АНТЫНА АДАЛДЫҚ ТАНЫТҚАН

0

Өткен ғасырдың 89-жылы Кеңес әскері Ауған жерінен шығып кеткенімен ол жақта бейбітшілік орнай қоймағаны белгілі. Арада екі жыл өтіп, КСРО келмеске кетіп, оның орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылып жатқан кезде тәжік-ауған шекарасындағы жағдай, тіпті, шиеленісе түскен болатын.

Өз күшіне сенген Ауған содырлары күші кемдеу шекарадан есірткі мен қару-жарақ өткізіп, қарулы топтар жалпы Орталық Азияның тыныштығына қауіп төндірген болатын. Осыған қарсы тұрмақ ниетте ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары 1992 жылғы 9 қазанда «Достастыққа қатысушы мемлекеттердің өздерінің сыртқы шекараларында тұрақты жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастығы туралы» келісіміне және 1993 жылғы 22 қаңтардағы «Тәжікстан Республикасының Ауғанстанмен мемлекеттік шекарасы учаскесінде жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы» шешіміне сәйкес бітімгершілік операциясы жүзеге асырылатын болып келісіледі. Яғни, көрші шекарасын бірлесе күзетуге бел буады. Өте қауіпті аймақты күзетуге елімізден, оның ішінде ауданымыздан талай жігіттер аттанған. Ал, жалпы тәжік-ауған шекарасында әскер қызметін өтеуге 1992-2001 жылдар аралығында біздің елден он мыңға жуық сарбаз бен офицер қатысқан деген дерек бар. Өкінішке қарай, содырлармен болған қақтығыстың салдарынан 46 жауынгер қаза тауып, 100-ге жуығы түрлі жарақат алыпты. Сол сарбаздар ішінде қазіргі Кенен ауылының тұрғыны Бақтияр Баймұхамбетов те болған. 1997 жылы әскер қатарына шақырылған ол алғашында Сарыөзектегі әскери бөлімге түссе, кейін тәжік-ауған шекарасына жөнелтілетін болып, Қытай елімен шекаралық, таулы аймақта екі айлық дайындықтан өтеді. Өте маңызды аймаққа аттанатын жігіттер алдымен Алматыға, одан ұшақпен Тәжікстан астанасы Душанбеге жеткізіледі.

— Душанбеге келген соң барлығымызды жинақтап, тікұшақпен Ауған шекарасына келдік. Сол жерде шекара күзету қызметіне кірісіп кеттік. Әрине, кез-келген уақытта бас салуға даяр тұратын дұшпанға қарсы тұру үшін қолдан келгеннің барлығын жасадық. Кейбір заставаларға болған шабуылдар туралы жиі еститінбіз. 1992 жылдан бері мұнда содырлар небір қитұрқы әрекетке барып, нағыз майдан да ұйымдастырған екен. Біз барған кезде біршама тұрақты болғанымен, ара-тұра шабуылдар болып тұрды. Сондай шабуылдардың бірінде қарулас достарымыз, жерлестеріміз қапыда қаза тапты, — деп еске алады Бақтияр Асылбекұлы.

Туған жерден жырақта, қос елдің шекарасында антына адалдық танытып, қызметін абыроймен атқара білген Бақтияр Баймұхамбетов Ресей әскерилерінің «За отличие в войнской службе» медалімен де марапатталған.

— Елге старшина әскери атағымен қайтар кезде Тәжікстан астанасына келіп, сыртында Қазақстан деген жазуы бар ұшақты көргенімізде қуаныштан көзімізге жас келді, — дейді кейіпкеріміз. Өйткені, ұзақ уақыт әр қадамды аңдыған дұшпанды бейбіт елге кіркізбеу үшін аяғынан тік тұрып, шекара шебінде болу оңай шаруа емес.

Оқырманға белгілі болар, осы ауған-тәжік шекарасында қақтығыстарға қатысқан жандар көпке дейін өздерінің нақты мәртебесін ала алмай келді.

Елімізде «Ардагерлер туралы» заң қабылданғалы тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік борышын өтеп келген азаматтар еңсесін тіктеді. Бүгінде олар аталған заң аясында мемлекеттен аз да болса жәрдемақы ала бастаған. Бақтияр Баймұхамбетов бүгінде «Ауған соғысы және жергілікті қақтығыстардың ардагерлері мен мүгедектерінің «Ардагер» республикалық қоғамдық одағының мүшесі. Көптеген мерекелік медальдар мен төсбелгілерінің иегері.

Қазір өзінің туған жері Кенен ауылында тұратын ол түрлі патроиоттық кездесулер мен кештердің қадірлі қонағы. Әрдайым еліміде тыныштық пен бейбітшілік болсын, деп шын көңілдей тілейтін жандардың бірі. Себебі ол сол бір күрделі кезеңде жалпы Орта Азия тыныштығын күзеткен, жастайынан өмір мен өлімнің ортасында жүріп, өз борышын абыроймен атқара білген сарбаз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.