2024 ЖЫЛҒЫ МЕРЕЙТОЙЛАР

0

2024 жылы елімізде өнер мен мәдениет саласына үлес қосқан бірқатар азаматтың мерейтойы өтеді. Осыған орай оқырман назарына әртүрлі салада еңбек етіп, артында өшпес мұра қалдырған арда азаматтар туралы ақпарат жинақтадық.

КЕНЕН ӘЗІРБАЕВТЫҢ 140 ЖЫЛДЫҒЫ

Кенен Әзірбаев 1884 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында туған. Өзінің тырнақалды туындылары «Ри, қойым», «Бозторғай», «Көкшолақ» әндері осы жерде туған.

Кенен 10 жасында қолына домбыра алып ән салған. 11 жасқа келгенде тұңғыш әні «Ри, қойым», 13 жасында «Бозторғай» әнін шығарған. Содан кейін Кенен есімі халық арасында кең тарай бастайды. Бала Кенен қазақ пен қырғызға танылып, «Боздаланың бозторғайы» атанған.

Ол кісінің өлеңінің бәрі – шежіре. Өзі көзімен көрген, басынан өткізгенін өлеңге айналдырған. «Бозторғай» да солай. Бұл кісінің «Көкшолақпен тепеңдеп, жақсы өмірге жетем деп» деген жолдары бар, — дейді Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлы.

Кенен Әзірбаев – 200-ге жуық лирикалық, дидактикалық арнау мен толғаудың авторы.

«Атамның жүзден аса әндерінің көбін, анығын айтсам 60-қа жуығын өз аузынан үйренген баласының бірі менмін. Сондықтан да болар, атам маған қатты сенім артып: «Сонау жоқшылық пен жетімдіктің зардабын тартып жүрген шақтан бастап, одан 1916 жылғы оқиға, Қазан революциясы, 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы, қазіргі бейбіт өмірде де мен үн қоспанған бірде-бір оқиға болмапты десем еш қаталеспеймін шырағым, Төрткен. Өлеңдерім, дастан-поэмаларым біршама болса да жарияланып, жарық көрді. Ал енді әндерімнің «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар» сияқты бірнешеуі ғана болмаса, көбін әлі ел естіген де жоқ. Нота білмеген соң, бәрі тек есімде сақтаулы. Кім білсін, олай-бұлай болып кетсем, ең болмаса сен біліп қалсын деп жатқаным ғой», деп бір жаңа ән шығарса алдымен маған үйретуші еді», — деген қызы Төрткен Кененқызы.

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 135 ЖЫЛ

Ғалым, филология ғылымының докторы Серік Қирабаев «20 ғасыр басында алмасқан қоғамдық құрылыстар мен жіктелген екі дәуірдің шекарасында өмір сүріп, сол бір аласапыран заманның шындығын әдебиет тілінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Ол қазақ халқының отаршылдық пен ішкі ауқатты топтың екі жақты езгісіне қарсы тәуелсіздік үшін күресі идеясымен сусындап, әдеби шығармашылығының төңкеріс тұсында бастады да, оны 20-жылдары айрықша дамытып жетілдірді» деп жазған.

Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту» ауылында (қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы) туған. Арғы аталары Дәндебай мен Қуан ел арасында абыройлы, дәулетті кісілер болған. Ал әкесі Аймауыт кедейшіліктің қамытынан құтыла алмаған. Мұның бәрі Жүсіпбектің жолына да әсер етті. Жастайынан арабша хат таныса да, мектепке кеш барды. Ол алғашқы өлеңін 13 жасында жазды.

Жалпы алғанда Жүсіпбектің өміріне қатысты көп дерек сақталмаған. Көпке белгілі мәліметтер жазушының 1928 жылы Смағұл Сәдуақасовтың сұрақтарына берген жауабынан алынады. Сәдуақасовтың кей жазушылардың өмірі мен шығармашылығы жайлы жинаған анкетасы Мұхтар Әуезовтің архивінде сақталып, кейін Жүсіпбек ақталғаннан кейін ғана жарық көрді.

Жүсіпбектің шығармашылыққа беріле жұмыс істеуі төңкерістен кейін басталады. Бұл кезде жаңа өкіметтің қоғамдық қызметтеріне араласады. Семинарияны бітірген соң Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, газет редакторы болып істейді. 1920 жылы коммунистік партияның қатарына кіреді.

1917 жылы «Сарыарқа» газетінде оның «Сарыарқаның сәлемі» деген өлеңі шығады. Сол жылы «Алаш» газетінде «Жазушыларға», «Отағасы», «Ұршық», «Ах-ха-ха-хау» өлеңдері жарық көрді. 1918 жылы «Абай» журналында «Көшу», «Ұран», «Әскер марсельезасы» жарияланды. одан кейінгі жылдары «Жәмила», «Тұңғиық түпсіз аспанда», «Ленинге» поэмасы басылған.

Жүсіпбектің «Қартқожа» (1926 жыл), «Ақбілек» (1928 жыл) романдары – қазақтың ұлттық әдебиетінің кең тынысты реалистік романға бет алған тұсының елеулі туындылары.

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫ

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 14 мамырда бұрынғы Қапал уезі Ақсу облысы 4-ауылда туған. Ілиястың төрт жасында анасы қайтыс болып, әкесінің тәрбиесінде болған. Ол бала күнінен әкесінің көмегімен хат таныған, етік тігіп, ұсталық еткен. Қоңыр даусымен ән салып, құбылтып домбыра тартқан.

Ілияс Қарағаштағы қазақ-татар мектебінде бес жыл оқыған, 1911 жылы бітірген. 1920 жылға дейін ауылда жүріп, жастық шаққа лайық өлеңдер жазған. Оның дені махаббат, сүйіспеншілік туралы еді.

1920 жылы Ілияс Ташкентке барып, сол жердегі мұғалім даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына түсіп, оқыған. Оқумен қатар «Ақ жол» газетінде корректор болып жұмыс істеген. 1921 жылы Жетісуға қайта оралып, Талдықорған уезіндегі Белтоған ауыл мектебінде мұғалім болды.

1922 жылы Ілияс Алматыға келіп, «Тілші» газетінде әдеби қызметкер ретінде жұмысқа кіріскен. Оның шығармашылығында өнімді болған жылдар – 1923-1924 жылдар. Екі жыл ішінде ақын 50-ге жуық өлең жазған.

1925 жылы Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына түскен. Оқуды 1928 жылы аяқтады. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағаы 1928 жылы «Сағанақ» деген атпен Қызылордадан басылып шықты. Бұл жинаққа Ілиястың 7-8 жыл ішінде газет, журналдарда жарияланған және одан басқа да өлеңдері енген. Ілиястың түрлі шығармасы бар, ішінде «Күйші» поэмасына арқау болған негізгі идея – халық ортасында туған тоқсан тараулы күйдің терең өмірлік сырын, көп қырлы эстетикалық қасиетін ашып көрсету, талантты бостандығынан айырып, тұтқында қорлықта ұстайтын қанаушылар ортасының өнерге жау екенін әшкерелеу.

«Құлагер» поэмасы – Жансүгіровтің ән-күй туралы жазған шығармаларының соңғысы және ең сәулеттісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.