Қордай ауылы тек аудан, облыс көлемінде емес, жалпы еліміз бойынша іргелі елді мекен саналады. Инфрақұрылымы, халық саны, тұрмысы бойынша да әрдайым көшбасшылар қатарында. Сонысына орай мұнда атқарылатын жұмыс та шаш-етектен. Осыған байланысты тағайындалғанына 100 күн толған ауыл әкімі Әділет Қаспақбаевпен ауыл тынысы, бүгіні, алдағы жоспарлары туралы сұхбат құрған едік.
-Әділет Меделбекұлы, Сіздің Қордай ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалғаныңызға 100 күннен артық уақыт өтті. Қордайлықтар нендей өзгерістерге куә болуда? Қандай проблемалық тұстар бар? Тұрғындар тұрмысын жақсартуға қандай шаралар қолға алудасыздар? Тарқатып берсеңіз…
-Халық тұрмысымен танысу ең алдымен тұрғындармен етене жақын болу, әрдайым халық ортасында жүру. Мұндағы мақсат халықтың көкейіндегі жүрген басты проблемаларды анықтап, шешу жолдарын қарастыру. Ең алғашқы білек сыбанып кіріскен мәселе бұл абаттандыру болды. «Таза аула – таза ауыл» акциясы өткізілді және әлі де жалғасын табуда. Біршама апатты күл-қоқыс орындары тазаланды. «Батыс» тұрғын алқабындағы Төле би көшесінен халыққа қызмет көрсету орталығына кіреберіс жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде «Үсен ұлы» базары жанындағы Жамбыл көшесі, Аңырақай көшесінен Сауранбаев көшесі, әскери бөлімше жанындағы Сауранбаев көшесіне кіреберісі, Жеңістің 40 жылдығы көшесінен Пушкин көшесінің басы, Жібек жолы көшесінің басы, Елімай көшесінің екі қабатты үйлерге кіру, Аңырақай көшесінің қосалқысы, Б.Момышұлы, Желтоқсан, Абылайхан, Мүсірепов көшелері, Абылайхан тұйығы, Алматы көшесінен Домалақ ана көшесіне дейін, Жангелді көшесіне кіреберіс,Төле би, Орталық және Бәйдібек көшелеріне орташа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1310 шаршы метр жол шұңқырлары реттелді. Бұдан бөлек, «Болашақ» ықшам ауданында, Байзақова, Әйтеке би көшелеріндегі жарықшамдардың ескірген шамдары жаңа электр желісін үнемдеуші ЛЭД шамдарға ауыстырылды. Демалуға арналған 9 жаңа орындықтар орнатылды, жанына 11 қоқыс контейнерлері орнатылды. 36 км жол белгілері сызылып, жол белгілері орнатылды. Апатты жағдай тудыратын ағаштар кесілді. Ауыз су мәселесі бойынша Әзірбаев көшесінің тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамту мақсатында Қордай ауылдық округі әкімінің аппаратымен және «Ақсу Қордай» ЖШС-мен бірлесіп қосымша ұңғыма орнатылып, ауыз су қосылды. Қажетті құрал-жабдықтар ауыл әкімшілігі тарапынан қамтамасыз етілді. Тағы да сол сияқты қысқа мерзім ішінде шешімін табуға болатын ізгілікті істер атқарылды. Оның бағасын халық өзі берер деген ойдамын.
-Қордайдағы көше қиылысындағы қоқыс орындары тиімді емес екенін дәлелдеді. Оның біразы алынып тасталды, бірақ бұрын қоқыс тұрған орындарға тұрғындар әлі күнге дейін қоқыс тастайды.
Қазіргі таңда тұрғындардың көбісі көшенің кездейсоқ жерлеріне қоқыс тастауға әбден үйреніп қалған. Оның үстіне әкімшілік тегін жинап кетеді, бұл солардың жұмысы деген пікір қалыптасқан. «Қоқыс тастауға болмайды» деген ескерту тақтайшалары да орнатылған. Алайда, бұл ескертулерге немқұрайлы қарайтындар саны көп. Қордай ауылдық округі әкімдігімен заң бұзушыларды анықтау үшін рейдтік жұмыстар жүргізіп келеміз. Нәтижесінде ластаушы тұрғындардың заңсыз іс әрекеттеріне тосқауыл болып, әкімшілік тарапынан 7 тұлғаға жалпы сомасы 241 500 теңге, учаскелік полиция инспекторларымен 13 тұлғаға жалпы сомасы 448 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Мен әрдайым ауыл тұрғындарымен кездесу жиынында тоқтаусыз айтып келе жатқан ең басты мәселем де осы қоқыс жайы. Ауылымызды тазалықта сақтау міндеті әрбірімізге жүктелген. Қазіргі таңда қоқыс шығару қызметін ұсынатын «Жасыл Қордай» ЖШС жұмыс жасауда, сонымен келісімшартқа отырыңыздар. Сол қоқысты көшеге тастап айыппұл арқалағанша тікелей үйіңізден алып кететін жеке кәсіпкерлермен келісімшартқа отыру дұрыс деп ойлаймын. Жақын арада Қордай аудандық мәслихат сессиясында қоқыс шығаруды коммуналдық қызметтер санатына қосып, тарифін белгілеу мәселесі қаралмақ.
