ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫ
Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 14 мамырда бұрынғы Қапал уезі Ақсу облысы 4-ауылда туған. Ілиястың төрт жасында анасы қайтыс болып, әкесінің тәрбиесінде болған. Ол бала күнінен әкесінің көмегімен хат таныған, етік тігіп, ұсталық еткен. Қоңыр даусымен ән салып, құбылтып домбыра тартқан.
Ілияс Қарағаштағы қазақ-татар мектебінде бес жыл оқыған, 1911 жылы бітірген. 1920 жылға дейін ауылда жүріп, жастық шаққа лайық өлеңдер жазған. Оның дені махаббат, сүйіспеншілік туралы еді.
1920 жылы Ілияс Ташкентке барып, сол жердегі мұғалім даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына түсіп, оқыған. Оқумен қатар «Ақ жол» газетінде корректор болып жұмыс істеген. 1921 жылы Жетісуға қайта оралып, Талдықорған уезіндегі Белтоған ауыл мектебінде мұғалім болды.
1922 жылы Ілияс Алматыға келіп, «Тілші» газетінде әдеби қызметкер ретінде жұмысқа кіріскен. Оның шығармашылығында өнімді болған жылдар – 1923-1924 жылдар. Екі жыл ішінде ақын 50-ге жуық өлең жазған.
1925 жылы Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына түскен. Оқуды 1928 жылы аяқтады. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1928 жылы «Сағанақ» деген атпен Қызылордадан басылып шықты. Бұл жинаққа Ілиястың 7-8 жыл ішінде газет, журналдарда жарияланған және одан басқа да өлеңдері енген.
Ілиястың түрлі шығармасы бар, ішінде «Күйші» поэмасына арқау болған негізгі идея – халық ортасында туған тоқсан тараулы күйдің терең өмірлік сырын, көп қырлы эстетикалық қасиетін ашып көрсету, талантты бостандығынан айырып, тұтқында қорлықта ұстайтын қанаушылар ортасының өнерге жау екенін әшкерелеу.
«Құлагер» поэмасы – Жансүгіровтің ән-күй туралы жазған шығармаларының соңғысы және ең сәулеттісі.
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫ
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда Сейфолла мен Жамалдың шаңырағында туған. 1905 жылы Нілдідегі орыс-қазақ мектебіне қабылданған. 1908-1913 жылдары әуелі Ақмоланың бастауыш приход мектебінде оқып, артынша Ақмоланың үш класты қалалық училищесінің бірінші бөлімін тәмамдаған.
Сәкеннің алғашқы революцияшыл шығармалары 1922 жылы Орынборда басылды. Жаңа ашылған қазақ баспасы оның «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағы мен «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесаларын жеке-жеке кітап етіп шығарды.
1927 жылы Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық романы жарияланды. 1933 жылы «Қызыл ат» поэмасы жарыққа шықты.
Сәкен Сейфуллиннің өмір жолына көз жүгіртсек, ол 1927 жылы Қызылордадағы халық ағарту институтының ректоры болып тағайындалған. Бір жылдан кейін Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының ректоры және Ташкентте оқып жатқан қазақ жастарының әдеби бірлестігінің жетекшісі болды. 1929 жылы Абай атындағы педагогика институының әдебиет кафедрасының меңгерушісі болған. Ал 1936 жылы қазақ жазушыларының ішінен алғашқы болып Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған. Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 25 ақпанда дүниеден өтті.
БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ ТУҒАНЫНА 130 ЖЫЛ
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы 15 қарашада Қостанай уезі Дамбар болысы Әйет өзені бойындағы Ақтөбе деген жерде (Қостанай облысы Таран ауданы Бейімбет Майлин атындағы совхоз) туған. Әкесі Жармағамбет кедей шаруа болған. Әкеден жастай жетім қалған ол шешесінің қолында өседі. 1911-1912 жылдары Бейімбет Майлин көрші ауылдағы Арғынбай дейтін қажының медресесінен сабақ алған. 1913 жылы Троицк қаласында «Уәзифа» мектебіне барып оқыған. Болашақ жазушының білімін біраз толықтырған оқу орны – Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесі. Ол 1915 жылы осы медресесінің 1-курсын бітіріп, еліне оралады.
1930 жылдардың бірінші жартысында Майлин колхоз өмірінің әр кезеңіндегі шындықты баяндайтын «Он бес үй» (1930 жыл), «Қырманда» (1933 жыл) повестерін жазған. «Он бес үйде» жаңа ұйымдасқан колхоздың егістікке тың жерін көтеру кезіндегі қауырт еңбек пен бірлескен шаруалар ынтымағы, коллективтік еңбектің адам психологиясын өзгертудегі игі ықпалы суреттелген.
Жазушының елеулі драмалық шығармалары «Біздің жігіттер», «Жалбыр», «Аманкелді» (Ғабит Мүсіреповпен бірлесіп жазылған) тарихи революциялық тақырыпты қозғайды, негізінде прототипі бар кейіпкерлерді суреттейді. Майлин өзінің лирикалық повесі «Шұғаның белгісі» желісімен «Шұға» (1934 жыл) драмасын жазған.
Бейімбет Майлин 1938 жылы 28 ақпанда дүниеден өтті.