Осыған дейін жазғанымыздай, қазір алаяқтықтың түрі де көп, оларға тән схемалар да көп. Тіпті интернеттегі алаяқтардың әбден машықтанып, әккі болып алғаны соншалық, кейбір жағдайларда адамдар қаскөйлер құрған қақпанға қалай түсіп қалғанын түсіне алмай, басын тауға да, тасқа да соғып жүр. Мұның бәрі біздегі қаржылық сауаттылықтың төмендігіне келіп тіреледі. Қаржы мамандары қанша жерден ескертіп, алаяқтық схемаларын ашып көрсетіп беріп жатса да, кейбір азаматтар жарыққа ұмтылған көбелектей қауіпке өздері барып ұрынып жүр.
Кибералаяқтар – бұл өзгенің мал-мүлкін еш қысымсыз, бопсалаусыз, асқан қулықпен иемденіп алуды көздейтін қылмыс әлемінің элитасы. Қудың қақпанына түскен адам өзінің мүлкін алаяқтарға өз еркімен қалай бергенін аңдамай қалады. Қылмыскерлердің бұл санатын өзінің қулығы, тапқырлығынан басқа, жәбірленушіге қатысты ешқандай зорлық-зомбылық танытпауына қарап, ең «әділетті» фигура деуге болар. Иә, интернеттің пайдасы орасан, алайда, зияны да шаш етектен екені белгілі.
Интернет-алаяқтық – бұл желі пайда болғанға дейін болған алаяқтық схемалардың кезекті нұсқасы. Ол онлайн-шопинг және электрондық коммерцияның өзге түрлерінің танымалдылығымен бірге дамыды. Пайдаланушыларды алдау үшін интернет-алаяқтар электрондық поштаны, түрлі чаттарды, форумдарды және жалған веб-сайттарды пайдаланады. Жалпы, кибералаяқтық деген қайдан шыққан? Одан сақтанудың жолы бар ма? Қазақстандағы интернет арқылы жасалатын қылмыстың көрсеткіші қандай?
Рас, бүгінгі таңда ең көп таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе, әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Жалпы ең жиі кездесіп жүрген интернет-алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар. Айта кетейік, интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.
Мәселен, жамбылдық тәртіп сақшылары есепті кезеңде интернет-алаяқтықпен кәсіби түрде айналысқан 28 адамды қолға түсірді. Атап өтерлігі, құрықталғандардың 16-сы өзге өңірлердің азаматтары. Жалпы биыл нақ осы сипаттағы қылмыстың 90 дерегі тіркеліп, өткен жылмен салыстарғанда 40,8 пайызға азайған. Осы жылдан бастап Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде, 2023-2025 жылдарға арналған телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламасы іске асырылуда. Киберқылмыстың алдын алу мақсатында әр тоқсан сайын өңір-өңірлерде «Абайлаңыз, алаяқтар!», «Antifraud» және тағы басқа жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, осы жылы интернет-алаяқтықтың 90 дерегі тіркелген. Оның ішінде, қаржы саласында 44 жағдай орын алған. Яғни, бұл қылмыстар заңсыз онлайн-қарыздарды ресімдеуге, банк шоттарынан ақша қаражатын ұрлауға және капиталды ұлғайту жөніндегі жобаларға қатысуға байланысты. Ал 46 дерек онлайн сатып алулар мен қызметтерге қатысты екені анықталған. Сондай-ақ өзге өңірлерде 190 дроппер анықталып, алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар белгілі болған.
Ерекше тоқталарлық жайт, бұған дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері түрлі деңгейдегі мекемеге барғанда ұры-қары мен әлімжеттіктің құрбаны болмас үшін азаматтарға бағыт-бағдар беретін. Ал қазір бұл тізімге интернет-алаяқтарының құрығына түспеу жөнінде тиісті кеңес берілуде. Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері ірі құрылыс дүкенінің ұжымымен және Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің 1-курс студенттерімен өткен кездесуде алаяқтардың құрығына түсіп қалмаудың қарапайым амалдары туралы айтып берді. Басқосу барысында теріскейлік сақшылар киберқылмыскерлердің кең таралған схемаларына кеңінен тоқталып, профилактикалық сипаттағы бүктемелер таратқан. Жедел уәкілдер колледждің бірінші курс студенттері мен ұстаздарын да алаяқтардың әккі әрекеттері жайлы хабардар етті. Алаяқтар жәбірленушілердің шоттарынан ақшалай қаражаттарды заңсыз жолмен алу үшін жастарды пайдалануы мүмкін. Сондықтан жігіттер мен қыздардың қаскөйлердің қылмыстық әрекеттерінде дроппер, жалған тұлға ретінде қатысуының алдын алуға мән берілді. Осындай кездесулер Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі мен Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде де өткізілген.
