ҰБТ ТАПСЫРУ ФОРМАТЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?
2024 жылы ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, дәлірек айтқанда, талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады.
Биыл «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы.
«Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды», деп түсіндірді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер өткен жылдардағыдай ҰБТ-ны екі пән «Қазақстан тарихы» (20 тапсырма, шекті балл – 5) және «Оқу сауаттылығы» (10 тапсырма, шекті балл – 3) бойынша тапсырады. Тапсырмаларды орындау уақыты – 70 минут. Ал шығармашылық емтихандар жоғары оқу орындарында өтеді.
ТАЛАПКЕР АПЕЛЛЯЦИЯҒА БІРДЕН БЕРЕ АЛАДЫ
Ұлттық бірыңғай тестілеуде талапкер өзінің нәтижесімен келіспеген жағдайда бірден апелляцияға бере алады. Өйткені тестілеу бұрынғы қағаз нұсқадан электронды форматқа ауыстырылғаннан бері емтихан нәтижесін бірден көру мүмкіндігі пайда болды.
Қазіргі электронды тестілеуде талапкерлердің жинаған ұпайлары тестілеу соңында экранға шығарылады. Сонда көрсетілген қорытындысымен келіспеген жағдайда тестіленуші сол мезетте апелляцияға бере алады. Апелляцияға беруге тест нәтижелеріндегі сұрақтардың мазмұнына немесе техникалық кемшіліктерге қатысты мәселелер себеп болуы мүмкін. Сұрақтардың мазмұны бойынша апелляция тестілеу аяқталғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта беріледі. Апелляция дәлелді түсініктемемен негізделуі керек. Ал егер тестіленуші дұрыс жауапты табуға кедергі келтіретін тапсырма шарттарында фрагменттің (мәтін, схема, сызбалар, кестелер) жоқтығын анықтаса, техникалық себептер бойынша апелляцияға беруі қажет.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев аталған мәселеге қатысты: «Апелляцияны тек қызық көріп немесе қосымша ұпайларға үміттеніп, тиісті негіздемесіз беруге болмайтынын атап өткен жөн. Апелляция сұрақтардың немесе жауаптардың сәйкес келмеуі, сондай-ақ техникалық себептер бойынша ғана берілуі керек. Апелляциялық сұрақтардың барлығын Республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды», деп түсініктеме берді.
Тестіленуші сертификатын апелляциялық шағым туралы шешім қабылданғаннан кейін жеке кабинетінен көре алады.
Еске сала кетейік, қаңтар айындағы ҰБТ басталғаннан бері 53 мыңнан аса адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 73,6%-ы қазақ тілінде, 26,3%-ы орыс тілінде, 35 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Шекті ұпайды 73%-ға жуық талапкер жинады. Орташа ұпай 65-ті, ең жоғары ұпай 134-ті құрады. Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» және «Биология-Химия», «Математика-Информатика» бағытын таңдаған. Ең аз таңдалғаны «Химия-Физика» бағыты болып тұр.
Орталық басшысы Р.Емелбаевтың айтуынша, 63 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 43 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 20 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар болған жоқ.
Айтпақшы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге де тестілеуді өзге замандастарымен бірдей тапсыруға жағдай жасалған. Мысалы, қаңтардағы ҰБТ-ны дәл осындай 158 талапкер тапсырыпты.
2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін биылғы қазан айының соңына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылатынын атап өткен жөн.
ОҚУЛЫҚТАР ТОЛЫҚТАЙ ЦИФРЛАНДЫРЫЛАДЫ
Өткен жылы Қазақстандағы оқулықтардың 79 пайызы онлайн форматқа көшірілді. Биыл оқулықтар толықтай цифрландырылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті. Оның айтуынша, цифрлық оқулықтарды әзірлеумен 11 баспа айналысқан. «2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100% қамту жоспарлануда. Балалардың мектеп пәндерін оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін цифрлық контентке виртуалды зертханалар мен геймификация элементтері енгізілген. Педагогтер үшін электрон оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемелері әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды», — деді министр.
