Әдетте тіс дәрігеріне баруға балалар қатты жүрексінеді. Дәрігер кабинетінің есігін ашқаннан көзіне жас үйірілетін балақайлар бар. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміздің жұмыс орнына қордайлық балғындар керісінше, қуана-қуана кіреді.
Демочко Вера Михайловна – балаларға ерекше икемі бар дәрігер, алдына келген кішкентай пациенттері оның мейірімі мен махаббатын бірден сезеді.
11 жылдан астам тәжірибесі бар дәрігер бала кезінен стоматолог болуды армандаған. 2000 жылы Қордай ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепті бітірген ол И.Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясына «Медбике ісі» мамандығына оқуға түседі. «Сол уақытта «Стоматолог» мамандығына орын болмады. 5 жыл академияда оқып, одан кейін Бішкек қаласындағы «Дипломат» тіс емханасында екі жылдай стоматологтың көмекшісі болып еңбек еттім. Жұмыс істеп жүріп қосымша «практикалық психолог» курсын оқып алдым. Ал 2007 жылы Қырғыз-Ресей Славян университетіне «Стоматология» факультетіне оқуға түстім. Ал ординатураны «ALEF» тіс емханасында өтіп, сол жерде 5 жыл жұмыс істедім. Мен екі сүп-сүйкімді қыздың анасымын. Екі жылдай қыздарыммен декреттік демалыста отырдым. Одан кейін 2019 жылы Қордай ауылындағы «Эстет Дент» тіс емханасына жұмысқа орналасып, бүгінгі күнге дейін аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келемін»,-деп еңбек жолы жайында баяндады кейіпкеріміз.
Жалпы, медицинаның қай саласын алып қарасақ та, күрделі, жауапкершілігі мол, стоматология да – үнемі ізденісті талап ететін жұмыс. «Ең алғашқы пациентімнің тісін емдегенде қатты уайымдадым, дегенмен, барлық қиыншылықтарды еңсеріп шықтым. Барлығы уақытпен, тәжірибемен келеді екен. Мен ересектердің де, балалардың да тісін емдеймін. Көпшілігі менен балалардың көңілін қалай аулайсың, деп сұрап жатады. Әр баланың мінезі әртүрлі, олардың әрқайсысының ыңғайын білу керексің, тек бала ғана емес, ата-анасының да көңілін табу қажет. Көпжылдық тәжірибемнің арқасында оны да үйрендік. Бұдан бөлек, жоғарыда айтқанымдай психолог курсын оқып алғанымның көп көмегі болды», — дейді тіс дәрігері.
Тіске құрт түсу, тіс жегісі, стоматит, тістің қисық өсуі – осы проблемалармен емханаларының есігін тоздырған ата-аналарды жиі көреміз. Мамандар қазір ауыз қуысы сау бала жоқтың қасы, дейді. Оған себеп – ата-аналардың баласының тіс тазалығына немқұрайлы қарауы. Кейбіреулері «сүт тіс қой, бәрібір түсіп қалады», деген сылтаумен стоматологтың қабылдауына жазылуды кейінге қалдыра береді. «Ата-аналарға айтарым балаларды тіс дәрігерімен қорқытпаңыздар. Сүт тісті уақытында емдеңіздер. Оны дер кезінде емдеп, алдын алмаса, тістің түзу әрі түгел болуы екі талай. Сүт тістер баланың бет сүйегінің қалыптасуына және тістеміне (прикус) тікелей әсер етеді. Ол баланың толыққанды тамақтанып, шайнай алуы үшін қажет. Бұл тақырыпта өте көп айта беруге болады. Менің қабылдауымда балалардың ата-аналары да жанында отырады. Сол уақытта оларға көбірек пайдалы ақпарат беруге, сұрақтарына жауап қатуға тырысамын», — дейді Вера Михайловна.
Сондай-ақ, қордайлық балақайлардың сүйікті дәрігері инстаграм парақшасында да тіс күтіміне қатысты керек ақпараттармен жиі бөлісіп отырады.
Вера Михайловна саланың әр жаңа қырын үйренуден, ізденуден жалықпайды. Стоматологиядағы заманауи емдеу тәсілдері жайында бізге де айтып берді. «Cоңғы уақытта қалалы жерлерде тісті ауыртпай емдеу тәсілі кеңінен қолданылып келеді. Оның екі түрі бар, біреуі – жалпы жансыздандыру арқылы емдеу, яғни бала ұйықтап жатады, екіншісі – азот тотығы немесе седация деп аталады. Бұл анестезиологиялық емшара, оның көмегімен адам біраз босаңсып, ұйқылы-ояу күйге түседі, бірақ дәрігердің өтініштерін орындай алатындай есті күйде болады. Бұл тәсіл кіші жастағы, тынымсыз, дәрігерден қатты үрейленетін балалардың тісін емдеуге ыңғайлы. Кейбір ата-аналар осы әдістердің бала ағзасына зияны болмай ма, деп сұрап жатады. Одан қорқудың қажеті жоқ, барлығы жекелей, баланың ағзасына байланысты. Сонымен қатар бұл әдісті қолданбас бұрын дәрігерлер міндетті түрде анализ алады», — деп түсіндірді.
Өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адам бірден байқалып тұрады. Вера Демочко да мамандық таңдаудан жаңылмай, өмірінің маңызды бір кірпішін дұрыс қалай білген жан. «Пациенттерімнің алғысы мені одан әрі шабыттандырады. Тәтті балақайлардың жүздеріндегі мінсіз күлкі – менің жұмысымның жемісі болғанына қуанамын»,-дейді өзі.
Сәуле Мұхадинқызы