ҚОҒАМ БОЛЫП ҚОЛДАСАҚ!

0

Ел Президентінің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында бүкіл Қазақстандық қоғамды көптен бері толғандырып, ойландырып отырған өзекті мәселелер талқыланды.  Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламенттік жүйені реформалау, Қаңтар оқиғасы, ел алдында тұрған міндеттер, Президент сайлауы, Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары, еліміздің Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасы, қоғамда қордаланған басқа проблемаларға тоқталып, қойылған сұрақтардың барлығына  нақты жауап қайтарды.

Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын дөп баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек, бұл ең басты талап деген тұжырымы көпшілік көңілінен шыққаны анық.

Президент ұлт мүддесін ескере отырып, биыл бірқатар халықаралық ұйымдарға төрағалық ету, Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу, қазақ ұлтына танымал тұлғалардың есімдерін ұлықтау, нағыз табиғи жыл басы Наурыз мейрамының мазмұнын байытып, оны барынша дәріптеп, жаңаша атап өту, тағы басқа мерейлі оқиғалар бойынша тереңінен ой толғады. Бұл идеялардың барлығын халқымыз қолдайды,  деп есептеймін.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы, түгел түркі  жұртының басын қосатын  V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қазақ жерінде өтуі ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің насихатын күшейтеді. Жалпыұлттық диалог алаңы — Ұлттық құрылтай биыл көктемде өтеді. Онда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, қоғамның жаңа құндылықтарын жаңарту мәселелері талқыланбақ.

Сұхбатта рухани тақырып та қалыс қалған жоқ. Президенттің мына сөздеріне назар аударалық. «Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалан патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айырықша маңызды».

Сұхбатта айтылған орамды ойлар мен салиқалы сөздерді санаға мықтап түйіп, кемел келешекке жол бастауымыз керек. Қазіргідей  жаһандану кезеңінде бәріміз қазақ еліндегі бейбіт күнді бағалап, халық игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз.

Президентіміз өзінің сұхбатында: «Мен мемлекеттік органдардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін,»— деп  айтады. Ол Қоғамдық кеңес мүшелеріне жаңа  серпін беретіні сөзсіз, азаматтарды елімізді дамытудағы ортақ мүдделерді бірлесіп шешудің маңыздылығын  ескеріп, бірлесе жұмыс атқаруға шақырамыз.

Б.ҚАРАМОЛДАЕВА, аудандық Қоғамдық кеңестің төрайымы

Leave A Reply

Your email address will not be published.