Аудан абыройын асқақтатқан ДИАС

0

Бокстан 13-19 қараша күндері аралығында Астана қаласында өткен VI жазғы Спартакиада өз мәресіне жетті. 4 жылда бір ұйымдастырылатын айтулы бәсекеде 13 салмақта 176 спортшы жүлдеге таласты. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жарыстың финалдық жекпе-жектерін тамашалап, жеңімпаз боксшылар мен жүлдегерлерді марапаттады. «Астанада бокстан Спартакиада көпшілік күткендей өте тартысты болды

Астана шаршы алаңында еліміздің ең үздік боксшылары мен әр жылдардағы 6 әлем чемпионы қолғап түйістіріп, жекпе-жекке шықты. Спартакиадада төрешілер әділ жұмыс істеді. Ал ел жарысы өте тамаша болды. Апта бойы боксшыларға қолдау білдіріп, жарысты тамашалаған қала  тұрғындары мен қонақтарына ерекше алғысымды білдіргім келеді», – деді ол.

Аталмыш спорт додасында 75 келі салмақтағы финалдық жекпе-жекте жерлесіміз Диас Молжігітов әлем чемпионатының қатысушысы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атыраулық Нұрқанат Райысты айқын басымдықпен ұтып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Диас Молжігітов Қордай ауылының тумасы. Бокстан спорт шебері, Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі. Қазақстан Респуликасының жастар арасындағы бокстан екі дүркін чемпионы, 2021 жылы өткен әлем чемпионатының жүлдегері, Венгрия мен Болгарияда өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы, ҚР ерлер арасында чемпионы. Сонымен қатар, биыл қаңтар айында Тайланд астанасы Бангкок қаласында бокстан 22 жасқа дейінгі Азия жастары біріншілігінде де финалға жетіп,  байрақты бәсекенің күміс жүлдегері атанған болатын. Аудан намысын асқақтатқан былғары қолғап шеберін кезекті жеңісімен құттықтаймыз!.

Leave A Reply

Your email address will not be published.