ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР – ҚОҒАМДЫ ӨЗГЕРТЕТІН КҮШ

0

Бүгінгі күні көпұлтты, демократиялы, құқықтық мемлекет Қазақстан халқының  мақсат-мүдделеріне орай талаптарын жүзеге асыру мақсатында әртүрлі қоғамдық ұйымдарға бірігуі заңды дүние. Елімізде адам мен азаматтың аса маңызды конституциялық құқықтарының бірі оның бірлесу бостандығы.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабында жазылған. Қоғамдық бірлестіктердің қызметі заңмен реттеледі. Заңнамаға сәйкес, Қазақстанда белгілі бір мақсаты бар, ерікті азаматтардан құралған, мемлекет заңына қайшы келетін іс-әрекетке жол бермейтін саяси партиялар, кәсіподақ ұйымдары, қоғамдық қозғалыстар және басқа да ұйымдар мен одақтар қоғамдық бірлестіктер деп аталады. Олардың құқықтық жағдайы 1993 жылғы 9 сәуірдегі «Кәсіптік одақтар туралы» заңмен, 1996 жылғы 31 мамырдағы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңмен, 2001 жылғы 16 қаңтардағы Азаматтық кодекс пен «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңмен, 2002 жылғы 15 шілдедегі «Саяси партиялар туралы» заңмен реттеледі.

Қоғамдық бірлестік – коммерциялық емес ұйымдардың ұйымдық-құқықтық нысандарының бірі. Қоғамдық бірлестіктер туралы Заңның 2-бабына сәйкес, қоғамдық бірлестіктер коммерциялық емес ұйымдар болып саналады. «Коммерциялық емес ұйым» (КЕҰ) терминологиясының негізінде экономикамен, бизнеспен және пайда табумен байланысты емес әлеуметтік белсенділік саласының ықтимал анықтамаларының бірі ретінде қарастырылатын Британдық «non-commercial» терминінің мағынасы жатыр. Қазіргі кезеңде бұл сала көбінесе мемлекет пен бизнестен кейінгі «үшінші сектор» деп аталады.

Қазіргі күні Қазақстанда 80-нен аса қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар бар. Олардың әрқайсысы өз мақсат-міндетіне орай жұмыс істеп келеді.

1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басындағы елде болған экономикалық, әлеуметтік және саяси салалардағы реформалар әртүрлі әлеуметтік топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қоғамдық бірлестіктердің құрылуын талап етті. Демократиялық процестер одақтас республикаларда жұмысшылардың жаппай бірлестіктер құруына әкелді.

Қазақстандағы алғашқы және бүкілхалықтық қозғалыстардың бірі – 1989 жылдың көктемінде құрылған, ақын Олжас Сүлейменов бастамашы болған «Невада-Семей» экологиялық қозғалысы еді. «Невада-Семей» қозғалысы әскери ведомстволардан ядролық сынақтардың «құпиясын» ашуды, халыққа келтірілген залалды өтеуді талап етті. Осы мақсатта қозғалыс белсенділері пикеттер, демонстрациялар, халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар ұйымдастырды. Сол жылдары Мұхтар Шахановтың бастамасымен Арал маңындағы тұрғындарға көмек көрсету үшін Балқаш және Арал мәселелері жөніндегі Комитет ұйымдастырылды. Комитет әлемдік жұртшылық пен КСРО үкіметінің назарын Арал теңізінің экологиялық апатына аудару үшін көп жұмыс атқарды. Соның дем беруімен, көптеген қалаларда, Өскемен, Алматы қалаларында аймақтың экологиялық тазалығын қолдайтын қозғалыстар құрылды.

1989 жылы сәуірде «Әділет» атты қазақстандық еріктілер тарихи — ағартушылық қоғам құрды. Ұйым мүшелерін гуманистік, адамгершілік идеялары біріктірді. Олар адам құқықтарын бұзу; кемсіту; озбырлық пен зорлық-зомбылыққа жол беру секілді заңсыздықтарға қарсы тұрып, азаматтық қадір-қасиетті қалыптастыруға ықпал етуге ұмтылды.

1990 жылдың шілдесінде «Азат» азаматтық қозғалысы қалыптасты. Басты мақсаты – Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алу болды. 1991 жылдың күзінде азаматтық қозғалыс өзінің саяси партиясын құрды. 1991 жылдың күзінде Алматыда жаңа қоғамдық-саяси ұйым — Қазақстанның социал-демократиялық партиясы (СДПК) ұйымдастырылды. Жастардың шағын тобынан «Алаш» партиясы құрылды. 1990 жылы тамызда «Бірлік» ұлтаралық қозғалысы құрылды. Қозғалыс ұйымдастырушылары одақтық маңызы бар кәсіпорындардың ғылыми-техникалық зиялыларының өкілдері еді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғалар үшін сотталған адамдар өздерінің «Желтоқсан» партиясын құрды. Сондай-ақ әлеуметтік, кәсіби және басқа да белгілері бойынша біріккен одақтар, қоғамдар: Ауған жауынгерлерінің ұйымы, «Әділет», «Тәуелсіз студенттер одағы», «Азамат», «Ақикат» жас құрылысшылар мемориал-қауымдастығы, Қазақстан Мұсылман әйелдер Лигасы және т. б. ұйымдар құрылды.