– Еңбек ұжымдарындағы, кәсіпорындардағы, студенттер, тіпті оқушылар арасындағы профилактикалық түсіндіру сипатындағы кездесулерді жиі өткізіп тұрамыз. Үлкен сауда орындары мен шағын аудандар біздің назарда. Алдын алу жұмыстары қалалықтардың ғана емес, облыстың барлық аудандарының тұрғындарының арасында өткізіледі. Жадынамалар таратылып, әр адаммен жеке әңгімелесу жүргізіледі. Тәжірибе көрсеткендей, өңірдегі әр екінші зейнеткерге бейтаныс адамдар хабарласып, алаяқтықтың белгілері бар ұсыныстарын айтқан. Жеке басқа қатысты деректерді ешқашан ешкімге бермеген жөн. Алаяқтар қоңырау шалған жағдайда бірден тұтқаны қойып, өз банкіңіздің call-орталығына және полицияға хабарласу қажет, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.
Атап өтерлігі, дәл осы өңірде танымал әлеуметтік желі арқылы жасалған интернет-алаяқтықтың 90 дерегі тіркелген. Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде интернет-алаяқтықтың 442 фактісін тіркеген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдіктілерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Бұдан бөлек, бірқатар тергеу әрекеттері қолға алынған. Тіркелген фактілер арқылы 5 және «Telegram» мессенджерін қолдана отырып 9 факті болған. Сондай-ақ 48 интернет-алаяқтық «OLX» тегін хабарландырулар сайты арқылы, тағы 14 факті «Kolesa.kz» пен «krisha.kz» сайттары арқылы жасалған. Бұдан бөлек, қаскөйлер 3 фактіні «InDrive» мобильдік қосымшасы арқылы іске асырған.
Ал Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков өңірдің 10-нан астам ірі банк өкілдерімен бірлесіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу және ашу бойынша өткен кездесулерде интернет-алаяқтықтың алдын алу, аталған қылмыстық істерді тиімді тергеу бойынша маңызды мәселелер туралы айтты. Кездесу соңында қатысушылар азаматтар аталған фактілер бойынша жүгінген жағдайда іс-қимыл алгоритмін қалыптастыру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда осы облыс бойынша интернет-алаяқтықтың саны барлық қылмыстың 60 пайыздан астамын құрайды, ал келтірілген залал 600 миллион теңгеден асады.
Қорыта айтқанда, соңғы жылдары ұялы қосымшадағы «мобильді банк» қызметін пайдалану арқылы алаяқтық фактілері айтарлықтай жиілеп кетті. Бұл қызметті адамдардың банк шотын және карта нөмірін білу арқылы жүзеге асырады. Мысалы, сіз пәтерді немесе машинаны сату туралы хабарландыру бердіңіз, біраз уақыттан кейін сізге сатып алушы қоңырау шалып, алдын ала төлем жіберу үшін банкомат карточкасының нөмірін жіберуді сұрайды. Қылмыскерлер сіздің банкомат карточкаңыз туралы ақпаратты иеленгеннен кейін шоттан ақша қаражатын жымқырады. Әдетте, алаяқтар өз құрбандарын арзан бағамен және тиімді ұсыныстармен тартады және ақша қаражатын электрондық әмиянға аудару арқылы алдын ала төлем жасауды талап етеді. Көптеген адамдар ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпайтын белгісіз адамдарға төлем терминалдары арқылы аударады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрғындарға кеңес береді.
Атап айтсақ, сіздің картаңыздың жай-күйі туралы сізге хабарлай алатын жалғыз ұйым – қызмет көрсететін банк екенін есте сақтау қажет. Егер картаңызда бірдеңе дұрыс емес деген күдік болса, егер сіз оны бұғаттау туралы смс-хабарлама алған болсаңыз, дереу банкке хабарласыңыз.
СМС-хабарламада көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмаңыз және хабарлама жібермеңіз, бұл үшін қосымша ақы алынуы мүмкін.
Банк картасы туралы деректерді, бірреттік жасырын сөздерді, смс-кодты айтпаңыз, бұл ақпарат құпия және сіздің картаңызды жеке кабинет арқылы басқарады.
Ақшаны белгісіз шоттарға және телефон нөмірлеріне аудармаңыз.
Хабарландыруды мұқият оқып, оны орналастырған адам туралы ақпаратты қараңыз. Ұқсас тауарлардың орташа құнын қараңыз. Тым төмен құны сізге күдік тудырады.
Егер сатушы сатып алынатын тауар үшін толық немесе ішінара алдын ала төлемді электрондық шотқа аударуды талап етсе, бейтаныс адамға қаншалықты сенуге дайын екеніңізді ойланыңыз. Бейтаныс адамдарға анонимді төлем жүйелері арқылы ақша аудара отырып, егер мәміле жасалмаса, оларды қайтару кепілдігі жоқ екенін есте сақтаңыз.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