15 қараша – Қазақстанның ұлттық валютасының күні. 1993 жылы 12 қарашада ұлттық валюта туралы жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашадан бастап теңге елдегі есептесетін ақшаға, ұлттық валютаға айналды. Басында ұлттық банк бір теңгені мың сомға бағалаған. Артынан оны 500 сомға дейін түсірді. Ескі ақшаны бес күннің ішінде айырбастады. Ұлттық валюта айналымға шыққанда бір долларға шаққанда бағамы 4,75 теңге болған.
Теңгенің алғашқы үлгілерін суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов пен Хайрулла Ғабжалилов салған. Валютаға белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар басылды.
«Теңге» атауының тарихы
Ұлттық валютаның атауын таңдағанда үлкен дау болды. Мамандар оны «алтын», «ақша», «таньга» («тенга») деп атауды ұсынды. Тіпті, «сом» деп қалдыра салуға бастама көтерілген. Кеңестік банкноттарда рубльді қазақ тіліне солай аударып шығарған. Алайда 1993 жылы Қырғызстан қырғыз сомын енгізгеннен кейін «теңге» атауы қабылданды.
Ортағасырлық түркі күміс монеталардың «денге» немесе «танга» деген тарихи атауы болған. Атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін «тиын» деп атады.
Ұлттық валютаның өз символы бар (т). Көрсетілген теңгенің графикалық түрі – транскрипцияда «теңге» сөзі басталатын «т» дыбысын, сондай-ақ «тәңірі» дыбысын білдіретін көне түркі алфавитінің символы. Символ ақша бірлігінің тұрақтылығы идеясын, жоғары әлеуетті, даму динамикасын және Қазақстанның ұлттық экономикасының өсуін білдіреді.
Алғашқы банкноттар Англиядан жеткізілді. Ұлттық валютаның алғашқы банкноттары Англияда Harrison&Sons фирмасында басылып шығарылды. Ақша Қазақстанға ұшақтармен жеткізілді, бір апта ішінде 18 рейс орындалды. Ал қағаз тиындар Қазақстанның бағалы қағаздар шығаратын цехында басылды. Қазір жинақталған тәжірибе мен көп жылдық тәжірибенің арқасында Алматыдағы Банкнот фабрикасында банкноттарды шығару толық жолға қойылған.
Теңгенің айналымға шығуы
Кешегі КСРО-ға мүше елдер ішінде Қазақстан ең соңғы болып рубльдік зонадан шығарылды. Қазақстан алдында ол кезде жаңа валютаға өтудің екі жолы тұрды. Бірі, басқа да одақтас елдердің тәжірибесіндегідей, екі кезеңді қамтитын реформа еді. Ол бойынша алдымен уақытша ақша бірлігі айналымға енгізіліп, кейін тұрақты валютаға көшу керек болды. Қазақстан бұл жолдан бірден бас тартты. Сөйтіп, 1992 жылы бірден жаңа Ұлттық валютаны енгізу туралы шешім қабылданды. Құрамына жоғары дәрежелі мамандар Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайрулла Ғабжалилов кірген арнайы комиссия құрылып, жаңа валютаны әзірлеу жұмысына кірісіп кетті.
Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген. Бұл туралы теңгенің алғашқы авторы Хайрулла Ғабжалилов әңгімелеп берді.
«Тәуелсіз мемлекетімізді алда көптеген қиыншылықтар күтіп тұрды. Әртүрлі салалардағы басқару жүйесінің бәрін қайта құру керек болды. Соның бірі Қазақстан Ұлттық банкі болатын. Ол уақытта Кеңес өкіметінің «Госбанктен» бөлініп шығу мәселесі тұрды. Мемлекетіміздің әнұраны, елтаңбасы мен туына конкурс жариялап, суретші, композиторлар кірісіп кетті. Әр жерде «өз ақшамыз болуы керек» деген әңгімелер айтыла бастады, сол кезде біз де ақырындап өз ақшамыздың жобасын салуға кірістік. Эскизіміз дайын болған кезде Ұлттық банктің төрағасына келіп көрсеттік. Жаңадан құрылып жатқан банкпен басы қатып жатқан төраға «кім тапсырма берді?» деп таңғалды. Алайда бір-екі кездескеннен кейін ақырындап бірге жұмыс істеп кеттік. Кейінірек сол кездегі Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен оған Ерік Асанбаев, Жоғары кеңестің бюджет және қаржы комитетінің төрағасы Сауық Тәкежановтар тікелей басшылық етті. Ең алғашқы эскизімізді сол кездегі Президент көріп, кейін Ұлттық банк басқармасында бекітіліп, өкіметтің комиссиясы құрылды. Бізге валютамызды басып беруге шетелден көптеген банкнот фабрикаларының өкілдері келіп, келіссөз жүргізіп жүретін. Ішінде Англияның «Харрисон және ұлдары» атты фабрикасы да бар еді. Өкіметтің тапсырмасы бойынша, енді біз бекітілген эскизімізбен Лондонға кетуіміз керек болды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын-қыстау кезеңінде Ұлттық валютамыз жасалып жатты. Енді дайын эскизбен Лондонға кетуге банктен тез арада қаражат ала алмайтынымызды білдік. Себебі келісімшартқа әлі отырмағанбыз, ол көп уақытқа созылатыны мәлім еді. Алғашқы кезде Лонданға барып-қайту үшін өз қаражатымызды жұмсадық. Алғаш төрт адам болып, мен, Жоғары Кеңестің депутаты болған Тимур Сүлейменов барды. Ары қарай теңгені жасау көп уақытты қажет ететіндіктен, ол кісі депутаттығын тастап, теңгені жасауға қатыса алмады. Лондонға біраз қатынадық. Бізді ол жақта банкнот фабрикасының мамандары банкноттың қалай басылатыны, қалай жасалатыны, қағазы, бояуы, ішкі құпиялары мен технологиялары туралы оқытып, толық үйретті», – дейді Хайрулла Ғабжалилов.
