1 НАУРЫЗДАН БАСТАП ЕЛДЕ БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІ ЕНГІЗІЛЕДІ

0

1 наурызда еліміздің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнайды. Өзгеріс үш мегаполис пен 13 облысқа қатысты. Оның арнайы тізімі де шықты. Енді олар көктемнің алғашқы күнінде жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады. Бір уақытта өмір сүру ел экономикасы мен адамдардың өміріне қалай әсер етеді?

Бір тәулікте 24 сағат. Оған ешкім дауласпайды. Бірақ әр ел сағатты белгілеп, өз есебін жүргізеді. 20 ғасырдың басына дейін халқымыз күнге қарап-ақ бәрін есептеп келді. Қазір қолданыстағы ресми сағат тілі шамамен 1930 жылы бекітіліпті. Астана мен Алматыдан бастап еліміздің басым өңірі соны қолдануда. «1980 жылдары шетел тәжірибесін негізге алып кей облыстарда басқа уақыт белдеуі енгізілді. Содан бері шатасумен келеміз», — дейді ғалымдар.

Қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев Қазақстанда неге уақытты 1 сағатқа шегеру керегін түсіндірді.

«Ел аумағында 4 сағаттық белдеуді қамтығанымен, ең шығыс шекарадан ең батыс шекараға дейін бойлық координаттары айырмасы 400451 болады, уақыт өлшемімен ол — 2 сағат 43 минут. Ең шеткі облыс орталығы Өскемен мен Атырау арасында күннің атуы бар-жоғы — 2 сағат 09 минут. 1956 жылы төрт сағаттық белдеуді екеуге біріктіруге де осы негіз болған шығар. Алайда бастан электр қуатын үнемдеу үшін деп енгізілген декреттік (үнемі «жазғы» уақыт — еск.) +1 сағатты әлі күнге неге қолданатынымыз түсініксіз. Ешбір елде «жазғы» уақыт қолданудан энергия үнемделетіні ғылыми дәлелденбеген. Энергетика министрлігі де ешқандай энергия үнемі жоғын ресми түрде растап отыр. Сондықтан ел аумағында уақыт өлшемін түбегейлі реттеу қажет», — дейді Болат Нұрқожаев.

Экономика, денсаулық, логистика: Қазақстандағы қазіргі уақыттың кері тұстары қандай?

Бүгінгі таңда батыс пен шығыс облыстар арасындағы 1 сағат уақыт айырмасы кейбір проблемаларды тудырып отыр. Мәселен, халық пойыз, ұшақ кестесінен шатасуы, Астанадан қойылған жиналыс уақыты батыс облыстардағы жұмыс кестесіне сәйкес келмеуі. Егер Астана уақытымен сағат 9:00-ге жиналыс қойылса, ол кез — батыста жұмыс басталмаған уақыт. Ал түстен кейін сағат 15:00-ге қойылса, жиналыс уақыты батыс облыстарда сағат 14:00-ге сәйкес келеді, яғни түскі ас уақыты.

«Соңғы жылдары әлемде биологиялық (циркадтық — еск.) ритмдер бұзылуы, ұйқы/сергектік режимі бұзылуы аса қауіпті рак, диабет, семіздік, жүрек-қан тамырлары жүйесі және де тағы басқа арулардың өршуіне әсер етті. Осыған байланысты хронобиология ғылымында, медицина саласында «әлеуметтік сағаттық белдеулер ауысуы синдромы» (social jetlag – SJL, әлеуметтік десинхроноз — еск.) деген термин пайда болды», — дейді сарапшы.

Мұның шешімі қандай?

Уақытты реттеудің шешімі оп-оңай әрі бір реттік шара. Ешқандай кері әсері жоқ, оған практикалық мысал да жеткілікті. Бұл қаржылай шығынды қажет етпейді, ал ғылыми маңызы — болашағымыз. Балалар, ұлт, ұрпақ денсаулығы сақталуына, еңбекке қабілетті болуына пайдасы ұшан теңіз.

«Қазақстан Республикасы географиялық орналасуы бойынша толық UTC+3,5/+4,5/+5,5 аумағында орналасқан деуге, ортаңғы сағаттық белдеуі UTC+4,5 сағаттық белдеу деуге толық негіз бар. Біз уақытты алға қарай жылжытайын деп жатқан жоқпыз. Бұрынғы уақытты түзейін деп жатырмыз. Біз қайтарайын деп отырған UTC+5 уақыты Астана, Алматы, Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстанның белдеу уақыты деп айтуға болады. Бүкіл дәлелелдер жиналды. 43 беттен тұратын есеп жобасы жасалды», — деді Болат Жолтайұлы.

Алтын уақыт. Ол әрқайсысымызға қатысты болған соң, уақыт белдеуін таңдау мәселесі бір жылға жуық талқыланды. 2023 жылдың ақпанында уақытты есептеу мәселелері жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды. Қазіргі өзгеріс сол топтың ұйғарымын негізге ала отырып жасалуда. Өзгертулерге сәйкес Астана, Алматы мен Шымкент қалалары және Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақыт 1 сағатқа артқа жылжиды.

Жасұлан ОРДАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.