Елімізде жыл сайын қарашаның 15-і күні қаржыгерлер күні және ұлттық валютамыз – теңгенің туған күні аталып өтеді. Осыған орай мереке қарсаңында төл теңгеміздің тарихына көз жүгіртіп, еліміздің қазіргі қаржы жүйесі қызметкерлерінің еңбегін атап өтуді жөн көрдік.
Қазақстанда нарықтық экономиканың негізі осыдан 30 жыл бұрынғы күрделі экономикалық жағдайда қаланып, сондықтан теңгені енгізу күрделі операциялардың бірі саналады. Айта кетсек, 1991 жылы арнайы топ құрылып, оның құрамына Меңдібай Алин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов, Қайролла Әбжәлелов кірді. Бұл кісілер алғашқы купюралардың әдемі болып шығуы және ұлттың болмысы мен нақышын бейнелеу үшін бар күшін салды. 1993 жылдың мамыр айында дайын банкноталар елге әкелініп, қазан айында барлық облыстар мен аудандарға таратылды. Ал, 12 қараша күні Мемлекет басшысы ұлттық валютаны енгізу туралы Жарлыққа қол қойып, 15 қараша күні теңге айналымға енгізілді. Сарапшылардың айтуынша, ұлттық валюта сапалы болып шыққан. Төл теңгеміз 1994 жылы Ұлыбритания патшайымының алтын медалін алып келді. Ол кезде 100 теңгелік банкнота әдемі және ең қорғалған болып танылды. 18 қорғаныш деңгейі бар еліміздің банкноталары монеталармен қатар халықаралық көрме мен байқауларда жоғары бағаланған.
Осы орайда күнделікті жұмысы қаржы саласымен тікелей байланысып, ақшамен жұмыс жасайтын аудан азаматтарын атап өтпеске болмас. Мұндай жандардың қатарында бухгалтерлер, қазынашылық қызметкерлері, кассирлер, банк қызметкерлері және аудан әкімдігінің қаржы құрылымдарының қызметкерлері бар. Аталмыш салада маңызды жұмыс атқарып келе жатқан мекемелердің бірі аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі. Светлана Абдужалиева басқарып отырған мекеме бюджеттік қаражатты жоспарлап, оны бөліп, аудан экономикасының дамуын болжаумен айнылысады. Бұл қиын әрі жауапты жұмыс бөлімге 1999 жылы артылған. Бөлім тарихы 1999 жылдың 20 қаңтарынан басталады. Аудан әкімінің №521 шешімімен Қордай аудандық экономика басқармасы құрылып, 2004 жылғы 30 желтоқсанда аудан әкімдігінің қаулысымен Қордай ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі болып қайта құрылды. Содан кейін де мекеменің ұйымдастырушылық формалары бірнеше мәрте ауысқанымен, бөлім бюджетті жоспарлау және аудан экономикасының даму қарқынын болжау сынды маңызды жұмыстарды үздіксіз атқарып келді. Аудан басшылығы бөлім мамандары ұсынған мәліметке сүйене отырып экономикалық және бюджеттік саясатты жүргізеді. Экономика, бюджеттік саясат және жоспарлау, экономиканың базалық секторларын және әлеуметтік бағдарламаларды дамыту сынды секторлардан тұратын бөлім ауданның маңызды салаларының барлығын қамтиды. Бөлімді бірқатар басшылар басқарып, қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлестерін қосқан. Мәселен, 2000 жылға дейін мекемені Зинагүл Малаева басқарып, оның негізін қалап, кейінгі даму бағытын айқындады. Ал, 2001-2010, 2012-2017 жылдар аралығында 14 жыл бойы бөлімді тәжірибелі азаматтардың бірі Азамат Есполов басқарды. 2010-2012 жылдар аралығында басшы ретінде Ботагөз Бекежанова тағайындалып, ал 2017 жылдан бастап мекемені Светлана Абдужалиева басқарып келеді. Бас-аяғы мұнда 7 мемлекеттік қызметші және келісім-шарт бойынша 5 қызметкер жұмыс атқарады.
«Біздің ұжым тату әрі ынтымақты отбасы іспеттес. Жұмыс оңай емес, шұғыл жұмыс болып қалса бүкіл ұжым жұмыла жұмыс істеп кетеді, осындай жағдайда көмекке келетін адам жаныңнан табылатыны маңызды. Қысқасы, мұнда өз жұмысын жетік білетін, нағыз кәсіпқой мамандар жиналған. Бұл адамдар жас мамандар үшін үлгі, көп жылдан бері жинаған тәжірибесімен бөлісетін тәлімгер болып кеткен. Орынбасарым Әсия Естаева бұл қызметте жүргеніне бір ғана жыл болса да, кез келген тапсырманы алып кетіп, жақсы нәтиже көрсетуде. Балжан Кішкенова, Нұрғайша Салиева, Гүлнара Досалиева – жауапты, сыпайы қызметкерлер, өзі істерінің шеберлері. Экономика саласында тәжірибесі аз болса да Гулий Алданазарова, Элмира Байжігітова, Рахат Нұрмаханбетова сынды жас мамандардан үміт зор», — дейді Светлана Жамалбайқызы.
Бүгінде, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің қызметкерлері 21 жыл бұрынғыдай өз жұмыстарын абыроймен атқарып, ауданның әрі қарай гүлденуіне өз үлестерін қосуда.
Ұлттық валюта құнсыздану, жылына 3061 % мөлшеріндегі инфляция сынды талай қиын қыстау кезеңдерді басынан кешті, дегенмен 2004 жылы ТМД елдері арасында жақсысы болып танылды. Бүгін теңге тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендіктің нышаны және Қазақстанның болашағы мен жаңа тарихының маңызды бөлігі болып табылады.