. Оның «үзіп-үзіп» тоқтатудан біраз өзгешелігі бар. Мұнда тежегіш педалі бастапқысында толығымен басылмай сатылап, бірте-бірте тереңірек басылады.
Тайғанақ бұрылыстан қалай қауіпсіз өту керек?
Бұрылыстардан өткен кезде көлікке физиканың «көлденең» күші әсер етеді. Жылдамдық жоғарылаған сайын бұрылыста шетке сырғанап кету немесе аударылу қаупі де артады. Сол себепті ең басты сақтық – мүмкіндігінше жылдамдықты бәсеңдету және тежегішті қатты баспау.
Көлікті шетке сырғанаудан сақтау үшін келесі ережені есте ұстау қажет:
— бұрылысы бар учаскелерден барынша төмен жылдамдықпен жүру;
— рөлді баяу бұру;
— бұрылыстар мен дөңгеленген жол учаскелерінде тежегішті мүмкіндігінше баспау.
Таюдың бірден бір себебі – көктайғақ. Ал, қандай да бір себептермен басталған сырғанаудың алдын бастапқы сәтте тежеген жөн.
Мұндай жағдайда не істеу керек?
— Көлік шетке қарай сырғанаған сәтте ешқашан тежегішті баспаңыз, бұл тек жағдайды ушықтырады. Яғни, көлік мүлдем жүргізушінің басқаруынан шығып кетеді;
— Алдыңғы дөңгелегі қозғаушы көліктерде «газды» басып, ал артқы дөңгелегі қозғаушы көліктерде керісінше қозғалтқыштың айналуын бәсеңдетіп, рөлді тайған бағытқа қарай түзеу керек;
— Көлік тайған бағытқа қарай рөлді бұру – бұл көктайғақта жүргізушілер үшін жазылмаған заң. Көліктің артқы бөлігі қайда тайса, рөлді сонда бұру керек. Бұл әрекетті жылдам, әрі өз шегімен жасау керек. Ал, мұндай жағдайға душар болмас үшін, әрбір жүргізуші өз көлігінің қыста жүру мүмкіндігін жетік түсініп алғаны жөн.
Осымен түрлі мамандардың кеңесін ескере отырып, оқырман назарына ұсынған мақаламыз тәмам. Ең бастысы – жүргізушілер қыс мезгілінде қысқы дөңгелектерін салып, жылдамдықты асырмай, мақаламыздың себі тиіп, алған бағыттарына аман жетсе болғаны.
Ақ жол!
Дайындаған Әлібек ОСПАНОВ