Сол кезде «Қазақстан Коммунистік» партиясы ең мықты саяси күшке айналды. Оның қатарында 1990 жылдың аяғында 800 мыңға жуық коммунист болды. Алайда партияның беделі уақыт өте төмендеп, республикалық партия ұйымының өкіл саны 49 мың коммунистке азайды. Көпшілік КОКП қатарынан жаппай шыға бастады. Мысалы, 1990 жылы КОКП қатарынан 35 мыңнан астам адам өз еркімен шыққан, бұл республика коммунистері жалпы санының 4,2 пайызын құрады. 1991 жылдың басында партия қатарынан шығу көбейді. 1991 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумы өзінің төтенше съезін дайындау үшін ұйымдастыру комитетін құрды. Осыған байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелері өз өкілеттіктерін тоқтату және Орталық Комитеттің қызметін тоқтату туралы мәлімдеді. 1991 жылы 7 қыркүйекте Алматыда Қазақстан Компартиясының кезектен тыс және төтенше съезі ашылды. Съезд Қазақстан Компартиясын тарату және жаңа партия құру туралы шешім қабылдады. Жаңадан құрылған партия «Социалистік партия» деп аталды. Мұндай шешімді бұрын КСРО-ға кірген барлық республикалардың Компартиялары да қабылдайтын. 1991 жылғы 5 қазанда КОКП мүшелерінің бір бөлігі Қазақстан Халық Конгресі партиясын ұйымдастырды. Партияның негізгі міндеті – парламенттік әдістерді қолдану арқылы елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету.  Партияның тең төрағалары болып көрнекті қоғам қайраткерлері, жазушылар Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов сайланды. Осылайша тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде қоғамдық қозғалыстардың жұмысы өркендеді. Егеменді ел болып, шаңырағымыз өзгелермен теңескенде де қоғамдық бірлестіктер, қозғалыстар тоқтап қалған жоқ. Қазіргі күні ел аумағында республикалық, аймақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Қазақстан заңына сәйкес, қоғамдық бірлестіктердің мақсаты, міндеті мен құқықтары қандай? Сұраққа жауап жаза кетейік.  Қазақстанда он алты жасқа толған азаматтар саяси партиялар жанындағы жастардың қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері бола алады. Өзге де жастар және балалар қоғамдық бірлестіктері мүшелерінің жас шамасы солардың жарғыларымен белгіленеді. Мүшелікке ие болу және одан айырылу ережелері мен тәртібі қоғамдық бірлестіктердің жарғыларымен белгіленеді. Әскери  қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап әрекет етпеуі тиіс. Қоғамдық бірлестік жарғының негізінде жұмыс істейді. Мұндай бірлестіктің қаражаты егер оларды төлеу жарғыда көзделген болса, кіру жарналары мен мүшелік жарналардан; ерікті жарналар мен жиналған жылудан, жарғыға сәйкес дәрістер, көрмелер, спорттық және басқа шаралар, лотреялар өткізуден түскен түсімдерден; өндірістік және өзге де шаруашылық қызметтен алынған табыстан; заң актілерінде тыйым салынбаған басқа түсімдерден құралады.

Қоғамдық бірлестіктің жарғысында: Қоғамдық бірлестіктің атауы, қызметінің мәні мен мақсаттары; қоғамдық бірлестікке мүшелік, мүшелікке ие болу және айырылу ережесі мен тәртібі, мүшелердің (қатысушылардың) құқықтары мен міндеттері; қоғамдық бірлестіктің ұйымдық құрылымы, құрылымдық бөлімшелердің (филиалдар мен өкілдіктердің) құқықтық жағдайы және шегінде өз қызметін жүзеге асыратын аумақ; басшы органдарды құру тәртібі, олардың құзыреті мен өкілеттік мерзімдері, қоғамдық бірлестіктердің тұрақты жұмыс істейтін басшы органы орналасқан орын белгіленеді.

Республикалық, аймақтық қоғамдық бірлестіктерді, шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырады.Жергілікті қоғамдық бірлестіктерді, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеу заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы заңдарда көзделген тәртіп пен мерзімдерде жүргізіледі.

Қоғамдық бірлестіктерді тіркеу үшін ол құрылған күннен бастап екі ай мерзім ішінде тіркеуші органға өтініш беріледі.Өтінішке жарғы, жарғыны қабылдаған құрылтай съезінің (конференциясының, жиналысының) хаттамасы, бірлестікті құру бастамашылары, басшы органның мүшелері туралы мәліметтер, қоғамдық бірлестіктің мәртебесін және заңды мекен-жайын, сондай-ақ тіркеу алымының төленгенін растайтын құжаттыр қоса тіркеледі.

Қоғамдық бірлестікті тіркеу туралы өтініш беру үшін белгіленіп, дәлелді себептермен өткізіп алынған мерзімді тіркеуді жүзеге асыратын орган қалпына келтіреді. Заңдарда көзделгенреттерде қоғамдық бірлестік қайта тіркелуге тиіс.