Теңге авторының айтуынша, теңгеміз айналымға шыққан күннен бастап, мемлекетіміз тәуелсіздігін алған. Теңгенің арқасында экономика көтеріліп, шекара белгіленіп, ішкі-сыртқы саясатта өз бағдарламамыз жүргізіле бастады.
«Сол кезде жаңадан құрылып жатқан Ұлттық банк қиын кезеңдерді бастан кешірді. Кеңес өкіметінің заңы «рынокқа» жұмыс істемеді. Банктер кредитті кепілсіз, тек арыз жазу арқылы, таныс-тамыр арқылы беріп жатты. Кез келген жерде банк ашыла бастады. Мендегі бір тізім бойынша 260 банк ашылыпты.
Біздің теңгеміз жеті банкноттан тұратын: 1 теңгеде – әл-Фараби, 3 теңгеде – Сүйінбай, 5 теңгеде – Құрманғазы, 10 теңгеде – Шоқан, 20 теңгеде – Абай, 50 теңгеде – Әбілхайыр хан, 100 теңгеде – Абылай хан болатын. Ал 200, 500, 1000, 2000, 10 000 теңгелер инфляциялық ақша болып есептелетін», – дейді Хайрулла Ғабжалилов.
Ұлттық валютаның марапаттары
Ұлттық валюта монеталары шартты түрде үш түрге бөлінеді: циркуляциялық, инвестициялық және коллекциялық. Халықаралық марапаттар Қазақстан банкноттары Халықаралық көрмелер мен конкурстарда жоғары бағаланып келеді. Мәселен, 2011 жылдан бастап үш жыл қатарынан қазақстандық банкноттар әлемдегі үздік банкнот деп танылды. 2014 жылы түркі жазуына арналған қазақстандық «КҮЛТЕГІН» естелік банкноты Халықаралық банкнот қауымдастығының (IBNS) нұсқасы бойынша 2013 жылдың үздік банкнотына айналды. Ал Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) 2007 жылы номиналы 10 мың теңгелік банкнотты әлемдегі ең үздік деп таныды. 2016 жылы 20 мың теңгелік банкнот High Security Printing Europe конференциясында марапат алды. Ол 2015 жылдың үздік аймақтық банкноты деп танылды. Сол жылы IACA оның валюта индустриясындағы ең жақсы техникалық жетістігі үшін марапаттады.
«Валютаның тұрақтылығы экономикаға тәуелді»
Эксперт-экономист Мұрат Қастаев теңге еліміздің егемендігінің символы ретінде тарихта өзінің орнын алды деп санайды. 30 жылдық тарихында теңгеміз талай дағдарыстарға ұшырап, бағасын едәуір жоғалтса да, соның арқасында еліміздің егемен экономикасы қалыптасты, Қазақстан өзінің тәуелсіз қаржы саясатын жүргізе алады, дербес эмиссиялық және төлем жүйелерін құрып, жүргізіп жатыр деген пікірде.
– Ал теңгенің күш-қайратына келсек, кез келген валютаның артында сол валютаны шығаратын елдің экономикасы жатыр. Мәселен, АҚШ доллары құриды, құнсызданып кетеді дегенді біз жыл сайын естіп жатамыз. Алайда, доллардың артында әлемдегі ең ірі және ең дамыған АҚШ экономикасы жатыр, сол америкалық экономика өз орнын жоғалтпай тұрғанда, АҚШ доллары да өз күшін сақтап тұрады. Солай Қазақстан теңгесі де – еліміздің экономикасы дамып, өркендеп келе жатса, теңгенің де жағдайы тұрақты болады.
