«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадір-Мырза Әлі жырлағандай, заман талабына сай сан тілді білу біздің міндетіміз. Ал ана тілін таза да мөлдір қалпында сақтап, күнделікті өмірде қолдануды үдертіп, тіл алалығын жою біздің мақсатымыз болып қала бермек.
Ана тілі дегенде қай жүрек тебіренбейді, қай жанды осы сынды сұрақтар мазаламайды десеңші? «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенін де, болашағынан да қол үзеді» — деп ұлы ғұлама жазушы Ғ.Мүсірепов айтқандай біз ана тіліміз арқылы Отанымызды, халқымыздың бүгіні мен ертеңін, жарқын болашағымызды таныпбілеміз емес пе? Тіпті, осы Отанымызда тұрып жатқан басқа ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуге атсалысып, мемлекеттік тілде сөйлеуді жастар арасындағы сәнге айналдырғанда, біздің қазақ жастары әлі сол орыс тілін қолдануда белсенділік танытып жатқаны ұят емес пе?
ХХ ғасырдың басында Абай өзінің жиырма бесінші сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да — бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды.» — деген болатын. Ал қазір, дамыған елу елдің қатарына бет бұрған еліміз үшін – мемлекеттік тілге көшу міндеті тұр. Әрине, мақсат орыс тілінен бір күнде бас тарту емес, қазақ тілі мен орыс тілін бір біріне қарсы қою да емес. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін шын мәнінде алуы ғана мемлекетті мемлекет ете алады. Елімізде қазақ тілін дамытудың мемлекеттік жоспары жасалған, Конституцияға енгізілген, енді оны жүзеге асыру жағына ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Президентіміздің стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыратын – жастар. Сондықтан, да жастар өз ана тіліміз – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге тиіс. Ендеше, көк байрақты, нұр елімнің жақын жылдарда әлемдегі дамыған елу елдің қатарына кіруіне бірге атсалысайық!
С.Чарипбекова, Қордай аудандық соты әкімшісінің бас маман-сот отырысының хатшысы