Анна Ажибекованың есімі Қақпатас ауылының тұрғындарына жақсы таныс. Жаны жайсаң, келген қонағын әрдайым мол дастарханымен қарсы алатын «ас үй ханшайымын» мұнда білмейтіндер кемде-кем. Ауылда бірде-бір той-жиын Анна апайдың піcірген дәмді тағамдарынсыз өтпейді. Әр асын асқан талғаммен дайындайтын нәзік жанмен жуырда біз де кездесіп, дастарханынан дәм таттық.
Аспаз 10 жылдан бері Қақпатас ауылындағы №30 орта мектебінің асханасында аспаз болып жұмыс істеп келеді. Үш перзентті өмірге әкелген аяулы ана қазір зейнет жасында болса да, әлі жұмыстан қол үзбеген. Оның әзірлеген тамақтарын мектеп оқушылары сүйсініп жейді. Мамықтай жұмсақ тоқаш-бәлішін, таңертеңгі асқа беретін ботқасын балалар демде тауысып қояды. Әріптестері де оның еңбегін жоғары бағалайды.
Анна Якимовна 30 жыл сауыншы болып жұмыс істеп, 20 жылға жуық өмірін аспаздыққа арнаған жан. 1961 жылы Марий Эл республикасында дүниеге келген ол небәрі 18 жасында қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. «Жолдасым Есберген Ырғайты ауылының тумасы. Ол Марий Эл республикасында әскери борышын өтеп жүрді, ал менің сол жерде оқып жүрген шағым, осылайша екеуіміз танысып, шаңырақ көтердік»,-дейді кейіпкеріміз. Қарапайым қазақтың отбасына келін болып түскен Анна қазір қазақтың ұлттық тағамдарын нақышына келтіріп әзірлеуді бес саусағындай біледі. Қазақша ет пен қуырдақ қазақ тіліне судай мари қызының бүгінде сүйіп жейтін асына айналған. «Тұрмыс құрғаннан кейін фермада сауыншы болып істедім, наубайханада да еңбек еттім. Осы мектепте аспаз болғаныма да біраз жыл болып қалды. Жұмыстан тыс уақытта дәмханаларда жұмыс істеймін, мерекелік той-жиындарға тапсырысқа дастархан жаямын»,-дейді әмбебап маман.
Бір қызығы Анна Ажибекова аспаздықтың қыр-сырын арнайы еш жерден оқымаған. Бұл жастайынан берілген қызығушылық пен бойындағы қарым-қабілетінің арқасы. Бүгінде оның қыздары ана жолын қуып аспаз болып жұмыс істеуде. Үлкен қызы Тараз қаласындағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істесе, кенже қызы жанында, мектеп асханасында.
– Кішкентайымыздан анамыздың дәмі тіл үйіретін тағамдарын жеп өстік. Мектептен үйге келгенде әрдайым тәтті бәліштердің хош иісі аңқып тұратын, ыстық тамағы да дайын тұратын. Әр қыз баласы анасына қарап бой түзейді ғой. Сол сияқты әпкем екеуміз де анамызды үлгі тұттық, ол сияқты үздік аспаз болғымыз келді. Ең алғаш рет 16 жасымда анамның рецептімен күріш бастым, сол кездегі анамның мақтауы мен үшін үлкен қолдау болды. Болашағымды аспаз мамандығымен байланыстыратынымды нық шештім. Мектепті бітірген соң аспаздыққа оқып, дипломымды алдым,-дейді қызы Гүлнәр Ажибекова.
Аспаз – дәмді тағамдарды пісірумен қатар оны дастарқанға әдемі етіп қоюды, оған лайықты ыдыстарды таңдауды, жалпы дастархан этикасын білуі маңызды, деп санайды кейіпкеріміз. «Қыз-келіншектердің барлығы жайған дастарханының мол әрі көзге тартымды болғанын қалайды. Сондықтан мен тапсырыс берушілерге қажетті заттардың тізімін жазғанда сапасы жақсы, балғын азық-түліктерді алсаңыздар деп айтып отырамын. Азық-түлік жақсы болса, менің дайындаған асым да дәмді шығып, дастарханға қойғанда әдемі көрінеді».
Анна Якимовнаның жары біраз жыл бұрын өмірден өткен екен. Тағдыр сынын көтере білген аяулы жан қазір бақытты. Ұрпағының жанында, немерелерінің қызығын көріп, қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап отырған жайы бар. Әзірлеген асының дәмі бөлек, сәні ерек шығатын Анна апайдың еңбегін елеген аудандық ардагерлер кеңесі жақында аспазға «Қордай ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісін табыс еткен болатын. Анна Ажибекованы марапатымен шын жүректен құттықтаймыз және тек өз отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың көзқуанышы болып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүре беруіне тілектеспіз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