БАЛАЛАР АРАСЫНДАҒЫ ДИАБЕТ: СЕБЕБІ, АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

0

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, қант диабеті – инсулин секрециясының, инсулин әрекетінің немесе екеуінің де ақауының нәтижесі болып саналатын ауру. Ол қандағы глюкозаның жоғарылауымен сипатталады. Басқаша айтқанда, диабет инсулин жеткіліксіз өндірілгенде немесе оның әсері төмендегенде пайда болады.

Қант диабетінің қандай түрлері бар?

Қант диабеті – тағамды қорыту кезінде қанға түсетін қантты (глюкозаны) ағзамыздың жасушаларына сіңіру қиынға соғатын жағдай. Қант (глюкоза) – дене жасушаларының негізгі энергия көзі. Инсулин қантты қаннан жасушаларға жылжыту және оны энергияға айналдыру үшін қажет. І типті қант диабетінде ұйқы безі инсулин бөлмейді. ІІ типті қант диабетінде инсулин жеткілікті болуы мүмкін, бірақ дұрыс жұмыс істемейді. І типті қант диабетінде инсулин шығаратын ұйқы безінің жасушалары жойылып, инсулиннің абсолют тапшылығына әкеледі. Бұл бұзылудың себебі аутоиммундық процестердің нәтижесінде вирустардың (тұмау вирусы, Коксаки, паратиф, коронавирус және т.б.) әсерінен иммундық жүйе өз тіндерін танымай, қарсы антиденелер шығарып, өз ағзасының ұлпаларын жояды. Бұл жағдайда инсулин синтезіне жауапты жасушалар антиденелермен жойылады.

Балаларда қант диабетінің пайда болу себептері қандай?

Біріншіден, вирустық инфекциялар: қызамық, желшешек, паротит, Коксаки вирусы, вирустық гепатит, коронавирустар. Екіншіден, ана сүті – өте маңызды фактор. Финляндияда жүргізілген зерттеу қант диабетінің осы түрімен ауыратын барлық баланың нәресте кезінде ана сүтімен қоректенбегенін көрсетті. Үшіншіден, балаға ерте бастан сиыр сүтін беру. Сиыр сүтінде ақуыз бар. Бұл зат ұйқы безінің бета жасушаларын бұзатын антиденелердің пайда болуына ықпал етеді. Төртіншіден, аутоиммундық реакция факторлары, генетикалық (туа біткен) бейімдік. Ата-анасы (біреуі немесе екеуі) осы ауруға шалдыққан болса, балаларында қант диабетінің осы түрінің даму ықтималдығы жоғары  болады. Бесіншіден, психологиялық күйзеліс. ІІ типті қант диабетінің пайда болу себебіне келсек, көп жағдайда артық салмақ, қозғалыстың аздығы және дұрыс тамақтанбау. Бұл факторлардың генетикалық бейімдікпен үйлесуі қауіпті. Бұған қоса, бұрынғы Халықаралық қант диабеті федерациясының президенті Пьер Лефевр атап өткендей, «қант диабетінің әлдеқайда жасарып кеткені ерекше алаңдатады». Кейінгі он, жиырма жыл көлемінде майлы фастфуд өнімдерінің көбеюі, компьютер мен теледидар алдында шамадан тыс көп уақыт өткізу, қимыл-қозғалыстың азаюы балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздікке алып келді. Семіздік – диабетке бастайтын жол.

 

Қант диабетінің алғашқы белгілері

1) Полиурия – зәр шығарудың жиілеуі, зәр мөлшері 3-4 литрге дейін артады. 8-10 литрге дейін жетуі, одан да көп болуы мүмкін. Бұл – ең жиі кездесетін белгі;

2) Үнемі аш сияқты сезіну, дене салмағының азаюы, шамадан тыс ішіп-жеу;

3) Аз уақытта көп салмақ тастау;

4) Әлсіздік, шаршау, ұйқышылдық,терлеу, жұмыс істеу қабілетінің төмендеуі;

5) Бас ауруы, бас айналу, бастың ауырлығы, тітіркену және ашуланшақтық, ұйқының бұзылуы;

6) Терінің және шырышты қабаттардың тұрақты және қарқынды қышуы;

7) Тері өзгерістері. Бет пен иектің қызаруы;

8) Тыныштықта немесе түнде аяқ-қолдың ауыруы, ауырлық сезімі, балтыр бұлшықетінің жиі тартылуы, аяқ-қолдың жансыздануы және шаншуы;

9) Жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы;

10) Инфекцияға төзімділіктің төмендеуі.

Балалардың қант диабетінің ерекшелігі – аурудың қатты екпінмен басталуы.

Балаларда аурудың жеңіл түрі кездеспейді. Асқынуға бейім. Асқыну дегенде гипергликемиялық және гипогликемиялық команы айтамыз.

