ЖЕР СІЛКІНГЕНДЕ ҮЙДЕ, КӨШЕДЕ ЖӘНЕ КӨЛІКТЕ ҚАНДАЙ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН САҚТАУ ҚАЖЕТ?

0

№1. ЖЕР СІЛКІНІСІНЕ ҚАЛАЙ ДАЙЫН БОЛУ ҚАЖЕТ?

Жер сілкінісі қашан болатыны белгісіз, сондықтан оған үнемі дайын болу керек. Ол үшін төмендегі кеңестерге сүйенген жөн:

Үйде, жұмыс орнында, мектепте, көшеде қауіпсіз орындарды бағдарлау;

Отбасы мүшелерімен жер сілкінгенде не істеу керек екенін талқылап, алғашқы медициналық көмек беру ережесін үйрену;

Дәрі қорабын дайындау және ондағы дәрі-дәрмекті қолдану ретін білу;

Құжат, ақша, қалта шамын үнемі ыңғайлы орынға қою;

Кереуетті терезе мен қабырғалардан алшақ орналастыру;

Үйге кіретін жолды жиһаздармен, өзге заттармен бөгемеу;

Шкафтар мен сөрелерді шегелеп бекіту, үстіне ауыр заттар қоймау;

Улы химикат, тез тұтанатын сұйықтық секілді қауіпті заттарды жақсы оқшауланған сенімді орында сақтау.

№2. ЖЕР СІЛКІНІСІ КЕЗІНДЕ ЕҢ АЛДЫМЕН НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

Жер сілкінгенін ғимараттың шайқалғанынан, шамдардың теңселгенінен, ыдыс-аяқ пен әйнектердің сылдырынан, күшейіп жатқан гуілден білуге болады. Бұл жағдайда ең бастысы – үрейге бой алдырмау.

Жер сілкінісі кезінде бірден, бірінші сейсмикалық толқыннан кейін 10-15 секунд ішінде әрекет ету керек.

Жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз жер – ғимараттан алыс көше мен алаң. Сондықтан, бірінші дүмпуден кейін тез және қысқа жолмен далаға шығу керек. Өздігімен жүре алмайтындарға қауіпсіз орынға шығуға көмек берген дұрыс. Бұл жағдайда заттарды жинауға уақыт кетіруге болмайды. Мүмкін болса, тек құжаттар мен ақшаны алған дұрыс. Лифтті пайдалануға тыйым салынады. Төменге баспалдақпен не өрт сатысымен түсу қажет. Мұндай жолмен ғимараттан шығу мүмкін болмаса төсек жаймасынан арқан жасап, оны жылу батареясына байлаңыз да, терезеден түсуге болады. Бұл – балалар мен зардап шеккендерді құтқарудың тиімді тәсілі.

№3. ҒИМАРАТТА ҚАЛЫП ҚОЙҒАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Бірінші қабатта болсаңыз, дереу далаға шығыңыз. Бірінші қабаттан жоғары тұрсаңыз, дереу жақын жердегі қауіпсіз орынға тұрыңыз. Қауіпсіз жер деп негізгі ішкі қабырғаның жанын, негізгі қабырғаның бұрышын, есіктің жақтауын немесе негізгі тіреуіштің жанын айтуға болады. Үстелдің не кереуеттің астына тығылып, құлауы мүмкін заттар мен жарықшақтардан қорғана аласыз. Терезелер мен ауыр жиһаздардан, үзілген сымдардан, алыс тұрыңыз. Майшам, сіріңке, оттық қолданбаңыз. Электр құрылғыларын қоспаңыз, себебі газ құбыры зақымданса, от тұтанып кетуі мүмкін.

№4. КӨЛІКТЕ БОЛҒАНДА НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

Басқа көлікке кедергі жасамайтын жерде, ғимараттан, көпірден, бағаналар мен ағаштардан алыс жерде тоқтатыңыз. Көлік зақымдалған жағдайда есіктері қарысып қалмас үшін оларды ашыңыз. Көліктен шықпай жер сілкінісінің аяқталуын күтіңіз, себебі құлаған заттардан жарақат алып қалуыңыз мүмкін.

