ОҚУШЫЛАР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ТОП ЖАРДЫ

0

Жуырда №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің оқушылары ауыл мектептерінің республикалық олимпиадасында үздік нәтиже көрсетіп, ұстаздарының мерейін асқақтатты.

Елімізде ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың тікелей тапсырмасымен 2023-2024 оқу жылында алғаш рет өткізіліп отыр. Олимпиаданың мақсаты — ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының қабілеттерін анықтау және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануы үшін оңтайлы жағдайлар жасау болып табылады. Іс-шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігі және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағытында көрсеткен ерекше жетістігі үшін №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің 10 «в» сынып оқушысы В. Шокарева (жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Бахрамова) арнайы грамотамен марапатталды.

Сондай-ақ Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағытында мектеп-лицейдің 9 «в» сынып оқушысы А.Шамсадинов (жетекшісі информатика пәнінің мұғалімі О.Бычкова) информатика пәнінен бірінші орынға ие болды. Осыған орай ол Алтын медальмен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І дәрежелі дипломымен марапатталды. Сонымен қатар, осы жетістігі үшін А.Шамсадинов Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің оқу грантына ие болды. Тағы бір атап өтерлігі, осы олимпиадаға Жамбыл облысынан қатысқан оқушылар командасының арасынан аталған білім мен біліктілік сынында І орынды А.Шамсадинов қана иеленіп, алға суырылып шықты.

Аталған іс-шарада жеңімпаз оқушыларды білім додасына әзірлеп, республика деңгейінде зор жетістікке жетуіне өлшеусіз үлес қосқан ұстаздардың алар орны ерекше. Осы орайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Бахрамованың және информатика пәнінің мұғалімі О.Бычкованың толымды еңбектерін атап өткен жөн. Мектеп-лицейіміздің ұстаздары мен оқушылары бұдан әрі де жетістік биігінен көріне беретіндігіне сенім мол.

Елнұр ӘСКЕНҰЛЫ, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.