Ал экономика тұрақты даму үшін Қазақстан тек мұнай экспортына ғана тәуелді болмай, экономиканы әртараптандыру қажет, тек қана шикізат қана шығармай, қосылған құны жоғары дайын тауарларды, күрделі технологияларды экспортқа шығарғаны дұрыс. Сонымен қатар экономика тұрақты болуы үшін еліміздің кірістері мен шығыстары тепе-тең болғаны тиімді. Демек, мемлекеттік қарызды азайтып, керісінше, резервтік қорларымызды арттыру керек. Сонда дағдарыс болып қалған жағдайда да қорларымыз экономиканы тұрақтандыруға көмектеседі, – дейді экономист Мұрат Қастаев.
Эксперттің пікірінше, егер ұлттық валюта әлсіз болса, онда ол тұрақты валюталарға қарағанда құнсыздана береді. Егер ол күрт төмендеп кетсе, оны девальвация деп атайды. Біздің тарихымызда ондай девальвациялар бірнеше рет қайталанған. Алайда 2015–2016 жылдардан бері Қазақстан еркін құбылмалы валюта режиміне көшті, яғни теңгенің құны мен шетелдік валюталардың бағамдары валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың арқасында қалыптасады.
– Яғни, нарықта шетел валюта көбейсе, онда олардың бағамы төмендеп, теңге күшейе түседі. Керісінше, шетелдік валюта кірісі азайса, онда теңгенің бағамы түсіп кетеді. Қазақстан экономикасы – әлемдік масштабтағы кішкентай, ашық экономика. Экономикамыздың негізі – шикі мұнайдың өндірісі мен экспорты. Яғни біздің экономикамыз шығарылып жатқан мұнайдың көлеміне және бағасына ерекше тәуелді. Сол тәуелділіктен құтылғанша теңгенің күші мұнай бағасына тәуелді болады. Сонымен қатар, еліміздегі жоғары инфляция деңгейін де атап өту керек. Инфляция жоғары болған жағдайда валютаның сатып алу қабілеті төмендейді, яғни валюта құнын тез жоғалтады. Теңгенің құны төмендеген сайын, сол теңге көлеміне шақ келетін тауар саны азаяды. Біздің елде ұлттық өндіріс аса дамымағандықтан, тауарларды көп бөлігін біз импорттаймыз, импорттың көп бөлігі Қытай, Ресей, Түркия, Еуропа, АҚШ елдерінен келіп жатыр. Нәтижесінде, теңге әлсіресе, біз импорттық тауарларды сатып алуға деген мүмкіндігіміз азаяды, яғни теңгенің әлсіреуі халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей кері әсерін тигізеді. Бірақ теңгенің тым күшеюі де зиян – 2015 жылдың аяғында, 2016 жылдың басында болған жағдайды еске алсақ, сонда теңге Ресей рубліне қарағанда тым күшейіп, қазақтар Ресейге барып, автокөлік, тұрғын үй, тіпті жиһазға дейін тауарлардың бәрін сыпырып алып келді, еліміздің экономикасынан миллиардтаған доллар ақша Ресей экономикасына құйылды. Ал еліміздегі капиталдар елімізде қалсын десек, онда өзіміздің қазақ тауарларын өндіру керек. Олай болмаса, елімізге қанша көп ақша құйылса да, біз ол ақшаны шетел тауарларын сатып алуға жұмсаймыз, яғни келген ақша қайтадан шетелге кетіп қалады. Сондықтан валютаның тұрақтылығы, халықтың өмір сүру деңгейі – бәрі ұлттық экономиканың күші мен әлеуетіне тәуелді болады. Ал экономикасы әлеуетті, халқы көп, халқының дені сау және білімді болған ел әскери тұрғыдан да күшті болады. Ұлттық қауіпсіздік, әскери күш-қуат – бәрі де экономиканың күшіне негізделеді, – дейді Мұрат Қастаев.
Сондай-ақ сарапшы ұлттық валюта қалыптасты, аяғына тұрды, талай қиындықтан өтіп, девальвациялар болса да, деноминация болған жоқ, яғни теңгенің бағамы жүздеген, мыңдаған есе азайған жоқ. Сондықтан еліміздің болашағы жарқын болсын, экономикамыз дамып, өркендей берсін, ұлттық валютамыз – теңге – жылдан жылға күшейіп, егемендігіміздің жарқын символы ретінде қала берсін деген тілектестігін де білдірді.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