-Көптеген коммерциялық нысандардың алдарында көлік арнайы тұрақтары жоқ. Жүргізушілер көліктерін тротуарларға қояды. Жаяу жүргіншілер, әсіресе бала арбасымен жүретін әйелдер, мүгедектер зардап шегеді.
Бұл мәселе бойынша әрбір жеке коммерциялық нысандарға өз ғимараттарының маңайына көлік тұрақтарын жасау туралы бірдей талап қойылған. Қазіргі таңда көлік тұрағын жасау кезең кезеңімен реттелуде. Сонымен қатар, жеке көлік жүргізушілері де заң аясында жол жүру ережесін ұстану қажет деп ойлаймын. Бұл бағытта жол полициясы инспекторларымен бірлесе тағы да жұмыстар атқарылатын болады.
-Орталық саябақтағы футбол алаңы жөнделеді ме? Ол жерде күнде балақайлар доп тебеді, бірақ алаңда ойнау қауіпті. Мысалы, дарбазалары бос тұр. Биыл ел өңірлерінің бірінде футбол алаңындағы дарбаза құлап, балалар зардап шеккені белгілі.
Бүгінгі таңда орталық саябақтағы футбол алаңшасынының ақауы бар жерлері дәнекерленген. Қауіп жоқ. Бірақ болашақта, аталған футбол алаңында жөндеу жұмыстарын жүргізу, ретке келтіру жоспарда тұр. Бұдан басқа, сол маңайда тұратын тұрғындардың сұранысына сәйкес түн мезгілінде тыныштық сақтау тәртібімен футбол алаңшасын пайдалану мерзімі сағат 23:00-ге дейін шектелген.
-Соңғы жылдары Қордайда көптеген ойын алаңдары, шағын саябақтар жасалды. Дегенмен, оның біразы қирап, сынып, ойнауға, демалып отыруға жарамай қалды. Мысалы «Болашақ» ықшам ауданындағы ойын алаңшасы.
-Биылғы жылы ауылдық округтегі барлық ойын алаңшаларының, демалыс орындарының қираған, сынған жерлері дәнекерленіп, ретке келтірілді. Сіз айтып өткен «Болашақ» ықшам ауданындағы ойын алаңшасы да жөнделді. Оған қоса, «Красный партизан» ықшам ауданындағы ауылдық клуб маңайында жаңадан салынған балалар ойын алаңшасы
қолданысқа берілді. Аталған жұмыстарға жауапты мердігер ЖК «Каратаев» атқарды, жалпы сомасы 3 020 084 теңге қаражат бөлінген болатын. Мұндағы айта кететін жайт, бұл ойын алаңшаларындағы құрылғылар негізінде 12-13 жасқа дейінгі балаларға арналған. Оны сындырып, қиратып кететін көбінесе үлкен, ересек жастар. Осы орайда тұрғындарға айтарым, әрбір отбасы өз шаңырағында бала-шағасына көпшіліктің игілігі үшін жасалған дүниелерді бұзбау, жан-жақты ластамау туралы тәлім-тәрбие беру қажет. Бұның бәрі өздеріңіздің төлеп отырған салық түсімдеріңіздің қаражатынан жасалуда және соны осындай әрекеттермен ысырап қылмауды сұраймыз.
-«Болашақ» ықшам ауданындағы Өтеген көшесіне апаратын жолды жаздыгүні жөндейміз деп ойып, сол күйінде қалдырып қойды. Ол жол қашан жөнделеді?
-Бұл жол негізінде мен ауыл әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін басталған іс болатын. Енді алдағы уақытта 2024 жылдың ауыл бюджетін қарастыру кезеңінде жоспарға қосатын боламыз.
-Ауыл ішінде мал ұстау қағидасы көп жағдайда сақталмайды. Тұрғындар көршілерінің мал қораларынан келетін жағымсыз иіске көп шағым айтады. Мысалы, Бегалиев, Ақбұлын көшелері, «Шөміш» ауданындағы көше тұрғындары.
-Бұл мәселеде біз өз құзыретіміздің шегінде жеке қосалқы шаруашылығында 10-15 бас мал ұстайтын тұрғындармен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2008 жылғы 24 қаңтардағы №28 Бұйрығында көрсетілген мал ұстау қағидаларын ұстану қажет екендігі туралы тек түсіндірме жұмыстар жүргізе аламыз. Белгілі бір мерзім ішінде қора-жайларын тазалап тұру туралы, көршілеріне ыңғайсыздық тудырмау туралы ескертулер береміз. Бірақ өкінішке орай, жеке қосалқы шаруашылығында мал ұстау қағидаларын қайталама түрде бұзатын азаматтарға айыппұл салу біздің құзыретімізге кірмейді. Мұндай жағдайда тек арызданушыларға сотқа қайырылу қажеттігі туралы ұсыныс бере аламыз.
Сұхбатыңызға рақмет!