КЕНЖЕЛЕГЕН КӘСІПТІ ҚОЛДАУ — БАСТЫ МАҚСАТ

0

Өткен аптада Масаншы ауылында қызылша өсіруді қолға алу бойынша аудан шаруаларына семинар өткізілді. Семинарға облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бекбаев, «Қызылша» ЖШС-нің өкілдері, «ҚазСуШар» мекемесінің өкілі, сондай-ақ Қордай және Шу ауданында пияз егумен айналысатын шаруалар қатысты.

Жалпы, қант қызылшасы күрделі аграрлық процессті қажет ететін маңызды техникалық дақыл. Статистикаға жүгінсек, отандық өнімнің бұл түрімен халықтың небәрі 2-3 пайызы ғана қамтамасыз етілген. Сол себепті аудан, облыс, тіпті республика көлемінде кенжелеген саланың аяқ алысын ілгерілетуге ауылшаруашылық саласының мамандары білек сыбана кірісіп, өткен аптада Масаншы ауылында шаруаларға қызылша өсірудің қыр-сырын үйрететін маңызы мол семинар өтті.

Рас, Қазақстан тәуелсіздікке табан тіреп, дербес мемлекет атанғалы қол жеткізген жетістік пен алған асуларымыз жетерлік. Осы уақыт аралығында елдің әлеуметтік-экономикалық саласы жоғары қарқынмен дамып, өзгелер алдындағы абыройымыз да арта түсті. Десек те, бағындырған белестермен қатар түрлі себептермен кенжелеген кемшіліктер де жоқ емес. Бұлардың қатарында аграрлық сектордың маңызды салаларының бірі – қант қызылшасын өсіру де бар. Осы олқылықтың алдын алуды көздеген мамандар жер-жерлерде семинарлар өткізуді қолға алып, межеге үлкен жоспар қойған. Айта кетсек, аудан шаруаларына «тәтті түбір» өсірудің пайдасы мен қажеттілігі кеңінен түсіндірілді. Маманның айтуынша, қызылша ерекше күтімді қажет ететін дақыл. Сол себепті оның сепкен күннен бастап күтіп-баптау жұмыстарын талапқа сай жүргізген жөн.

«Шындығына келсек, бір қарағанда қызылшаның өнуі мен кейінгі күтімі қиын көрінеді. Бірақ, тура технология ұстанып, істің қыр-сырын жетік меңгерген жанға еш қиындық жоқ. Бастысы дақылдың өнімділік көлемі ең алдымен дұрыс технологияның таңдалуына, келесі кезекте тұқымның уақытылы себілуіне, бұдан кейін тұқымына, минералды тыңайтқыштарға, таңдалған орнына және уақытылы суғарылуына байланысты екенін есте сақтаған жөн. Өздеріңіз көріп отырғандай барлық операция өз уақытында орындалуы шарт. Сонымен қатар, тәтті түбір егуді қолға алған диқандардың егіс айналымы, топырақтың қолайлығы жайлы да естен шығармағаны абзал. Мәселен, ауыспалы егістікте әр жылы бидай, қызылша және жүгеріні алмастырып отырғызса топырақтың құнарлығы артып, өнімділік те жоғары болады», — деп қант қызылшасын өсіру технологиясының қыр-сырын теориялық тұрғыда түсіндірген ауыл шаруашылығы маманы қант қызылшасы алқабындағы жаңа технологиялардың ықпалы жайлы ағынан ақтарылды.

Сонымен қатар, семинарда мемлекеттен көрсетілетін қолдау, минералдық тыңайтқыштар мен су үнемдеу технологиялары жайы да түсіндірілді.

Жалпы, жоғарыда айтылғандай қант қызылшасы елдегі егін шаруашылығы саласында қолға алынған ауыл шаруашылық дақылдарының ішіндегі негізгісі. Демек, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкес отандық шикізат өндірудегі оның үлес салмағы 2-3 емес, 20 пайыздан кем болмауы қажет. Бұл жолда қордайлық шаруалар талмай еңбек етіп, кенжелеген кәсіп межелеген мақсатына жетеріне сенім кәміл.

Leave A Reply

Your email address will not be published.