Ауған соғысы – тарихтағы қасіретті оқиғалардың бірі. Биыл ақпанның 15-і күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толмақ.
Осыған орай Қордай аудандық Мәдениет үйіне қарасты Сұлутөр ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері Т.Бигелдинов атындағы орта мектеп оқушыларының қатысуымен «Ауғандағы отты күндер» атты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кешін өткізді.
Келелі кездесу барысында Қордай аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Дәулет Қырғызбаев және ауған соғысының ардагері Тілектес Орынбаев ағаларымыз Ауған жерінде басынан өткерген оқиғалармен бөлісті. Ал мектеп оқушылары өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, мәдениет үйінің үйірме өнерпаздары күй орындап, ән шырқап, ардагерлерге өнерлерін паш етті.
Жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен оттың ортасында өткізіп, туған елге аман-есен оралған жауынгер-интернационалистерге құрмет көрсету, жат жерде қаза тапқан майдангерлерді еске алу мақсатында ұйымдастырылған кештің соңында оқушылар жауынгерлерге арналған мемориалды тақтаға гүл шоқтарын қойып, батыр бабаларымыздың рухына тағзым етті.