Балалар арасындағы қант диабетін емдеу және асқынудың алдын алу жолдары

Қант диабетінің І түрін емдеу жолы біреу-ақ: инсулин қабылдау. Қазір инсулиннің көптеген түрі бар. Олар тұрақты инъекциялар режимінде, помпалы инсулин терапиясы әдісімен немесе инсулин препараттарының тұрақты инфузиясы режимінде де қолданыла береді. Бұл – толықтырушы терапия, яғни науқастар ағзада жетіспейтін инсулинді  сырттан алады.

Қант диабетінің І түрінде науқастар ішкен тағамының көлеміне қарай инсулинді қажетті мөлшерде  салады. Қандағы қантты қалыпқа келтірудің ең маңызды шарты – рационал тамақтану. Ең бастысы, дұрыс тамақтану жүйесі қандағы глюкозаның тамақтанғаннан кейін көтеріл-меуіне мүмкіндік береді. Мұндай тамақтану барлық адам үшін пайдалы. І типті қант диабетінің алдын алу екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі  аурудың басталуына дейін жүзеге асса, екіншісі аурудың клиникалық кезеңі пайда болған кездегі профилактика.

Бастапқы профилактика

Ата-анасы қант диабетімен ауыратын балаларға генетикалық зерттеу жүргізу. Болашақта дамыған елдерде І типті қант диабетіне генетикалық бейімдікті анықтау үшін жаңа туған нәрестелерді жаппай скринингпен тексеруді енгізу жоспарланып жатыр. Қазіргі уақытта мұндай сауалнамалар Финляндияда және Италияның кейбір аудандарында жүргізіледі;

Құрсақішілік және балалар мен жасөспірімдердің инфекцияларының алдын алу, ұйқы безінің бета жасушаларын бұзатын аутоиммунды процестерді тудыруы мүмкін балалар тағамынан шектеу, жоғары сапалы суды пайдалану, балаларға газдалған тәтті сусындар мен пластик ыдыстағы газдалған сусындар, лимонад, шырындар мен жасанды сүт бермеу – балаларда қант диабетінің алдын алу шаралары болып табылады.

Ата-аналардың жиі қоятын сұрақтары

Баланың артық салмағы қант диабетін білдіреді ме? Балалардағы қант диабеті семіздіктен дамымайды. Дегенмен, болашақта дұрыс тамақтанбау мен өмір салтына байланысты семіздік пайда болуы мүмкін. Және бұл есейгенде қант диабетінің пайда болуына қауіп факторы болып табылады.

Тәттілер жеу қант диабетіне шалдығуға себеп бола ма? Тәттілер, сондай-ақ артық ұн балалардағы қант диабетінің дамуына әкелмейді. Бірақ олар метаболикалық бұзылуларды және ересек қант диабетінің дамуын тудыруы мүмкін.

Баланы қант диабетінен емдеуге бола ма? Егер диагноз дұрыс қойылса, ауру жойылмайды. Қант диабетімен өмір сүруді үйрену керек: глюкозаны бақылау, көмірсуларды санау, физикалық белсенділікті жоспарлау және т.б.

Құрамында фруктоза бар тағамдарды жесеңіз, қант диабетінің дамуын болдырмауға болады ма? Фруктоза глюкозаға айналады, бірақ қарапайым қантқа қарағанда баяу. Балалық шақтағы қант диабетінің дамуы тәттілерді қабылдауға байланысты емес. Бірақ егер балада қант диабеті дамыған болса, ол әлі де азық-түліктегі көмірсулардың мөлшерін (тіпті фруктоза түрінде) санауы керек. Ересектер мен балалардың фруктозаға бай тағамдарды шамадан тыс тұтынуы көмірсулар алмасуының бұзылуына, одан әрі семіздікке әкелуі мүмкін.

Қант диабетімен ауыратын балаларға спортпен айналысуға болмайды ма? Керісінше, спортпен айналысу қажет. Қант диабетімен ауыратын балаға бұлшықеттерді, сүйектерді және жүректі нығайту үшін жаттығулар қажет. Физикалық жаттығулар қандағы глюкоза деңгейін төмендетеді — бұлшықет жасушаларының оны тұтынуын арттыру арқылы жасушалардың инсулинге сезімталдығы артады. Дегенмен, қандағы глюкозаны бақылау да қажет: глюкоза деңгейі өте төмен немесе өте жоғары болса, жаттығу жасай алмайсыз.

Егер балаңызда жоғарыда аталған белгілердің бірі барына күдіктенсеңіз, міндетті түрде балалар эндокринологына жолығыңыз.

Ф.Агабек-Заде, Қордай АОА балалар эндокринолог

Leave A Reply

Your email address will not be published.