Қоғамдық бірлестікті, оның құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) тіркеуден бас тарту заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы заңдарға сәйкес жүргізіледі.Тіркеуден бас тартуға сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

Қоғамдық бірлестікті қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) оның жарғысында және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен қоғамдық бірлестік органының шешімі бойынша жүргізіледі. Қоғамдық бірлестікті тарату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

Қоғамдық бірлестіктер жарғыда және Қазақстан Республикасының заңдарында берілген өкілеттік шегінде жұмыс істейтін басшы органдары арқылы құқықтарға ие болып, өздеріне міндеттер алады.

Жарғылық мақсаттарды жүзеге асыру үшін қоғамдық бірлестіктер Қазақстан Республикасының заңдарында белнгіленген тәртіппен:

өз қызметі туралы ақпарат таратуға;

соттар мен басқа да мемлекеттік органдарда, өзге де қоғамдық бірлестіктерде өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіруге және қорғауға;

бұқаралық ақпарат құралдарын құруға;

жиналыстар,митингілер, демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізуге;

баспа қызметін жүзеге асыруға;

халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктерге кіруге;

Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де өкілеттікті жүзеге асыруға құқылы.

Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің заңнамада белгіленген бірнеше міндетті атқаруға тиісті: Қазақстан Республикасының заңдарын, сондай-ақ жарғыда көзделген нормаларды сақтауға;

өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен және шешімдермен олардың танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;

ақша қаражатының келіп түсуі мен жұмсалуы туралы өз мүшелерін хабардар етуге;

тұрақты жұмыс істейтін басшы орган орналасқан жердің және бірыңғай мемлекеттік тізбеге енгізілетін мәліметтер көлемінде басшылар туралы деректердің өзгергені туралы тіркеуші органға хабарлап отыруға міндетті. Қоғамдық бірлестіктер жарғылық мақсаттарға қол жеткізгендей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыра алады. Кәсіпкерлік қызметті қоғамдық бірлестіктер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

Қоғамдық бірлестіктердің кәсіпкерлік қызметінен алынатын табысқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық салынуға тиіс. Қоғамдық бірлестіктердің кәсіпкерлік қызметінен алынатын табысты қоғамдық бірлестіктердің мүшелері (қатысушылары) арасында қайта бөлуге болмайды және ол жарғылық мақсаттарға жету үшін пайдаланылуға тиіс. Қоғамдық бірлестіктердің өз қаражатын қайырымдылық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Қоғамдық бірлестіктің жарғысында көзделген қызметті материалдық жағынан қамтамасыз ету үшін қажетті объектілер оның меншігі болып табылады, бұған Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салнған объектілер қосылмайды. Қоғамдық бірлестіктердің меншігі Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.

Қоғамдық бірлестіктердің мүлкі оның меншік құқығына жатады.Қоғамдық бірлестіктерге қатысушылардың бірлестіктерге өздері берген мүлікке, соның ішінде мүшелік жарналарына құқықтары жоқ. Олар өздері мүшелері ретінде қатысатын қоғамдық бірлестіктердің міндеттері бойынша жауап бермейді, ал аталған бірлестіктер өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.Қоғамдық бірлестік таратылған соң қалған мүлік оның мүшелері арасында бөлініске түспейді,өзінің жарғысында көрсетілген мақсатқа жұмсалады.

Қоғамдық бірлестіктер туралы заңдарды бұзу Қазақстан республикасының заңдарында көзделген тәртіп бойынша жауап беруге әкеп соқтырады. Заңдарды бұзғаны үшін оған кінәлі заңды және жеке тұлғалар, соның ішінде мемлееттік органдардың лауазымды адамдары және қоғамдық бірлестіктердің басшы органдарының құрамына кіретін адамдар жауапты болады.

Осылайша қоғамдық бірлестіктер Қазақстан заңына сәйкес қызметін жалғастырады.

Жалпы ондаған адам бастамашы болып, құрылатын бірлестіктер әртүрлі саланы дамыту жолында жұмыс атқара алады. Азаматтардың бостандығын қорғау, саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаға араласу; ғылыми, техникалық, көркем шығармашылықпен айналысу; тіл, мәдениет, үгіт- насихат жұмыстарымен шұғылдану; қайырымдылық қызметі бойынша халыққа қызмет көрсету; тарихи-мәдени ескерткіштерлі қорғау; жастарға құқықтық тәрбие беру; патриотизм мен құқықтық мәселемен айналысу; салауатты өмір салтын насихаттау; қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пен экологиялық мәселелерді көтеру.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда қоғамдық бірлестіктер болып, саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың заңдарға қайшы келмейтін, өздерінің ортақ мақсаттарына жету үшін ерікті негізгі құрған басқа да бірлестіктері танылады. Қоғамдық бірлестіктің алдына қойған мақсаты оның мүшелері табыс табайын деп емес, өздерінің рухани және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бірігеді және ең бастысы адамгершілік қағидаттарына негізделген қоғамды құруға талпынады.

Abai.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.