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАНШАЛЫҚТЫ БІЛЕТІНІ СЫНАЛАДЫ
Мемлекеттік тілден емтиханды 5-8, 10-сынып оқушылары тапсырады. Биылғы мамырдан бастап, оқушылардың қазақ тілін қаншалықты білетіні сынға салынады деген сөз. Бұрын мұндай емтиханды 9 және 11 оқитындар ғана тапсыратын. Сынақ қалай өтеді? Ауызша және жазбаша формада тапсырылады. Айтылым, сөйленім, оқылым және жазу дағдылары тексеріледі. Тапсырмаларды мұғалімдері өзі дайындайды. Емтихан нәтижесіне қарай жылдық баға қойылады.
СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ 25 МАМЫРДА ӨТЕДІ
2023-2024 оқу жылында сабақ 25 мамырда аяқталады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осылай деді. Ол оқу жылының 36 аптаға созылуына қатысты былай деген еді: «Бұл мәселеге қатысты қоғамда сын көп болып, педагогтер қауымдастығы тарапынан ұсыныстар болды. Бұл әлемдік тәжірибе екенін мойындауымыз қажет. Дегенмен, мұндай жаңашылдықты енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет. Министрліктің шешімі дұрыс болды деп санаймын. Бірақ, асығыстық болды. Осыған орай осы оқу жылында 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін». Министрдің айтуынша, алдағы оқу жылы ішінде қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп, оқу бағдарламасын бейімдеу керек және 36 апталық оқу ұзақтығына оралу мәселесін 2025 жылдан бастап қайта пысықтаған дұрыс. 2022-2023 оқу жылында оқушылар алғаш рет мамырдың соңына дейін оқыған еді. 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болғандықтан, соңғы қоңырау рәсімі 1 маусымға өткізілген.
БАЛАБАҚША ПЕДАГОГТЕРІ МЕН ҒАЛЫМДАРДЫҢ АЙЛЫҒЫ ӨСЕДІ
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге өсетіні туралы көп жазылды. Бұл ретте білім саласы қызметкерлерінің айлығы да көтерілетінін атап өту керек. Мәжіліс депутаттары 2024-2026 жылдарға арналған республикалы бюджетті талқылаған кезде қазақстандықтардың кейбір санатының жалақысын арттыруды да айтқан. Қаржы министрінің баяндамасында халықтың табысын көтеруге бағытталған бағдарламаны іске асыруға осы жылы 3,5 трлн теңге бөлінетінін атап көрсеткен. Оның ішінде 2,5 трлн теңге 1,5 млн бюджет қызметкерлерінің айлығын көтеруге жұмсалады екен. Нақты сала бойынша айтсақ, 96 млрд теңге балабақшада істейтін педагогтердің айлығын 30 пайызға көтеруге бағытталады. Ал 616 жетекші ғалымның еңбекақысын арттыруға бюджеттен 242 млрд теңге бөлінеді.
АЙРЫҚША НАЗАР ҒЫЛЫМҒА БӨЛІНЕДІ
Премьер-министр Әлихан Смайылов ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарын талқылау үшін жыл соңында Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысын өткізген еді. Отырыста ғылым, білім жүйесі мен инфрақұрылымға қатысты 80-ге жуық көрсеткіш қамтылған. Осылайша Цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім министрліктері еліміздің халықаралық аренадағы позицияларын жақсарту үшін ғалымдарға қажетті жағдай жасау және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыруы керек деген тапсырма берген. Демек, 2024 жылы осы бағытта біраз іс атқарылады деген сөз. Смайыловтың сөзінен соң Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылымды дамытуға қатысты алты басым бағыт әзірленгенін жеткізді. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздікке баса назар аударылмақ. Сонымен қатар «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану», «Энергия, озық материалдар және көлік», «Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар», «Елдің зияткерлік әлеуеті», «Өмір және денсаулық туралы ғылым» және «Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту» бағыттары енді.
Алдағы жылдары ғылымға 640 млрд теңге бөлінеді. Сонымен бірге жас ғалымдарды қолдау механизмдері де іске қосылып жатыр. Оның ішінде академиялық дәреже үшін ақы төлеу, әлеуметтік қолдау механизмдерінің көмегімен үй алу бар. Былтыр жыл соңында «Отбасы банкпен» бірлесіп, қанатқақты жоба да басталған еді. Яғни, мыңға тарта жас ғалымға жеңілдетілген шарттармен үй алуға мүмкіндік беріледі.
Жадыра АҚҚАЙЫР