«Ақ босағаның алтын діңгегі»

0

Қордай ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылдық мәдениет үйінде «Ақ босағаның алтын діңгегі» атты әулет келіндері арасында сайыс ұйымдастырылды.

Келіндердің додасы бес түрлі сайыстан тұрды. Бірінші – «Сәлем сөздің анасы» таныстыру кезеңінде қатысушылар өлең жолдарымен өздерін, кей қатысушылар бір-бірін таныстырды. Қосымша сурет жинақтарымен бөлісті.

Екінші кезең – «Ойлы болсаң, озып көр!» сұрақ-жауап айдары өтті. Бұл сайыста қатысушылар қазақ салты, ғұрпы, дәстүріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Ол сұрақтардан бірнешеуін айтып өтер болсақ: қалжа деген не?; мал етінінің мүшелерін атау; ұлттық аспаптарды атау және тағы басқа сұрақтарға жауап берді.

Үшінші «Өнерлі келін – сүйкімді» өнер сайысы болды. Бұл кезеңде қатысушылар топ-топқа бөлініп, өнерлерін ортаға салды. Бірінші топ қолдан тіккен бұйымдарын көрсетсе, екінші топ өздерінің өмір тәжірибесімен бөлісті, үшінші топ өз қолдарымен құрақ көрпе мен оюлы-шашақты қоржындарымен сайысқа түсті.

Абысындар мейірімнің, ізгіліктің жарығын сеуіп, бір-бірін қолдады, ағайынның сыйластығына дәнекер болды. Ата-анаға келін, іні мен қайын сіңліге жеңге болудың тағылымын бірі-бірінен сіңіріп, бірі-біріне үйрете жүріп, бүкіл әулеттің ақылшы, данагөй анасына айналды. Сол арқылы ұлттың көшін түзеді. Өкінішке қарай, ғасырлар бойы елдің бірлігін сақтап, тірлігін алға жылжытқан осынау тәлімі терең институттың бүгінде орны ойсырап тұр. Абысындар арасындағы сыйластық, оларды біріктірген ортақ құндылықтар заманның илеуінде кеткендей.

Осындай тағылымы мол шараға қатысқан әулет келіндеріне ауылдық мәдениет үйі алғыс білдіре отырып, түрлі номинациялар мен дипломдар табыстады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.