ЦИФРЛАНДЫРУ ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН ТӨМЕНДЕТЕДІ

0

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру cыбайлас жемқорлыққа тосқауыл бола ала ма? Әр азаматтың бойында бұл дертке қарсы иммунитетті қалай қалыптастырамыз? Жемқорлыққа қарсы тұру мәдениеті дегеніміз не? Қоғамда бұл кеселмен күресуді насихаттау қай бағытта жүргізілгені дұрыс? Осы сұрақтарға әділет органдарында іске қосылған ісшаралар жоспары көрсеткішінде жауап берсек.

Кейінгі жылдары қай салада болсын сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқын алып, әділетті қоғам қалыптастыруға күш салынып келеді. Бұл бағытта Әділет министрлігі де қоғамдық дерттің алдын алуға арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Атап айтқанда, «Жемқорлық – індет, жою – міндет» қағидатын санаға сіңіре отырып, бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыру бойынша ақпараттық-түсіндіру сипатындағы семинарлар мен дәрістер өткізуді қолға алды. Студенттер мен мектеп оқушылары арасында түсіндірме жұмыстарын өткізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу де назардан тыс қалған емес. Жоспар аясында әділет органдары қызметкерлері оқу орындарында 52 семинар мен дәріс өткізді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес Әділет министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында да қызметкерлер арасында заңсыздықтың алдын алуға, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолданудың тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Жемқорлық факторларын анықтау мақ­сатында осы жылы Сот сараптамалары орталығы мен Ұлттық зияткерлік меншік институтында бірқатар жоспар дайындалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Осыған орай құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары және жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымды тұлғалар тізбесін әзірлеу жұмыстары қолға алынды. Ведомстволық бағынысты ұйымдарда қылмыстың осы түріне қарсы іс-қимылға бағытталған құжаттар қабылданып, ресми интернет ресурсында жарияланды.

Сыбайлас жемқорлықтың басты себептерінің бірі – мемлекеттік қызмет түрлеріне адами фактордың араласуы және сол қызметтері үшін қомақты қаржы талап етуі. Осындай деректерді азайту мақсатында Мемлекет басшысы онлайн ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту мен санын арттыруға тапсырма беріп, бұл бюрократия мен жемқорлықты төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік органдарды неғұрлым тиімді және ашық етуге мүмкіндік беретінін атап өткен еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес, оның, ең алдымен, экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтты. Сондықтан барлық мемлекеттік орган мен ведомствоға қарасты мекемеге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертті.

Қазіргі таңда Әділет министрлігі 53 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Қазір оның барлығы электронды түрде қолжетімді. Бұл – цифрлы қызмет түрлерін қолыңыздағы смартфон арқылы жасай аласыз деген сөз. Бұл ретте бизнес-үдерістерді реинжинирингтеу, сондай-ақ оларды танымал мобильді қосымшаларға көшіру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанын баса айтуымыз керек. Мысалы, жыл басынан бері «egov.kz» сайтта міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу жөніндегі қызмет толық автоматтандырылды. 2023 жылдың соңына дейін «egov.kz» сайтында тіркеу, қайта тіркеу үдерісін толығымен автоматтандыру, сондай-ақ саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлғалардың барлық түрінің құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. Біз бұл қызметтің барлығын цифрландыру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырамыз.

Президент тапсырмасына орай қазіргі уақытта Әділет министрлігі «Digital Justice» – «Цифрлық әділет» жобаларының портфелін іске асырып келеді. Мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін жеңілдету үшін дайындалған бұл жаңа жобалар халықтың уақытын үнемдеп, қызмет түрлерін жылдам алуға және сыбайлас жемқорлық әрекеттерін тудырмауға мүмкіндік береді.

Халықтың мүлік ресімдеу және сенімхаттар алу барысында көбірек жүгінетін қызметінің бірі – нотариус. Биыл 11 сәуірден бастап «egov Mobile» платформасында азаматтарға бейнеқоңырау арқылы онлайн форматта «цифрлық нотариаттық сенімхаттарды» ресімдеуге мүмкіндік беретін қанатқақты жобаны ұсындық. Мүлікті иемденуге байланысты сенімхаттардан өзге барлық түрі азаматтарға мобильді қосымшада қолжетімді. Аталған қызметтің нәтижелері бойынша «Цифрлық сенімхаттар» банктер мен басқа да жеке ұйымдар қосылған «eGov Mobile» «цифрлық құжаттар» сервисінде қолжетімділік артып, халық арасында сұранысқа ие болды. Оған қанатқақты жобада қысқа мерзімде 19 мыңнан аса цифрлық сенімхат ресімделіп, қолданушылардың жылдам қызмет алғаны дәлел. Жобаны кеңейту мақсатында биыл 2 маусымнан бастап «онлайн нотариаттық кеңес» қызметі шығарылды. Бұл енді азаматтар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ нотариаттық қызметке қатысты заңды сұрақтарға жауап ала алады деген сөз. Ал нотариустар кез келген сұраққа жауап береді. Бұл – уақытты үнемдеуге және ыңғайлы уақытта сенімді ақпарат алуға көмектеседі.