№5. КӨШЕДЕ БОЛҒАНДА НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

Ғимараттар мен құрылыстардан, биік бағаналар мен қоршаулардан, әйнектерден және басқа да құлап кету қаупі бар заттардан мүмкіндігінше алысқа кетіңіз. Адамдар көп жиналатын жерлерде (базар, стадион, саябақ, алаң) құрылымдардан аулақ болыңыз. Қауіпсіз ашық алаңда қалуға тырысыңыз. Жер сілкінісі кезінде ғимараттардың құлаған қабырғалары мен кірпіштері, әйнектер адамдарға зардабын тигізуі мүмкін. Сол үшін ғимараттардан, электр бағаналарынан және үзілген электр сымдарынан аулақ болыңыз.

Адам көп болған кезде қозғалысқа қарама-қарсы жүрмеңіз. Киіміңіздің алдын іліп, қолыңызды бүгіп, кеудеңізге қарай айқара қысыңыз. Кедергі келтіретін заттарды тастаңыз. Құлаған жағдайда бір тізеге тұрып, серпіліспен көтеріліңіз.

№6. ҮЙІНДІ АСТЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙСАҢЫЗ НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

Үйінді астында қалып қойсаңыз сабыр сақтап, көмек шақырыңыз. Терең тыныс алып, үрейге бой алдырмаңыз. Ойыңызды жинақтап, міндетті түрде сізге көмектесетініне сеніңіз. Өзіңізге алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз. Қайда екеніңізді, өзге адамдар қасыңызда бар-жоғын анықтауға тырысыңыз. Сізді тауып алғанға дейін дауыстап не қимыл жасап, назар аудартатын заттарды қолданып (мысалы, темірді темірге ұру) басқаларға белгі беріңіз. Күшіңізді сақтап, артық қимыл жасамаңыз.

Үйіндінің астында ұзақ уақыт қалып қойсаңыз жарылыс немесе газдың тарап кетуіне жол бермеу үшін от жақпаңыз. Су табуға тырысыңыз. Жоғарыда айтқандай, ең бастысы сабыр сақтап, үрейленбеңіз.

№7. ЖЕР СІЛКІНІСІНЕН КЕЙІН НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

Дүмпулердің толық тоқтағанын күтіп, сабырлы болыңыз. Үйде не пәтерде қалсаңыз, бүлінген заттарды түгендеп шығыңыз. Жер асты дүмпулері тоқтағаннан кейін электр құралдарын, суды, газды ажыратыңыз. Зардап шеккендерге көмектесіп, оларға алғашқы медициналық көмек беріңіз. Ашық отты қолданбаңыз. Өрт ошақтарын анықтауға тырысыңыз және мүмкін болса оларды сөндіру шараларын қолданыңыз.

Ал автокөлікті қауіпсіздік не көмектесу мақсатында ғана пайдаланыңыз. Телефонды тек құқықтық тәртіп органдарының өкілдерін (102), өрт сөндірушілерді (101), дәрігерлерді (103), құтқарушыларды (112) шақыру үшін пайдаланыңыз. Балконға шықпаңыз. Зақымданған ғимараттардың жанынан өткен кезде сақ болыңыз.

№8. ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ:

үрейленбеңіз және басқаларды сабырға шақырыңыз;

жер сілкінісі кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз;

терезелер мен шынысы бар арақабырғалардан аулақ тұрыңыз;

бірінші қабаттан жоғары тұрсаңыз балконнан не терезеден секірмеңіз;

жер асты дүмпулері тоқтағаннан кейін сыртқа шығып, басыңызды жабыңыз;

тағы да болуы мүмкін дүмпулерге дайын болыңыз.

Informburo.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.