Бүгінгі таңда атқарушылық құжатты алған сәттен бастап атқарушылық іс жүргізу аяқталғанға дейінгі үдеріс атқарушылық іс жүргізу органдарының ақпараттық жүйесінде автоматтандырылған. Осы жылы сот орындаушысының жұмысын онлайн режімде ұйымдастыруға мүмкіндік беретін мобильді қосымша құру жоспарланып отыр. Осы арқылы тараптар атқарушылық іс жүргізу материалдарымен онлайн танысуға және сот орындаушысынан хабарлама ала алады. Ведомстволық бақылауды күшейту және өндіріп алушылардың талаптарын орындау мақсатында түрлі талдау жүргізу мүмкіндігі бар жүйе әзірленбек. Бұл ұйымдастырушылық әдістер мен атқарушылық іс жүргізу сапасының деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ автокөлік құралдарына тыйым салу және оны алып тастау сервисі енгізілді. Қамтамасыз ету шараларын автоматты түрде алып тастай отырып, мобильді қосымшалары арқылы берешекті төлеу сервисін көбейту бойынша жұмыстар жалғасып келеді. Бұл жүйеге «Халық», «Фридомфинанс», «Жусан» және «Береке» банктерін қосу қолға алынды. Ал сервистер қазіргі уақытта «Каспий», «Қазпоштада» жұмыс істейді. Сонымен қатар тиісті қызметтер «Қазпошта» терминалдары арқылы қолжетімді. Қазіргі уақытта борышкерді берешекті төлеу қажеттілігі туралы хабардар ете отырып, сот орындаушысының қатысуынсыз атқарушылық іс жүргізуді автоматты түрде қозғау жөніндегі қанатқақты жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жобаның басты артықшылығы – қағазбастылықтан арылу арқылы адами факторды жою және жеке сот орындаушы қызметіне ақы төлеу бойынша азаматтарға қаржылық жүктемені азайтуға көмектеседі.

Іске қосылған тағы бір жаңалық – «Е-заңкөмегі» жобасы. Аты айтып тұрғандай жоба заң көмегіне жүгінетіндер үшін өте тиімді. Жүйе арқылы біз адвокаттардың, заң кеңесшілерінің қызметін автоматтандырамыз. Бұл жүйе «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ бастамасы ретінде әзірленіп, министрліктің балансына қабылданды. Қылмыстық істі жүргізудің сотқа дейінгі сатысында мемлекет кепілдік берген заң көмегінің үдерістері автоматтандырылған. Бұл үшін Бас прокуратураның «Е-қылмыстық іс» жүйесі мен тиісті интеграциялары бар. Адвокатты автоматты түрде таңдау арқылы тиісті қызмет алуға мүмкіндік берді. Мәселен, жүйенің алгоритміне сәйкес адвокат кезекшілер арасынан кезекпен таңдалады. Осы жылы біз мемлекет кепілдік беретін заң көмегі үшін төлемді әділ төлеуге, адвокаттардың нақты жұмсаған уақытты белгілеу бөлігінде жүйенің мобильді қосымшасын жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Осы арқылы нақты жұмсалған уақытпен төлем жасалады. Тұтастай алғанда, жүйе мемлекет кепілдік беретін заң көмегінің мақсаты мен шығындарының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ министрлік меншік иелері бірлестіктерін цифрландыру қызметін құру және оны тіркеу шеңберінде электрондық дауыс беру бойынша қанатқақты жобаны жүзеге асырып келеді. Жаңа сервис осы жылдың 12 қыркүйегінен бастап іске қосылды. Қазіргі уақытта 200-ден аса бастамашыл топ өз өтініштерін ұсынып, олардың 25-і электронды түрде тіркелді. Жоба меншік иелері бірлестігі қызметінің ашықтығын арттырып, алаяқтық әрекеттердің тәуекелдерін азайтуға және жиналыс хаттамаларында тұрғындардың қолдарын бұрмаламауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ үйді басқару үдерістерін автоматтандырып, қағазбастылықтан арылтады.

Мамыр айында еліміздің үш өңірі Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан облысында жеке сот орындаушыларды, нотариустарды, адвокаттарды, сот сарапшылары мен патенттік сенім білдірілген өкілдерді аттестаттаудан өткізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Ауызша әңгімелесудің комиссиялық кезеңі компьютерлік ситуациялық кейстерге ауыстырылып, жалпы аттестаттау рәсімінің ашықтығын арттырып, адами факторды жойды. Бұл жобаның сәтті іске асқанын атап өткен жөн. Қанатқақты режімде іске қосылған сәттен бастап 700-ден аса кандидат тіркеліп, олардың 200-ге жуығы аттестациядан өтті. Осындай оң нәтижені ескере отырып, қанатқақты жобаны еліміздің барлық аймағында іске қосу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында елімізді ІТ мемлекетке айналдыру біздің маңызды стратегиялық міндетіміз екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап көрсетіп: «Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек» деген болатын. Бұл – бірінші кезекте барша мемлекеттік органдарға және Жаңа Қазақстанға қадам басып, әділетті қоғамда өмір сүргісі келетін әр азаматқа айтылған сөз. Яғни әрқайсымыз жемқорлықпен күресуді өзімізден бастап, бойымызда жемқорлыққа қарсы тұру мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Ал біз сөз етіп отырған жобалар мен бастамалар жемқорлықтың тамырына балта шауып, жоюға мүмкіндік береді. Яғни цифрландыру – жемқорлықты азайту мен онымен күресудің басты жолдарының бірі. Цифрлық жүйеге көшу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендеткенін көріп отырмыз. Сондықтан Әділет министрлігі алдағы уақытта да осы бағытта сәйкес жобаларды іске асырып, халық сұранысын қанағаттандыратын ауқымды іс-шараларды ұсынады.

Азамат ЕСҚАРАЕВ, Әділет министрі

Leave A Reply

Your email address will not be published.